taza-kaz

Асқақ арманды Аңсар


12.12.2024

Жерлесіміз, доскейлік дарынды жігіт, жас әнші, кәсіпқой мобилограф Аңсар Әбдірахман отандық жоба «Жас қанат. Балалар-2024» байқауына қатысып, жүлделі 3-орынға ие болды.

 

«Жас қанат» жобасының арқасында талай отандық жұлдыздарымыз танылып, өнер әлеміне жолдама алған еді. Сол аңызға айналған «Жас қанат» байқауының тарихындағы жаңа бағыт болып отырған жоба еліміздің болашақ жұлдыздарын танытпақ.

Биылғы жылы екінші мәрте ұйымдастырылып отырған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 130-ға жуық дарынды балалар қатысты. Байқау ерекшелігі - қатысушылар әнді оркестрдің сүйемелдеуімен орындап шықты.

Республикалық деңгейдегі байқауға Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылының атынан шыққан өнерлі жігітіміз «Жұмақ мекен» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен орындап шығып, қазылар алқасының үздік деген бағаларына ие болды.

- Мен 9 жылға жуық уақыт вокалмен айналысып келемін. Былтырғы жылы бұл жоба жайлы білмегендіктен қатыса алмадым. Биыл естіп қатысып отырмын. Ұстазым, жетекшім Г.Абдуалиевамен дайындығымызды жүргізіп, байқаудан 3-орын алып отырмын. Біздер өзіміз таңдаған әнді оркестрдің сүйемелдеуімен жанды музыканың сүйемелдеуімен орындадық. Ән – бұл адамның жүрегіндегі сезімді үн, дауыс арқылы жеткізе алатын өнер түрі. Әр әнімді жүрекпен орындауға тырысамын. Алдағы жылы республика деңгейінен бөлек, әлемдік деңгейдегі байқауларда бағымды сынап көрсем деген арман-мақсатым бар. Алдағы 5 жыл мен үшін балалықтан ересектікке қадам басатын өтпелі кезең болатындықтан, дауысымда белгілі бір өзгерістер болуы керектігіне байланысты көп байқауларға қатысудан тоқтала тұрамын,- дейді Аңсар.

Ата-анасының ақ батасы мен қолдауы, ұстаздарының берген білімімен қанаттанып биік шыңдарды бағындырып жүрген 13 жасар Аңсар Әбдірахман бүгінде инстаграм парақшасын дамытып, әншілікпен қатар мобилография саласын алып жүрген білікті маман. Небары 12 жасында мобилография саласында 1 миллион табыс тапқан жігіт.

Өзінің қатарластарынан әлдеқайда дамыған, ерекше зейіні бар, белгілі бір іс-әрекет бойынша асқан қабілеттілік танытып, жоғары жетістіктерімен дараланып жүрген Аңсар Әбдірахман ауданымыздың ғана емес, еліміздің жарық жұлдызы боларына сенеміз. Баласына тәңірі сый қылып берген талантын өшіріп алмай, қолдап-қолпаштап жүрген ата-анасы, ұстаздарының демеуі Аңсарды биік белестерге жетелері анық.

 

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?