taza-kaz

Қаныш Сәтбаевқа арналды


24.12.2024

13 желтоқсанда Ботақара кентіндегі аудандық Мәдениет үйінде өмірден мән іздеген жан, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбай келіп, аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуге аудан әкімі Е.Құсайын, аудандық мәслихат төрағасы А.Әли, айтыскер ақын, профессор, жерлесіміз А.Жұмағұлов, С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің ұстаздары, кентіміздің мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Фойеде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің күшімен «Қаныш – сан қырлы дара тұлға», «Ғылым көкжиегіндегі дара тұлға» деген тартымды көрмелер қойылыпты.

 

Рухани шараны «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Саян Мұздыбай Иманжүсіптің «Абылай аспас Арқаның сары белі» әнімен ашты. Онан соң Айтбай Ботбайұлы:

- Биыл бәріңіз білесіздер, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде жылдың басынан бері аталып өтіп жатыр. Осы аңыз адамның атын иеленген Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте құрылтай дүбірлеп өттті. Қанағаңның ғылыми, шығармашылық, адамгершілік қасиеттері жан-жақты ашылып, республикалық ғылыми конференция орын алды. Бұл – Қаныштың ұрпақтарына тағылым, тәрбие, өнеге беру үшін керек. Қанекең - жер бетіндегі жақсы адам, ол өзінің жеке  басынан халқының мәртебесін биік қойған. У.Черчильге «Менің халқым менен де биік» деген. Қаныштың қаншама мұраларына зерттеулер жасалмаған. Қанышты танып білуге мыңдаған жылдар керек. Оның мұрасы ұшан-теңіз. Осы мерейтойға орай Баянауылда аламан айтыс, бәйге, кітаптардың тұсаукесері өтті. Бұқар жырау ауданына да Қаныштың лебі келді.

 

Ғалым, жас жігіт, қазақ даласында адал еңбегімен, Қаныштың барлық қадамдарын қаламммен жазып, Қаныш мұрасын насихаттауда аянбай еңбек етіп келе жатқан Санжар Керімбай, Қаныштың көзін көрген ел бар деп, Бұқар жырау ауданына ат басын тіреп келді. Жас ғалым, әр елдің өзінің әңгіме айтқышы, шежірешісі болса, Баянауылдың азаматы, топонимикалық атаулардың тарихын қат-қат тізіп, оларды насихаттаушы, Қаныштың әкесімен атасы араласқан, сыйласқан отбасының ұрпағы Ернар Кейкин де осы жерден табылып отыр деп, алғашқы сөздің кезегін ауданымыздың басшысы Ерлан Бейсенбайұлына берді.

Ерлан Бейсенбайұлы:

- Ауданымызға қош келдіңіздер, Бұқар  еліне келген қадірлі қонақтарға алғысымды айтамын. Қазақ ғылым академиясының бастауында тұрған Қаныш Имантайұлының ізі, алақанының табы қалған, осы кісінің шәкірті болған академик Арықтай Қайыповтың да 110 жылдық мерейтойына орай құрмет көрсетілді. Санжар Керімбайдың «Өзбекәлі және мәден майдан» кітабының жарық көріп, еліміздің тұрғындарының таласа-тармаса оқығанын бәріміз білеміз. Ғылымы дамымаған елдің болашағы бұлыңғыр, қаракөз балаларымыздың ортасынан әлі де Қаныштар шығатынына сенеміз, - деді.

 

Келесі сөз кезегін ҚарУ-ң оқытушысы, профессор Ернар Кейкин алды.

- Өкпе Дүйсембайұлы менің немере атам, Баянауыл өңірінің атақты құсбегісі, 1946 жылы «Қаршыға» кітабы шыққан екен, атам сол кітапқа еніпті. Сәтбаевтармен жақсы араласып, Имантаймен дос болады. Баянауылға 1958 жылы алғаш рет Мұхтар Әуезов келеді. Ол кісі келгенде мына жерді мен бұрын көрдім, әрбір тасы көзіме оттай басылды деген екен. Себебі екі досы Әлкей Хақанұлы Марғұлан, Қаныш Имантайұлы Баянауыл өңірі туралы керемет айтып беріпті. Енді екі күн бойы Мұхаңмен кім тең дәрежеде сөйлеседі деген сұрақ туындайды, сонда менің Мұхаметжан атамды лайық көріп, Сабынды көлі жағасында киіз үй құрылып, екі күн, екі түн бойы екеуі ағыл-тегіл әңгімелеседі. Ескі әңгімелерді, қиссаларды айтқан екен. Сонда риза болған Мұхаң «Алматыдағы академияға келіңіз, осы әңгімелеріңізді адемиктерге айтып беріңіз» депті. Алайда, атам жаман аурумен ауырып, бара алмапты, - деді. 

