taza-kaz

«Қазақ сөз өнерінің сүлейі – нар Кемпірбай»


31.10.2024

: Ширек ғасырдан астам Бұқар баба еліне келіп, мәдениет саласы, оның ішінде музейде, бүгінде кітапханада қызмет жасап, елі үшін еңбек еткен, ерен ісімен өшпес із қалдырған тұлғалар есімін жаңғыртып, деректер жинақтап, Алла берген қуат пен өнер-білім арқасында ауқымды шараларды өткізгенім көзі қарақты жұртшылыққа аян. 

«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, қай қиырда жүрсек те, кіндігіміз байланған алтын бесік – ауылдан алыстап кете алмайтынымыз шындық. Айтқандайын, менің туған жерім Тәттімбет ауылдық округінің орталығы - Арқалық  ауылымның тумасы, ХІХ  ғасырдағы айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Шөже, Тезекбай, Әсет, Жәмшібай сынды ақындармен сөз қағысқан дүлдүл ақын, бесаспап өнерпаз Кемпірбай Бөгенбайұлының халық ауыз әдебиетіне қалдырған асыл мұрасын насихаттап, елімен қауыштырсам деген ізгі мақсатым көп жылдан ойда жүрген іс еді. 

 

 

«Сабақты ине сәтімен» демекші, осы күнге дейін  бір мерейтойы аталып өтпеген халық ақынының биылғы 190 жылдық мерейтойын өткіземін деп жоспарға алдым. Ақын туралы әр жылдары зерттеу-мақалалар жазып жүрген ардагер журналистер – Рымбек Смағұлов пен Ермек Балташұлы ағаларымызбен хабарласып, мерейтойға тарту ретінде кітап шығарғанынан құлағдар болып, кешіме тұсаукесерін өткізуге келісімдерін алып, шараға дайындыққа кірістім.

 

Ағымдағы жылдың 16 қазан күні Ботақара кентіндегі аудандық Мәдениет үйінде еліміз бойынша алғаш рет Кемпірбай ақынның құрметіне арналған кеш өткізу мәртебесіне ие болғаныма қуаныштымын. Аллаға сансыз шүкір, осы кешке қатысу туралы қолқа жасаған әріптестерім мен өнер иелерінен тек қана қолдау көргенімді де айта кеткен артық болмас.

Жылдар бойы жинақтаған ақпарат-деректерімді жүйелеп, «Ақын ем атым шыққан мен Кемпірбай» атты 8 бөлімнен тұратын тақырыптық көрме дайындап, ақынның туған жері, шыққан тегі, өмір сүрген заманы, замандастары, айтыс-өлеңдері, нотаға түскен әндері, көркем шығармалардағы бейнесі, ол туралы зерттеу-талдау еңбектер мен мақалалар, Семейдегі зираты, ақын құрметіне қойылған ескерткіш-белгітастар, көше атаулары туралы мәліметттер көпшілік назарына ұсынылды. Осы көрмеге қойылған шаңырақ пен домбыра, көкала үйректі дайындап үлкен үлесін қосқан Қарақұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлнаш Дүйсембектің еңбегін де айта кету керек.

 

Заманында Кемпірбай ақынның шығармашылығына ғылыми сипаттама берген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қазақ сөз өнерінің сүлейі – нар Кемпірбай» деген сөзін кеш тақырыбы еттік.

Аталмыш шара Несіпбек Айтұлының «Көкала үйрек» поэмасы желісімен «Қайдасың, Көкала үйрек – сөз киесі...» атты көлеңкелі театр қойылымымен ашылып, қазақ әлеуметінің бүгінгі ахуалын паш еткен, көзі қарақты қауымға ой салған көрініс болды. Әсерлі қойылымды дайындаған Шешенқара ауылы Мәдениет үйінің меңгерушісі Жанна Борашева мен көркемөнерпаздарына алғысымыз шексіз.

Тәттімбеттің «Саржайлау» күйімен шығып, кешті жүргізген осы жолдардың авторы ақын туралы ақпараттарды мазмұнды слайд-презентациямен ұсынып отырды.

