taza-kaz

Балалық шақтың балғын суреткері


26.11.2024

Қараша айының 19 жұлдызында С.Торайғыров тірек мектебінің акт залында аудандық балалар кітапханасы биылғы жылы ел болып оқуға ұсынылған «Бір ел - бір кітап»  акциясы аясында таңдалған, балалық шағын боямасыз суреттеген балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Балалық шақтың балғын суреткері» атты әдеби сазды-кешін  өткізді.

Б.Соқпақбаев әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Оқысаң еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелейді. Лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзің күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлерімен жадыңда жатталып қалады... Ұлтының алдында балалық шақты риясыз, бұқпасыз-боямасыз, шынайы суреттеген Бердібек Соқпақбаев халық арасында «Балалық шақтың балғын суреткері» ретінде мәңгі есте қалды.

 

Атаулы кеште жыл бойы жазушының шығармашылығына бағытталған түрлі шаралардың жиынтығынан құралған жарқын нөмірлер көрсетілді. Сонымен қатар «Балалық шақтың балғын суреткері» атты жазушының шығармашылығына арналған дәстүрлі емес форматтағы кітап көрмесі құрылды. Көрмеге кітапхана қорында бар 10-ға жуық кітабы мен ол туралы баспа беттерінде жарияланған  мақалалар жиынтығы, сондай-ақ «Менің атым Қожа» кинофильміне арналған кино-лента дидактикалық материалы қойылды. Көрменің ортасына жазушының  үлкен форматтағы портреті, сол заманда қолданылған баспа машинасы, сағат, айналмалы телефон және сол жылдары қолданылған ескі киім ілгішке костюм ілінді. Түрлі экспонаттардан құрылған көрме әрі ақпараттық мазмұн арқаласа, әрі фотозона қызметін атқарып тұрды. Сонымен қатар  көрермендердің назарына «Қожа болып көр» кино-фото инсталляциясы құрылды. Балалар оның аясында суретке түсіп, түрлі образдар сомдауға мүмкіндік алды. Әсіресе балаларды жұлдыздар жүріп өтететін «қызыл жол»  қызықтырды. Осылайша әр бала актер болып көру мүмкіндігіне ие болды.

Актер демекші, кештің шымылдығын атаулы мектептің 6-сынып оқушысы, кейінгі жылдары жас актер ретінде танылып, түрлі кинофильмдерде бой көрсетіп жүрген Тілеубек Әлидің орындауындағы жазушының «Балалық шаққа саяхат» кітабынан алынған «Жетімнің» монологын оқумен ашылды. Көрермендерге шынайы сезім мен эмоция сыйлаған ол шараның мәнін келтірді. Қызықтың көкесі кейін басталды, балалар Бердібек Соқпақбаевтың өз дауысы таспаланған бейнесұхбатты тамашалады. Онда ол өзінің балалық шағы мен шығармалары туралы сыр шерткен еді. Ал тыңдарман көрермен болса «дауысы  жұмсақ адам болыпты», «демек жақсы адам болған ғой» деп топшылап жатты.

Одан әрі сахна төріне кішкентай өнерпаздар, атаулы мектептің 3-сынып оқушылары Айсана Қанатова, Асмира Бекмұратова, Рамазан Исатаев, Мирас Нұрланбек балалар әдебиетіне ең алғаш өлеңдерімен енген Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқыды. Олар ақынның «Саққұлақ», «Жаз», «Күшігім», «Маса» өлеңдерін көпшілік оқырманға танытты. 

Кішкентай өнерпаздардың тәтті өлеңін «Еркесамал» триосының «Бақыт деген» атты әні жалғады. «Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған кішкентай ханшайымдар, көрермен қауымды билетіп жіберді. Тап осы залда отырған әр көрермен өзінің балалық кезін сағынғаны сөзсіз, ал сол шақты басынан өткеріп жатқан балапандар сыңғыр-сыңғыр күлісіп жатты.

Ендігі кезек жазушының әлемге танымал болған шығармаларын насихаттау туралы болмақ. Мысалы, Ю.Гагарин орта мектебінің 5-сынып оқушылары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі желісінен Майқанова апайдың сөмкесінен бақа шыққан сәтінен үзінді қойса, «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы қазақ тірек мектебінің 5-сынып оқушылары  жігерлі талабының арқасында 16 жасында бокстан әлем чемпионы болған Мұрат Батырбаевтың тағдыры баяндалған, жазушының ең алғаш «Он алты жасар чемпион» атымен жарық көрген, кейін «Жекпе-жек» атауымен қайта жарыққа шыққан шығармасы желісімен үзінді қойды.

Түрлі өнер көрсетіп шаршаған балақайлардың көңілін көтеру үшін «Quiziz»   интеллектуалды ойыны ойналды, сұрақтарға жауап берген  қатысушыларға естелік сыйлықтар таратылды.

2024 жылдың тамыз айында Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасына арналған буктрейлер байқауын жариялаған болатын, атаулы байқауда жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар марапатталды. ІІІ-орынды Аңсаған Мейрамқызы, ІІ-орынды Айлин Елтаева, І-орынды Аида Амантаева иеленді. Жеңімпаздарға сыйлықтар мен марапат қағаздары табысталды.

Кеш соңында көрермендер мен қатысушылар  бірігіп, «Бала махаббат» әнін әуелете шырқады. Жалпы, жыл бойы балалар кітапханасында «Бір ел - бір кітап»  акциясы аясында 8 іс-шара өтіп, 150-ге жуық оқырман қамтылған. 

Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз, - деп жазған Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда дүниеге келді. Туған өлкесі – Алматы облысының Нарынқол ауданының Қостөбе ауылы.

Әкесі қарапайым малшы болған, оқымаған жан болса да ауыз әдебиеті үлгілерін көп білген дейді. Балаларының анасы көз алдында дүние салды. Ол кезде Бердібек небәрі сегіз жаста болған. Бұғанасы қата қоймаған ол бала күнінен ауыр еңбекке жегілді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі қазақ даласындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің зардабын шекті.

 

Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін түсіп, оны 1949 жылы аяқтады. Содан кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.

Институт бітірген соң Бердібек Бәшен атты қызға үйленді. Аз уақыттан кейін ол шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Еңбек жолын өзінің туған өлкесі Нарынқолда бастады. Біраз жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті.

Балалармен бірге жұмыс істегені оның балалар әдебиетіне тың серпіліс әкелуіне ықпалын тигізді. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Олар “Лениншіл жас”, “Қазақ пионері”, “Пионер” журналдарында басылып тұрды. 1950 жылы “Бұлақ” атты жыр жинағын шығарған.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?