Санжар Керімбай «Өмірге ғашық болу», «Қуыс кеуде», «Қиса Сүл-әнбия», «Махаббатың мәні», «Қаныш және ғылыми майдан», «Логотерапия немесе өмірге құштарлық», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Мың бір түн» төрт томдығын, «Әлдиден Эпосқа дейін» кітаптарын шығарыпты. Осы кітаптардың барлығын өзімен ала келіп, кент тұрғындары оларды сатып алып, автордан автограф алып жатты.

 

- Қазақстанда кітап жазу оңай емес, менің кітаптарымның көбі Түркия мемлекетінде жазылған. Он бес республиканың ішінде ең көп кітап оқитын – қазақ халқы болған, бұл тікелей академик Қ.Сәтбаевтың ерен еңбегінің арқасы еді. 1996 жылы академия бір күнде жабылып, ғылыммен айналысу трендтен түсті, елде алдау мен арбау басталды. Оның барлығы бос тұрған ниша. Қараңғылыққа ұшыраған халық әмиян, топырақ сататын, қызыл жіп байлайтын, бақыт шақыратын блокнот сататындар адамдарға бет бұрып, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, оқытушылар өлген адамның рухымен сөйлесу туралы лекциялар оқуға ден қойды, - дейді. 

Билікті қолында ұстап отырған СССР-ң Орталық Комитеті Қаныш Сәтбаевты қазақ халқының жадынан өшіруге жанын салған екен. Оның ерен істері мен ерліктерін көрсету үшін әзірленген дүниелер жойылып кетіп отырыпты. Бұл – Алматыдағы Орталық Комитеттің дәліздері мен кабинеттерінде болған масқара жағдайлар, бұған Мәскеу қаласының ешбір қатысы болмағанын айтады жазушы. Сол кездегі жекелеген лауазым иелерінің күншілдігі, бақталастығы, іштерінің тарлығы, көре алмаушылығынан болған екен. Қазақты қазақ қылған, руханиятын қорғаған, жетім көрсе жебеген, өмірден қиындық көріп жүрген жандарға қолының ұшын созып жүрген, өз халқының жанашыры қылып шығарған Қаныш Имантайұлының қазақ ұлтының өмірінде алған маңызы үлкен.

 

«Қаныш және ғылыми майдан» кітабын жазуда жазушы Медеу Сәрсекемен Санжар Керімбай Астанада кездеседі. Ол кісінің үйіне барып, өз құлағымен естіп, көптеген Қанышқа қатысты ақпараттарды алады, сол үйден мен бәріңе Қаныш туралы шындықты жеткіземін, Қаныш Имантайұлының қазақты қазақ қылған, елімізді көркейту жолында істеген істері туралы, ол кісінің үстінен он бес жыл бойы жазылған арыздарды жинайды.

1931 жылы елімізде аштық басталғанда Қаныш Имантайұлы Қарсақбайдағы мыс қорыту комбинатында қызметте жүрген. Осы жерге келіп жығылған азаматтарды аман алып қалуға ол барын салады. Одан соң Баянауыл өңірінен де «Құтқар» деген жеделхат жетеді. Қаныш Имантайұлы шопырын алып, үлкен жүк көлікпен Баянауыл өңіріне тартады. Жол бойы жөңкілген халықты, өлген адамдардың мүрделерін көреді. Кеш түсе ауылына жетіп, орын алған жағдайға назар аударады. Ол жүдеу, халі мүшкіл балаларды ғана әкетеміз, бәріне машинада орын жоқ деген соң, інісі Тәрмізи мен он бала көлікке отырады. Жолай әпке жездесінің ауылына соғып, Ғалияның бес баласымен аштықтан өлгенін естиді, үйде шалажансар Кемел мен Рәшат бар екенін біледі.

Екі жиенінің көрер жарығы болып, Қаныштың көмегімен олар оқып, үлкен азамат болады. Есік қаласынан «Алтын адамды» тауып, бүкіл әлемді таңғалдырған атақты археолог Кемел Ақышев болады.

Адамның потенциалы жарылу үшін ол көптің қамын жеуі керек. Оның туған топырағы, табиғаты әсер етеді. Екіншісі тұқым қуалау, үшіншісі түскен ортасы, яғни социология. 

