taza-kaz

Жәдігерлер шерткен сыр


07.11.2024

22-қазанда Ботақара кентіндегі аудандық мұражайда Ю.Гагарин мектебінің оқушылары ауданымызға танымал ұстаз, ақын, журналист, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Рауза Рахымқызы Нұржігітовамен кездесті. Шара сыр-сұхбат шарасы деп аталыпты.

Рауза Рахымқызын көптен танимыз. Ол кісі ұстаздық жолында өзі еңбек еткен ауылы Ақбелдің жағымды жаңалықтарын, ауылдың үлгілі отбасыларын, ауылда атқарылып жатқан ізгі шараларды газет бетіне жариялап жүретін. Жазған өлеңдері де, мақалалары да көкейтестілігімен жүрек төрінен орын алатын.

 

Рауза Рахымқызы – сұлу Баянауыл өңірінің тумасы. Әкесі Рахым мен анасы Ықыш Жайлыбаеваның шаңырағында бір ұл, үш қыз дүниеге келген. Әкесі Майқайың кен байыту, алтын өндіру кенішінде кенші болып, сол жерден зейнетке шықса, анасы Ықыш байдың қызы болса да, отбасы үшін ешқандай қиындықтан қашпаған, шахта астында жүк тасушы болып еңбек еткен екен. Бала тәрбиесі ана үшін бірінші орында тұрған.

Рауза Рахымқызы балалармен, келген қонақтармен амандасып, осы мұражайға тапсырған жәдігерлерімен таныстыра бастады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Рахым Нұржігітов  ағаны еңбегіне қарай лайықты бағалап, әскер қатарына шақырмай, тылда алып қалады. Кенді қолымен қазған қайланы Рауза Рахымқызы осы мұражайға тапсырыпты. Әкесі бірнеше медальдар мен ордендермен марапатталған. Құрмет грамоталары сарғайып, әріптері өше бастаған. Отбасындағы әпкелері мұғалім болған, соңдарынан керемет із қалды, әке жолын қуып ағасы да шахтада кенші болып жұмыс істеді.

Анасы он саусағынан өнер тамған ісмер адам болған екен, алаша, құрақ көрпелерін қалайша, қандай материалдардан жасағанын Рауза Рахымқызы балаларға айтып берді. Анасының жіп иірген ұршығы, әкесінің қолына ұстаған қол орағы, аяқ киімдерді тігетін бізі, жұмсақ қайрағы, ағасының ағашты тегістейтін сүргісі, Риза Рахымқызының қолдан иіріп, жүннен тоқыған биялайы, қолдан тоқыған кестесі де осы жерден орын алды. Риза Рахымқызы Жаңақала ауылында орыс тілінен балаларға сапалы білім берген, ол кісінің әскери билетін, дипломы, әпкесінің оқушылармен бірге түскен суретін, мектеп басшылығынан алған марапат қағаздарын көрсетті.

Өзінің Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетті бітірген соң, бұрынғы Пушкин, қазіргі Ақбел ауылында ұстаз болып еңбек еткен он жылдың ішінде «Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісіне ие болғанын айтты.

Рауза Рахымқызы сонымен бірге аудандық газетпен бірге, үндесе  еңбек етіп,  ауылдың проблемаларын көтерген жан. Ұзақ жылдар бойы өзі туралы жазылған, өзі жазған тартымды мақалаларын Рауза Рахымқызы жинақтап, бір тігінді қылып мұражайға алып келіп, балаларға көрсетті. Бүгінгі күні өзі тұрып жатқан Қарағанды қаласының кітапханасында Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай өткен шарада 17 шумақтан тұратын «Тектілік» атты өлеңін оқып, марапатқа ие болғанына тоқталды. Ақиық ақын Мұқағалиды өзінің пірі санайтынын, Мұқағалидай ақынның өлеңдерін сүйіп оқитынын жеткізді.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» жан Рауза Рахымқызы өте сезімтал адам екенін айта кету керек. Өмір сүріп жүрген қоғамында өтіп жатқан барлық өзгерістерге өзінің көзқарасын білдіреді, жүрегінен шыққан жыр жолдарын төгілдіріп, тебіренеді. Ненің дұрыс екенін, неге көңілі толмайтынын жеткізеді. Ұстаз болған соң алдындағы баланың киген киіміне, шашына, сөйлеген сөзіне, істеген ісіне назар аударады. Жас ұрпақтың үлкенді сыйлағанын, өнерлі, білімді болуын қалайды. Ұлтының салты мен дәстүрін сақтағанын, бәсекеге қабілетті болуын армандайды. Адалдықты ту етіп өмір сүргенін, ешкімнің ала жібін аттамағанын шын жүрегімен тілейді қазақ жастарының.  Әрбір айтқан сөзінен білімділіктің, парасаттылықтың, байыптылықтың лебі сезіліп тұрады. Осы үшін де ұстазға мың алғыс!

Мұражай ұжымының әр кездесуінде ауданымыздың төңірегінде тұрып жатқан ерекше адамдарды көреміз, олардың ғибратты әңгімелерін тыңдаймыз, әсер аламыз. Ұжымның да әрбір шараны өткізуге ізденісінің куәсі болып жүреміз. Бір шара екіншісіне ұқсамайды, әрқайсысы дара, ерекше, жүрекке ерекше ой салады.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға...

- деген ұлы Абай атамыздың сөздері санамызда жаңғырып тұр. Ендеше, осындай тәлімі мол шараны көз алдымызға алып келген Рауза Рахымқызы мен мұражай ұжымына айтар алғысымыз шексіз.

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?