taza-kaz

Астанада топ жарды


23.12.2024

Желтоқсан айының 7-жұлдызында Астана қаласында «Алаш аманаты» домбырашылар мен вокалмен ән айту бойынша Халықаралық байқау өткен болатын. Әлеуметтік желіде жарияланған хабарландыру бойынша байқау туралы білген үлкенді-кішілі өнерпаздар осы аламанға дайындық жүргізді. Ұстаздарымен үнемі байланыста болды.

Қарағанды Университетінің филология факультетінің 3-курс студенттері Шыныбек Ағжан мен Сағиат Айболұлы осы байқауға қатысуға құлшынды. Ағжан Біржан салдың «Айтбай», Сағиат Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін дайындады.

Өнер жолы қиын жол екенін бәріміз білеміз. Қаншалықты өнерлі болсаң да, байқаулардан орын алмауың мүмкін. Осы күні Астана қаласындағы байқауда екі өнерпаздың да жұлдызы жарқырап жанып, олар туған-туысқандарын, оқу орнындағы ұстаздарын қуанышқа бөлеп, жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Наурыз айында жігіттер Стамбул қаласындағы ән додасына қатысатын болады. Ендігі уақытта оларға дайындық жұмыстарын жасау керек. Ән деген бір-ақ сәтте айтылатын, осы сәтте бір мүдірмей, вокалмен, әдемі жеткізілетін, тыңдаушысын шат-шадыман күйге түсіретін киелі өнердің түрі. 

 

«Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, екі әнші де қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқиды. Екеуі де домбыраны, гитараны жақсы меңгерген. Репертуарларында әндер өте көп. Таңды таңға асырып көрермен қауымға ән салып беруге дайын.

Қазіргі таңда ән көп. Адамның жасына байланысты сүйіп тыңдайтын әндері болады. Екі өнерпаздың репертуарында жастарға, орта жастағылар мен үлкен жастағы адамдар үшін айтылатын әндердің мол қоры бар. Бірге бастары қосыла қалса, отырған жерлері ән мен күйге бөленеді. Бірінің білмегенін бірі айтып, түсіндіріп, дайындықтарында пайдаланады.

Өнердің қиын жолында оқ бойы озып, алға шығып, жеңімпаз атану оңай емес.

Ән деген – ерекше бір әлем. Әрбір әннің сөзі мен әуенін тұла бойынан өткізіп, бірнеше жыл қатарынан сіңірген, кәусар тұнығына бойлаған өнерпаздардың әлі де болса үйренері көп. Оны өздері де мойындайды. Ағжан айтады:

 

 

- Балабақша кезінен бастап Абайдың, Қасымның, Бұқар жыраудың өлеңдерін жаттадым. Бұл бірінші қатысып отырған аламан емес. Ең алғашқы бас жүлдемді Бұқар жыраудың оқуларынан алдым. Әкем Қалиасқар Мықтыбайұлы үйдегі, мектептегі ұстазым болып, сан түрлі өнерді бойыма сіңірді. Домбыра тарту, дәстүрлі ән айтудан Жанар Батталова, Жазира Бимарденова, Саян Мұздыбай сынды ұстаздарым, жырдан Дидар Қамиев дәріс беріп, көптеген дүниелерді үйретті. Осы кісілерге алғысым шексіз. Болашақта қобыз тартуды үйренгім келеді, - дейді. 

Жер шоқтығы Көкшетау,

Тал, қарағай, бақша бау.

Бауырында сексен көл,

Иісің жұпар аңқиды-ау, -

деген ән жолдары Көкшетау өңірінің сұлу табиғатының көріністерін көз алдымызға үзік суреттерімен әкеледі. Жүрекке қуаныш, қиялға ерекше шабыт сыйлайды. Студенттердің кураторы Бибі Ерғазықызы Сыздықова былай дейді:

- Студенттеріміздің екеуі де өте білімді, өнерлі, білімі мен өнерін қатар алып жүре алатын, жауапкершілігі зор, оқуда озат, достарының арасында беделді, университеттің қоғамдық іс-шараларына белсене араласатын, оқу тобының арасында беделі жоғары студенттер. Астанадан үлкен жетістікпен келгендеріне өте қуаныштымыз, алдағы Стамбул қаласында өтетін байқауда екеуіне де сәттілік серік болсын, - дейді. 

Сағиаттың өнеріне тәнті болып, әндерін сүйсіне тыңдаймыз. Анаға деген құрмет, жас адамның жүрегінде бүр жарған алғашқы сезім, жастар қаласы Алматыдағы әпкесі мен бауырына деген сағынышы, әкенің өр тұлғасына арнап айтқан әндерінен мына буырқанған өмірдегі қиындықтарды жеңуге күш аламыз. Өнерің өрге жүзсін, жас талант демекпіз.

Өнер десе, ән десе ішкен асын жерге қоятын жастарымыздың көбейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Республикамыздың көптеген қалаларында түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Осындай аламанға белсене қатысып, топ жарып, мерейлері үстем болып қайтқан әншілерімізге наурыз айында Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында топ жарып, оқ бойы озық болып келулеріне тілектеспіз.

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?