Құдайдың жаратқан азабын арқалау, жүрген жеріндегі адамдармен тіл табысуы, қазақ халқы үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегі – жас ұрпаққа үлгі мен өнеге.

Геологтардың ішінде Қаныш Имантайұлын алғашқы болып Русаков деген досы мойындаған екен. Ол да Томскіні бітіріп, Қанышпен бірге Орталық Қазақстанды зерттейді. Кейін АҚШ-қа ғылыми тәжірибе жинау үшін іссапарға кетеді. Ондағы 43 штатты аралап, геологиялық тәжірибемен танысады. Жезқазғанда 1931 жылы Қаныш Сәтбаевпен кездеседі.

Осы жылға дейін Қаныш Имантайұлы Жезқазғанның асты мен үстін зерттеп,  мінсіз анализдерге қол жеткізген екен. Айдалада болса да көптеген зерттеулер жасаған. Оның геология бойынша тапқан әдістері АҚШ геологтарының тәжірибесінен еш кем түспейді. 

Кен орнының бірнеше миллион тоннаға өсуіне қол жеткен соң, Қаныш Имантайұлына екі бірдей – Алматы және Мәскеуден үлкен қызметтер ұсынылады. Алайда, ол Жезқазғаннан ешқайда кеткісі  келмейді. Қаныш ағадан көмек сұраған адамдар да көп болыпты. Маңғыстауды құтқару операциясы Қазақ Ғылым академиясының президенті  Қаныш Сәтбаев пен Геология министрі Шахмарданның жоспарымен жүзеге асқан екен.  Ол ешқайсының қолын бос қайтармай, үстіндегі сырт киіміне дейін кигізіп, қолдарына ақша беріп жібереді екен.

«Қаныш 1941 жылы Алматыға келгенде бірден ғылыми майданды бастап кетті. Ол бұл сөзді жиі айтатын. Кейін 1945 жылы Ғылым академиясы құрылғанда да ол «Ғылыми майдан басталды, Ұрыста тұрыс жоқ. Енді аянбай еңбек етіңіздер» деп айтқан болатын дейді Ісмет Кеңесбаев атты азамат.

Барша Қазақ жеріне, қазақ халқына Қаныш Имантайұлының сіңірген еңбегі ерен. Ол даму саясатын жүзеге асыру жолында командалық әдіспен жұмыс істеген. Еліне жанашыр азаматтар бірігіп, Отаны үшін, ғылым үшін көптеген игі істер жасаған адам. Бес саусақ бір жұдырық болып жұмылып, оның елін дамыту жолында өзіне қарсы шыққан адамдарды да бауырына тартып, түрлі тәсілдерді пайдаланып, мыс өндіру жұмысын алға жүргізуі, елін көркейтуі, тәңірлік азапты арқалап жүріп, Қазақ елін әлемге танытуы, жүрген жерінде жақсылық жасауға жалықпауы, қиындықтардың барлығын нағыз азаматша жеңуі, елінің болашағын айқындауы, Қазақстанның алдыңғы қатардан танылуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасауы – біздің бүгінгі өмірімізді анықтады. 

Ұлттық руханиятымызды сақтап, елімізді осындай күнге жеткізген азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмауы керек. Қаныштың ізі қалған киелі жеріміз жайнап, жылдан жылға көркейіп келеді. Ауданымызға қарасты Үлгі ауылында Қаныш Имантайұлының қолымен егілген бақ желкілдеп, адамдарға қуаныш сыйлайды.  Ол кісінің көзін көрген, сөзін тыңдаған, сұхбат құрған адамдар ауданымыздың төңірегінде әлі де бар. 

Бүгінгі таңдағы әрбір қазақ отбасының, ұстаздардың парызы – Қаныш тәрбиелеп шығару, отбасындағы балаларына Қаныш оқыған кітаптарды оқыту. Балаларыңа орысша, шетелше есім қоймаңыздар дейді Санжар Керімбай. Мектепте қазақ тілін үйрететін мұғалімді төрге отырғызып, ағылшын тілі мен орыс тілінен сабақ беретін ұстаздар оларға шәй құйыңыздар дейді. Жас ұрпаққа қисса-дастандарды оқыту, бесік жырын айту көп пайда әкелетінін айтады.

Екі сағатқа созылған кездесу мәресіне жетті. Ауданымыздың әкімі Ерлан Құсайын сахна төріне көтеріліп, кездесуге келген азаматтарға қазақи дәстүрмен сый-сияпаттарын ұсынды.

 



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?