taza-kaz

«Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі байқауы өтті


14.11.2024

Ел бірлігі мен сөз шындығын ту еткен әйгілі жырау, ойшыл дана, «Көмекей әулие» атанған көреген қайраткер Бұқар жырау Қалқаманұлының жалынды жырларын, асыл мұрасын дәріптеу, жыршы-жыраулық дәстүрді жаңғыртып насихаттау, ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухында тәрбиелеу, халықтың рухани, мәдени мұраларын келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған байқау биыл да өз жалғасын тапты. 29 қазан күні аудандық мәдениет үйінде Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі XVІІ аудандық байқауы өткізілді. Атаулы күні баба ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.

 

- Биылғы байқау өте жоғары деңгейде өтті. Әр өңірден жалпы саны 56 адам қатысты. Байқау әдеттегідей төрт түрлі жанр бойынша жүзеге асты. Ел игілігі мен руханияты үшін ұйымдастырылып жатқан  шараға жиналған халықтың да қарасы көп болды. Байқауға келген қатысушылар мен көрермендер байқауды ғана емес, сонымен қатар аудандық кітапхана мен аудандық музейдің атаулы тақырыпта ұйымдастырған көрмелерін тамашалап, ең алғашқы ұйымдастырушылар мен қатысушылар туралы құнды ақпараттарды тамашалды, - дейді  Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айжан Мұратхан.

Өлкемізде осыдан 17 жыл бұрын қарапайым ұстаз, қадірлі адам Қалиасқар Шыныбектегінің ұсынысымен, өлкесінің сүйікті қызы әрі жанашыры, сол кезде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы Шибаеваның қолдауымен басталған бір ғана жанрлы «Бұқар жырау оқулары» бүгінде 4  кезеңнен тұратын «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі байқауына айналған.

 

Биыл аудандық байқауға жаңа дем беріп, өзінің орамды ойымен, тағылымды толғамымен  Ерлан Құсайын да қатысты:

- Шын мәнінде қазақтың тарихында қиын-қыстау, қилы кезеңдер өтті. Сұрапыл соғысты да, алапат ашаршылықты да, арқаның даласы ақ сөңке сүйектен көрінбей қалған сұмдық   залал кезеңдерді де бастан өткерді. Қазақ даласында азаттық аңсаған баһадүр бабаларымыз тәуелсіздік жолында талай ерлік іс жасады. Ер етігімен су кешті, ат ауыздығымен су ішті. Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын деген замандарды басынан кешірді. Бұл кезеңдердің ішінде ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер де болған. Солардың бірі, бірегейі, есімі талай көшелерге берілген, еңселі ескерткіштері  талай шаһарларда бой көтерген, жыры атадан балаға, ауыздан ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен Бұқар бабамыз десек артық айтқандығымыз емес.

Бүгінгі жаһандану заманында ұрпақ тәрбиелеу мәселесі тоқырағаны  мәлім. Балаға  балапан шағынан ұлттық өнердің мәйегі саналған ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, жыр-дастандарды жаттату аса маңызды. Ауданымыздың әрбір өңірінің өрендері, жас балалары Бұқар бабаның әрбір шығармасын жатқа біліп, оны тек оқып қана қоймай, көңіліне тоқып өссе, еліміздің елеулі азаматтары болып шығатынына мен сенімдімін. Сол жолда еңбек етейік, сол жолда бірге болайық, - деді өңір басшысы.

Тағылымды шараның шымылдығы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері қойған тарихи қойылыммен ашылды, одан әрі бүгінде талай додаларда дес бермей жүрген «Гүлдер» би ансамблінің қазақи биі сахнаның сәнін келтірді. Ол уақытта от ауызды, орақ тілді қатысушылар сақадай сай еді. 

4 кезең бойынша бақтарын сынаған жас өнерпаздардың өнерлерін сараптап, қорытынды шығарған қазылар алқасының құрамында Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары  Әлия Елубайқызы Шайкенова, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматшасы, «Мәдениет қайраткері» Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы Шибаева, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Ботпайұлы Жұмағұлов, «Руханият» қосымша білім беру орталығының оқу ісінің меңгерушісі Ақмарал Әзімбайқызы Есіргепова, орталықтандырған кітапхана жүйесінің директоры міндетін атқарушы Гүлайым Қабдуалиқызы Жұмкенова болды.

Байқау қатысушылары Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр-толғауларын жатқа айту мен орындаудан және жыраулар поэзиясы үлгісінде жазылған өз өлеңдерін оқудан сайысқа түсті. Қазылар алқасы бағалау барысында жыраудың қанша жырын білетініне, сахналық мәдениеті, оқу және орындау мәнеріне мән берді.

«Бұқар жырауша» аталымында сайысқа түскен ақындар өз туындыларын жырлау поэзиясы үлгісінде жазып, өзекті мәселелерді көтеруге тырысты. Мұнда I орынды С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің оқушысы Абзалбекова Эльза (диплом, 40 мың тг.) мен «Руханият» қосымша білім беру мектебінің шәкірті (диплом, 40 мың тг.)  Әділ Әбдірахман  бөліссе; ІІ орынды Киров негізгі мектебінің намысын қорғаған Аманжол Әйгерім иеленді (диплом, 35 мың тг.), ІІI орынды Шешенқара орта мектебінен Орал Аяла (диплом, 25 мың тг.) және «Мирас» қосымша білім беру мектебінен Коля Аружан  (диплом, 25 мың тг.) бөлісті.

