taza-kaz

Тарихтан сыр шерткен фильм


14.01.2025

Ботақара кентінің Мәдениет үйінде «Таста сақталған тарих» атты танымдық-деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Фильм авторы – белгілі өлкетанушы, білім беру саласының үздігі, мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқан.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Қазақстанды таңбалы тастар мекені деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі. Біз теңдессіз нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек» деген болатын. Осы бір сөзге арқау болған бұл фильм – республика бойынша қолға алынған алғашқы жобаның бірі. Қазақ халқының шежіресін, өмірі мен тұрмыс-тіршілігін, мақсат-мұартын кешегі күнен бүгінгі күнге дейін таспалап келген таңбалы тастарымыз - мемлекет негізінің әліппесі сынды. Ал аталған фильм тау-тасымыздың сан мыңдаған жыл сақтап жатқан тарихынан сыр шертеді. Фильм авторы Ақтоғай өңірін аралап, Сарыарқа даласының тарихи құндылығын ескерткіштерімен таныстырады.

Мәдениет үйінің залына жиналған көрермендер қатарында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Шаменов, аудан әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова, мәдениет үйінің, кітапханалар жүйесінің қызметкерлері мен ұстаздар қауымы, Ботақара кентінің тұрғындары болды. Жиналған көрермен тасқа басылған көне тарихты тамашалады.

 

Көрермен фильмді түсіруде атқарылған жұмыстың барысымен танысқанда таң қалды. Оған себеп бұл фильм кино әлемінде көп жылдық еңбегі бар арнайы мамандармен емес, автор мен Ақтоғай ауданының мәдениет бөлімінің қызметкерлерімен бірге түсірілген екен. Бірі мәтін оқып, бірі оператор, енді бірі монтаждаушы болып, фильмнің көрерменге жол тартуына себепкер болған.

Фильмде тарихи нысандар таныстырылып қана қоймай, жәдігерлер жайында алматылық, қарағандылық ғалымдардың пікірлері айтылады. 2 сағаттық фильмде Ақтоғай өңіріндегі тарихи қорымдардан бөлек үңгірлер мен кен орындары көрсетіледі. 100-ге жуық мүсін тастар жарты мыңға жуық таңбалы ескерткіштер жайлы ақпарат берген фильмді түсіруге Ақтоғай ауданының әкімдігі қолдау көрсеткен. Үлкен ізденіс, бағалануы керек үлкен еңбектің, кейінгі ұрпақ өз өлкесінің тарихын білсін, танысып-тануға қызықсын деген ізгі ниетте түсірілген фильмнің көрсетілімінен көрермен ерекше әсер алып, рухани азық тауып қайтты.

- Біздің орталық өңіріміздің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Туған өлкенің, тұтас елдің тарихын білуге қызығушылардың аз болуынан көп жәдігерлерміз іздеусіз, қараусыз, зерттелусіз қалып жатыр. Сол себепті де бүгінгі фильм үлкен еңбектің арқасында түсірілген деп айта аламыз. Фильм авторы осыншама құнды деректерді экранның ар жағынан көрерменге сол жерде тұрғанымыздай қылып жеткізе алды. Кино әлемінде біліктілігі жоғары деп танылып жүрген мамандармен емес, қарапайым қызметкерлермен осындай жоғары дәрежедегі фильм түсіру екінің бірінің қолына келе бермейді. Келер ұрпақ елінің, ата-бабасының жүріп өткен жолын, туып өскен жерінің тарихын біліп жүрсін деген ниетте түсірілген фильмнен рухани азық алып, ерекше күйге бөленіп қайттық, - деді бұқартанушы, өлкетанушы, ақын, жазушы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Қалиасқар Шыныбектегі.

 

Фильм көрсетілімінен кейін аудан әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқанға аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықты табыстап, иығына шапан жапты.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?