taza-kaz

«Ғалымның хаты өлмейді»


12.12.2024

Саналы ғұмырын еліміздің жарқын болашағына арнаған, қиындықтар мен тартыстарға мойымай, терең білімі мен кәсіби біліктілігі, жоғары адами қасиеттерімен талайларды мойындатқан геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚазКСР ҒА-ның профессоры, академигі, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Үлгі ауылының тумасы Арықтай Қайыпұлы Қайыповтың 110 жылдық мерейтойы аудан сахнасында ерекше сән-салтанатпен өтті.

 

Қазақтың қасиетті жері – ұлы тұлғалардың дүниеге келіп, халықтың рухани және мәдени дамуына үлес қосқан айрықша мекен. Бұл топырақтан шыққан тұлғалар ел тарихында өшпес із қалдырған, ал олардың есімдері халықтың жадында мәңгі сақталған. Сондай аңыз тұлғалардың бірі - Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болса, ал екіншісі сол атақты ғалымның ізбасары - Арықтай Қайыпұлы Қайыпов.

 

Қазақстан ғылымының негізін қалап, ұлт кадрларын дайындаған даңқты тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шарапатын көріп, ізін жалғастырған тікелей шәкірті, жерлесіміз Арықтай Қайыпұлы Қайыповтың есімі Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыста- рына мәлім болғанымен, өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне - аудан жұртшылығына бүгінгі күнге дейін беймәлім болып келген. Мерейтойы туралы алғаш дабыл қағып, мақалалар жазып, болашақ ұрпаққа насихаттап, тынымсыз еңбек етіп, халыққа жүйелі, сауатты жеткізуді өзіне парыз еткен аудандық орталық кітапхана әдіскері - Майгүл Насырқызы Асқарова.

 

Майгүл Насырқызы Үлгі ауылы мен Алматы қаласындағы туыстары мен көзкөргендермен хабарласып, арнайы барып жолығып, одан өзге Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана- ларына шығып, жинаған фотосуреттер мен деректерден ақпараттық фото көрме жасап, мамыр айында Үлгі ауылында аудандық мәслихатпен бірлескен «Көшет егу - көшелі іс» экологиялық акциясын, одан кейін аудандық кітапханада «Ұлылар ұлағаты ұмытылмайды» атты сұхбат-кездесу кеші шараларын ұйымдастырғаны дүйім жұртшылыққа белгілі. Мұндағы мақсат көрнекті жерлес тұлғаның ерен еңбегін өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету, тағылымды өмір жолын таныту еді.

 

Міне, осы жыл бойы жүргізілген жұмыстардың қорытындысына және ғалым Арықтай Қайыпұлына арналған «Ғалымның хаты өлмейді» атты кеш желтоқсан айының 6-сы күні кітапхана бастамасымен, аудандық әкімдіктің қолдауымен мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Қазақтың маңдайына біткен ғалымның мерейтойына қатысу бақыты маған да бұйырған екен. Халықтың осы шараға көңіл-қошымен жиналуы кеудеме қуаныш ұялатты. Ондағы үлкенді-кішілі жерлестеріміздің лек-легімен жиналуы бірден көзіме оттай басылды.

Шараға келген халық арнайы фойеде ұйымдастырылған «Үлгіден шыққан академик – жерлесіміз Арықтай Қайыпов» атты көрмені тамашалап, «Үлгіме бұл әлемде жер жетпейді», «Ағаш жапырағымен мықты, адам отбасымен қуатты», «Ғылымды сүйсең, ұлылыққа бастар жолды сүйдің», «Қаныш Сәтбаевтың нағыз шәкірті», «Еңбекпенен жеткен биік белеске», «Есімі – ел есінде», «Жазылған естеліктер ол туралы» деген тақырыптық бөлімдерге топтастырылған фотосуреттер, кітаптар мен әр жылдары жарық көрген мақалалардан академик ғалымның туған жері, отбасы мен ұрпақтары, ғылымға келуі, жетістіктері туралы ақпараттарға қанықты. 