«Бұқар жырау оқулары» номинациясында жыраудың жыр-толғауларын мәнерлеп оқып сайысқандар арасынан І орын – Жетей Біржан Шешенқара орта мектебі (диплом, 40 мың тг.), І орын – Жомарт Айару Сарытөбе негізгі мектебі (диплом, 40 мың тг.), ІІ орын  Әділбек Арда Алғабас ауылы (диплом, 35 мың тг.), ІІ орын – Мәлік Тілек «Руханият» қосымша білім беру мектебі (диплом, 35 мың тг.), ІI орын – Хиса Асылжан Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі (диплом, 25 мың тг). ІІІ орын – Дүйсенбай Сезім «Руханият» қосымша білім беру мектебі (диплом, 25 мың тг.), ІІІ  орын – Тілеубеков Әли С.Торайғыров атындағы тірек мектебі (диплом, 25 мың тг.)

«Әлемді түгел білсе де» аталымында өзге ұлт өкілдері жырау шығармаларын қазақша, орысша және өз тілінде жатқа мәнерлеп оқып,  II орынды Гарипов Дмитрий  Рафисович Амангелді орта мектебі (диплом, 35 мың тг.), ІІІ орынды Сюй Алан Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектебі (диплом, 25 мың тг.) иеленді.

«Жыршы-жыраулар сайысында» қатысушылар Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр-толғауларын белгілі бір аспапта мақамға салып орындады. Бұл сында І орын – Дәурен Дарын «Мирас» қосымша білім беру мектебі Бұқар жырау атындағы жыршы-жырау мектебі (диплом, 40 мың тг.), ІІ орын - Мұхаметқали Қуаныш Мақсатұлы Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің нұсқаушысы (диплом, 35 мың тг.), ІІI орын Ербол Илла «Руханият» қосымша білім беру мектебі (диплом, 25 мың тг.), ІІI орын- Шыныбек Ағжан ҚарУ-нің студенті (диплом, 25 мың тг.) бұйырды.

Барлық байқауға қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар (8 мың тг.) ақшалай сыйақы табысталды.

«Бұқар жырау оқулары» номинациясы бойынша қатысып, ІІ орын иеленген Мәлік Тілек  бүгінде баба атын асқақтатумен қатар, ұлттық өнер айтыс айдынында да бағын сынап жүрген жас талант. Ол «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Қамиевтің шәкірті және аудандық һәм облыстық мәнерлеп оқу байқауларының жүлдегері. Бұқар жыраудың 40 туындысын жатқа біледі.

- Мен кішкентай кезімнен өнер жолына қызықтым. 13 жасымнан бастап Дидар Қами ағамыздың жыршы-жыраулар сыныбына оқуға түстім. Дидар ұстаз маған өнер жолында да, өмір жолында да бар білгенін үйретті. Алғашында Бұқар жырау бабамыздың толғауларын жаттап жүрдім, аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүлделі 1-2 орындарға иеленіп, жақсы көрсеткіш көрсеттім. Биыл міне, ІІ орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алдым. Қазіргі мақсатым - облыстық кезеңде жақсы өнер көрсетіп, 1-орынға ие болсам деймін. Қазіргі таңда Бұқар жырау Қалқаманұлының 40 толғауын жатқа білемін. Кейін жақсы тәжірибе жинап, айтысқа да көңіл бөле бастадым. Алғашқы айтысымда аудандық кезеңде де, облыстық кезеңде де 1 орынға ие болдым. Айтыс арқылы көптеген тәжірибе жинадым. Айтыспен біраз жерге барып өнер көрсеттім, оның ішінде Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан секілді қазақ елінің әсем қалаларына саяхат жасадым. Қазақстанның әйгілі айтыскерлерінен бата алып, әрі қарай дайындығымды жалғастырудамын, - дейді жас талант.

 

Осы күні  олжалы болғандардың бірі Сарытөбе негізгі орта мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиетінің» ұстазы Еркін Мейрамгүл. Өзінің ойлы да озық шәкірттерімен мақтана отырып, сұхбат берді.

- Негізі мектебімізден 1 ғана шәкіртім алғаш рет қатысты. Ол 5-сынып оқушысы Жомарт Айару. Айару Бұқар бабаның 22 өлеңін жатқа біледі. Негізі алдыңғы жылдары да шәкірттерім атаулы байқауға қатысып, жүлделі орындар алып жүрген. Ол оқушыларым мектеп бітіріп кетті. Осы байқауда мектепті бітіріп кеткен оқушым қатысқанын көріп, шын қуандым. Сонымен қатар, туған бауырым да жүлделі орын алып, облысқа жолдама алды. Осылайша қос жолдаманы құшақтап қайтқалы жатырмыз. Шәкіртім Айару да облысқа жолдама алды. Алдыда жауапкершілікке толы күндер мен  толассыз дайындық күтіп тұр. Ол жақтан да жүлдесіз оралмайтынымызға сенемін, - дейді жігерлі ұстаз. 

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?