Қарағанды қаласындағы «Гласир» баспаханасынан 300 данамен жарық көрген «Көңілден көкала үйрек «қош!» деп ұшты...» кітаптың тұсаукесеріне кезек беріліп, сахна төріне кітапты құрастырушы, безендіруші авторлар – Рымбек Смағұлов, Ермек Балташұлы, Қанат Төкенұлы және лента қию рәсімі құрметіне ие болған аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әли, ауданның Құрметті азаматтары - Қанағат Жұмашев, Төкен Арбабайұлы шақырылып, құттықтау сөздерін жолдады.

Ауыл азаматтарының демеушілігімен жарық көрген кітапты құрастырған ағаларымыздың мәрттік мінезімен 30 дана кітап сыйға тартылып, аудан, ауылдық кітапханаларымыздың  қорын толықтырып, оқырман қауымға жол тартты.

Арнайы шараға келіп қатысқан ардагер журналист Нәзипа Асқар жылы лебізін білдіріп, Е.Әміровтың «Есіл-Нұра» әнін әуелетті.

Осы кештің өтуіне қолдау көрсетіп, өнерлі шәкірттерін қатыстырып, үлесін қосқан кентіміздегі жыршы-жыраулар сыныбының мұғалімі, айтыскер ақын Дидар Қамиев бауырымыз екенін айтпай кетуге болмас. Тамаша арнау жырдан шашу шашқан Теміртау қаласындағы №2 өнер мектебінің мұғалімі Жанарыс Тілеубектің өнері көңілден шықты.

«Шөже мен Кемпірбай айтысын» Шешенқара ауылындағы жыршы-жырау сыныбының мұғалімі Нұрлыбек Төкенов пен айтыскер ақын - Айтбайдың ұлы Нұрәлі Ботбай көрсетсе, «Жас ақындар айтысын» ботақаралық Әділхан Төлегенов және осакаровкалық Мұхамеджан Орынбеков орындады.

Қазақ фольклорының тамаша үлгілерінің бірі болып алтын қорға енген «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуы» әнін «Руханият» қосымша білім беру орталығының дәстүрлі ән сыныбы мұғалімі Қуандық Төкенов бауырымыз жоғары деңгейде орындап, алқалы топтың арқасын қоздырды.

Дидар баптаған жас өнерпаздардан өзге аталмыш шарамызда өнердегі сыйлас ағамыз, әнші, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қайролла Маемеров ағамыз болды. Ол ең алғаш «Кемпірбайдың әнін» сахнада орындаған өнерпаз болып тарихта қалса, осындай ән барын шараға дайындық барысында белгілі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманнан естігенімізді, кітапхана қорынан әннің нотасын тауып, сол кісінің кеңесімен шығарғанымызды да жасырмаймыз. 

«Оралар деп туған елге..» атты өз туындысымен Үштөбе ауылдық кітапханасының мәдени қызметкері, жас дарын Жасұлан Жакеев көпшілікті бір серпілтті.

Ақынның есімін жаңғырту - ұрпағының ақынға деген құрметі дей келе, кешті ұйымдастырушы, жүргізуші, осы жолдардың авторы Майгүл Асқарова ауылға деген сағыныштан туған «Ауылым – Арқалығым» өлеңіне ән жазған өнердегі әріптес аға, әуесқой сазгер, әзіл өлеңдердің авторы Жұмағали Елжановқа алғыс білдіріп, сахнада алғаш орындалып тұсауы кесілген аталмыш әнімен нүкте қойды.

 

Алты алаштың анасы, қазақтың алтын ұясы – ауылдарымыз аман болып, көркейе берсін! Ауыл көркейсе, еліміз өркендемек. Олай болса, сол ауылдан асыл азаматтарымыз бен ұлы тұлғаларымыз туа берсін, ағайын!

Майгүл Асқарова,

аудандық кітапхана

 әдіскері

 

Ж.Макишевтің суреттерінде: тарихта қалған өнер кешінен естеліктер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?