Көркем шараның шымылдығы «Рухы биік ұлы дала ұрпағы» әдеби-сазды қойылымымен айқара ашылып, «Руханият» қосымша білім беру орталығының домбырашылар ансамблі Диас Ғабдолланың жетекшілігімен «Дала рухы» күйін күмбірлетті. Одан кейін ақын Ержан Имаштың «Жерлестерім» өлеңін Байқадам, Көкпекті, Шалқар ауылдарының мәдениет және кітапхана қызметкерлері Нұркен Мұратұлы, Марианна Өскембаева, Гүлжауһар Сайлау, Гүлнұр Сырбаева, Сабыржан Увалиев, Айбар Жаңбырбаев көпшілікке паш етті. Өлеңнің мазмұны мен сахналық безендірудің үйлесімі әрбір көрерменге туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілік сезімдерін ұялатты.

 

Кештің сценарисі әрі жүргізушісі Майгүл Асқарова ортаға шығып, кешке арнайы келіп қатысып отырған Арықтай ағаның ұрпақтарымен және туыстарымен таныстырып өтті: адвокат-нотариус, ғалымның жиені Каюпова Юлия Арықтайқызы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдірахман Бәркенұлы Кулов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ Қоғамдық денсаулық, биомедицина және фармация мектебінің профессоры Дүйсентай Бәркенұлы Кулов, отставкадағы майор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінен құрмет демалысына шыққан зейнеткер Ахмадин Айдар Қайсарұлы, А.Қайыпов атындағы шаруа қожалығының басшысы Азамат Қайдарұлы. Осы кештің құрметті сыйлы қонағы ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Egemen Qazaqstan» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым.

Келесі кезекте Үлгі ауылының тумасы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, PhD доктор, профессор Асылбек Қалкенұлы Зейниденов геология саласына өлшеусіз із қалдырған жерлесіміз А.Қайыповтың өмірі мен ғылымға қосқан еңбегі туралы баяндамасын оқыды. Ол өзінің баяндамасында Қазақстан ғылымының қазіргі деңгейін зерттеп-зерделеп, ғылымның ары қарай даму жолын айқындай түсті. Қаныш Сәтбаев пен Арықтай Қайыпов сынды ғалымдар әрбір ауылдан түлеп ұшуы әбден мүмкін дей келе, ауылдардың қазіргі жағдайы мен ауыл халқының күннен-күнге сиреп жатқанын көңілі құлазып жеткізді. Сөз соңында аудан жұртшылығына алғысын білдіріп, қазыналы кітаптарды аудандық кітапхана қорына сыйға тартты.

Үркердей ғана Үлгі ауылынан қанаттанған бес журналист болса, соның бірі ғалым туралы насихаттап «Арықтайдың аты ардақталса» атты мақала жазған қаламгер, ғалымның көзін көрген ауылдасы, осы шараны ұйымдастыруға ат салысқандардың бірі Ержан Мәзұлы Имаштың ғалымның рухына арнаған «Арықтайға» өлеңі халықтың жүрегіне тебіреніс сыйлады.

Осы ауылдың тумасы, биыл туғанына 80 жыл толып отырған журналист Шайхан Жандаевтың сөзіне жазылған Шалғынбай Төлеубаевтың «Үлгім менің» әні аудандық мәдениет үйінің «Самал» тобының өнері бір әсерлі сәтке айналып, жеке дауыста Еркебұлан Қалиев өзінің жүрекжарды орындауымен тыңдарманға жеткізді.

 

Содан соң Үлгі ауылынан шыққан, қазіргі таңда қоғамға қызмет етіп жүрген ауыл азаматтары мен академиктің туыстары – Әбдірахман мен Дүйсентай Куловтарға сөз кезегі берілді. Арда азаматтар біраз қымбат естеліктерімен бөлісіп, академик Арықтай Қайыповтың есімін қайта жаңғыртты.

Осы кешке арнайы шақырылған Сарыарқа ауылының жас өнерпаздары, жақында Алматы қаласында ҮІ рет өткен «ProТанцы.kz» халықаралық би чемпионатының жүлделі 2-орнын қанжығаларын майлаған «МиксДэнс» би тобы, көркемдік жетекшісі Диляра Таңғышбаеваның жетекшілігімен «Алаш аманаты» биімен шараға ерекше үйлесімділік пен жарасымдылық сыйлады.

Жүргізушінің ғалым А.Қайыпов туралы слайд-презентациямен берілген қызықты ақпараттарынан кейін Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Жасұлан Хамитов «Қайран Үлгі!» атты өлеңін арнады. Авторлық туынды көрермендерге ерекше әсер қалдырып, тыңдаушылардың рухани әлеміне терең бойлады.

Артында қалған ұрпақ – оның тірі хаты, рухани жалғасы. Бұл қасиетті аманаттың үзілмей, жаңа ұрпақтармен жалғасқаны қуанарлық жағдай. Аталмыш шараға сонау Алматыдан арнайы келген ғалымның жиені Юлия Каюпова өзінің көңіліндегі тебіренісімен бөлісіп, атасының бойында болған ар, адамдық, адалдық сынды қасиеттерін әңгімелеп, барша ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Одан кейін Лос-Анджелесте тұратын Мәлік Арықтайұлының ұсынысымен және демеушілігімен жерлес академик Арықтай Қайыпұлы Қайыповтың 110 жылдық мерейтойына орай 11-сынып оқушылары арасында аудандық білім бөлімімен ұйымдастырылған «Мен болашақта кім болғым келеді?» эссе-байқауының қорытындысын жариялап, 50 мың теңге ақшалай сыйлық пен дипломдарды табыстап, дарынды оқушылардың мерейін үстем етті: Көкпекті жалпы білім беру мектебінен Ханат Сұлужан, Үштөбе тірек мектебінен Ерланқызы Жанерке, Ростовка тірек мектебінен Бахытжанқызы Жанерке, Ибраева Толғанай, А.Байтұрсынов атындағы мектептен Қайыпова Іңкәр, Тілегенова Жансезім, С.Торайғыров атындағы мектептен Болатова Айзия, Байдельдинова Аружан, Айтбай Аружан, Ж.Аймауытов атындағы мектептен Бахытжанұлы Иманғали,  Заречный жалпы білім беретін мектептен Демит Айғаным.

«Ұстазсыз – шәкірт тұл» демекші, одан кейінгі кезек білім саласына қосқан үлесі мен саналы болашақ тәрбиелеуде кәсіби біліктілігін танытқаны үшін аудандық білім бөлімі ұсынған 4 ұстаз ғалымның ұрпақтары тағайындаған 100 мың теңге ақшалай сыйлық пен және алғыс алғыс хаттармен марапатталды. Олар: Ә.Марғұлан атындағы ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботакөз Сағындыққызы Сембаева, А.Байтұрсынов атындағы ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мерей Ерланқызы Қайратова, Ж.Аймауытов атындағы ЖББМ мұғалімі Салқын Жақсыбайқызы Баяхметова және Ю.Гагарин атындағы ЖББМ математика пәнінің мұғалімі Ербол Айболат.

Қорытынды сөз аудан әкімі Ерлан Құсайын мырзаға беріліп, ол өз кезегінде шалғайдан келген меймандарға шексіз алғысын білдірді. Сонымен қатар, ол барлық қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады. Ерлан Құсайын мырза А.Қайыповтың ғалым болып қалыптасуына Қаныш Сәтбаевтың маңызды рөл атқарғанын және ұстазына соңғы демі қалғанша адал болғанын айта келе, осы ретте А.Қайыповтың мұрасы мен еңбектерін жоғары бағалап, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

Арықтай ағадай тектінің ұрпағы Юлия Каюповаға аудан басшысы қазақтың бағзы замандардан бері үзілмей келе жатқан ата салты, дәстүрі бойынша өз қолымен иығына шапан жауып, сый-сыяпат жасады.

 

«Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстаздары Медет Қалиев, Айдар Ержанов, Тәттігүл Сағандықова, Ақзер Мұхаметқали сынды өнерпаздар Ш.Сариевтің сөзіне жазылған Ә.Бушукованың «Өмірге ғашықпын» әнін орындап, қорытынды кештің сәтті аяқталуына үлес қосты. Орындаушылардың кәсіби шеберлігі кештің соңғы сәтінде ерекше әсер қалдырып, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті.

Қазақ халқының «Ғалымның хаты өлмейді» деген дана сөзі бар. Бұл ұғым адамзаттың рухани, мәдени және ғылыми дамуының терең мағынасын ашады. Арықтай Қайыпов ағамыз да осы ұлы ұстанымның жарқын үлгісі. Ұлт мақтанышының артында қалған мұрасы мен идеялары халқымыздың рухани байлығының ажырамас бөлшегі ретінде жасай бермек. Ғалымның өмірі аяқталса да, оның рухы мен хаты халқымен бірге мәңгі жасайтын болады.

Гаухар Манкеева,

Ростовка ауылдық кітапханасының

кітапханашысы

 

Д.Торжановтың суреттерінде: әсерлі шараның тарих бетінде қалған көркем сәттерінен көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?