taza-kaz

Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте


30.10.2024

Бұқар жырау аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихыңды таны - Тұлғаңды  құрметте» атты жоба аясында ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР ұлттық ғылым академиясы төралқасының мүшесі, химия ғылымдарының докторы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің стероидтық қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі Төлеуов Бораш Игілікұлымен кездесу кешін өткізді.

 

Тағылымды шараға мәслихат депутаты Амантай Акишев те құрметті қонақ ретінде шақырылды. Сонымен қатар ғылым қуған ғалым тұлғамен кездесуге Ю.А.Гагарин мектебінің, сондай-ақ С.Торайғыров мектебінің 10-11 сынып оқушылары қатысты.

Бораш Игілікұлы өзіне қойылған сұрақтарға жауап беріп, сүбелі сұхбат жүргізді.

Сұхбат барысында өзінің химия саласын қалай таңдағаны, не себепті осы бағытты зерттегені жайлы атап өтіп, бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымына тоқталып өтті.

Сонымен қатар, ауданымыздың белсенді тұлғасы, ұлт жанашыры Амантай Нұртайұлына және шара ұйымдастырушысы музей ұйымына өзінің ғылыми туындысын сыйға тартты.

Онымен қоса музей қорына өзінің фармацевтикалық лабораториясынан шығатын «Фитошайлар» жинағын табыс етті. Еңбегі мен еліне қосқан елеулі үлесін көрген жас жеткіншектер сауалдарында қойып жатты. Бірі «Қандай кітаптар оқисыз?», «Қанша тіл білесіз?», «Кітап қорыңызда қанша кітап бар?», «Күн тәртібіңіз қандай» десе, енді бірі химия ғылымына қатысты сауалдарын қойып жатты.

Бораш Игілікұлы 1960 жылы Ульянов ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Отбасында 11 ағайындының үлкені. Ауыл мектебінен соң Қарағанды Мемлекеттік   университетінің химия факультетіне түсіп, сол жерді үздік аяқтаған. Ол туралы сұхбат барысында айтып өтті:

- Менің химия саласына келуім балалық шағыммен тікелей байланысты. Биыл ғана жанымыздан мәңгілікке кеткен анам марқұм «Көп ауыра беремін, дәрігер болшы» деп айтатын, анамның сөзіне еліктеп екі рет медициналық институттың консультациясына бардым, қай  бағытын таңдасам деген ниетпен, содан әкем аяқ астынан «жоқ, сен химияға түс, химия ол болашақ, қазір барлығы осы саланы таңдап жүр» деп химияға түсуіме себепкер болды, одан кейін біліп жатырмыз, әкемнің досының қызы осы химия факультетіне түсіпті, сол бірдеңені біліп тапсырып жатыр деп мені сол бағытқа бұрып жіберді.

 

Кейін химия саласын таңдап, емтихан тапсырып оқуға түстім. Ол жерде менің салаға деген қызығушылығымды ұстазым, химия ғылымдарының докторы, профессор ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев одан сайын ашып, қызықтырды. Қазір көп жастарға айтып жүремін, нақты ғылыммен айналысқан дұрыс. Бұл ешқашан өлмейтін салалар. Ұстазым айтатын «Борашжан, егерде сен елің үшін тым болмаса бір дәрі ойлап тапсаң, өмірді бекер сүрмегенің» деп, осындай патриоттық сезім мен білімге деген құштарлықты әрқашан артып, қолдап отыратын.

Негізі мен тек қана химия емес, тарихты жақсы көремін. Егер мен химик болмасам, тарихшы болар едім, егер тарихшы болмасам әдебиетші болар едім. Өйткені мен кітап оқығанды жақсы көремін. Өзімнің үйде жеке кітапханам бар. Басым бөлігі тарихи жанрдағы кітаптар. Сіздерге де оқуға кеңес беремін, - деді ұлтының сүйікті перзенті.

Одан әрі жалынды жастық шақты босқа өткізбеу керек екенін, бүгінгі телефон ұстаған ұрпақты ертең кітап ұстаған ұрпақ басқаратынын баса айтып, бойында білім мен ілімге деген әлеуеті тұнып тұрған жастарды уақытын зая кетірмей, ұлт үшін, Отан үшін елеулі, қалаулы істер атқаруға шақырды. Оның ішінде  химия саласын таңдаған жасөспірімдерге  қолдау көрсететінін айтып өтті. Ең қызықты ақпараттарының бірі ғылым иесінің күн тәртібін белгілеуі еді. Бозбала шағынан бастап Бораш Игілікұлы жоспар, мақсат  күнделігін жүргізеді екен. Көпшіліктің алдында сөмкесінен алып шыққан қоңыр қойын кітапшада қаншама еңбек пен болашаққа жоспар тұр. Күнделікті кешке ертеңгі күннің жоспарын құрып, ертеңгі күні атқарылған жұмыстың ауқымын анықтап, өзіне есеп беретін көрінеді. Үнемі өзіне жоспар  құрып, нақты мақсаттарын белгілеген адам міндетті түрде қатарының алды болатынына сенетін ғалымның ісімен де дәлелдеп отырғаны белгілі. Таңертең тұрып ананы жасайын ба, әлде мынаны жасай салайын ба деп тұрған адам мен  күніне жоспар құрып, оны орындаған адам тең емес дейді. «Сіздің мақсатыңыз бар болғанымен, нені қалайтыныңызды нақты білгеніңізбен, сол мақсатқа жеткізетін жоспарыңыз болуы шарт. Ал оны әр күнді жоспарлаудан бастау қажет. Әр күнді жоспарлауды үйренген адам әр аптаға жоспар құратын болады. Сосын әр айға, әр жылға нақты жазылған жоспарларын құруға дағдыланады. Мұндай адамдардың жұмысы өнімді болады, - дейді ғалым.

 

Асылында, Бораш Игілікұлын тұңғыш көргенімізбен, естуіміз мен еңбектерінен хабардар едік. Әдетте, ғалым десе, алдына қағаз қойып, өзінің ғылыми жұмыстары мен атқарған еңбегін, көзілдірік астынан көзін бір көтеріп қойып, судырата оқи жөнелетін тұлғалар елестейтін, әсіресе химия жайлы не тыңдауға болады деген ой тіпті маза қашыратын, ал бұл кездесу өзгеше еді. Бораш Игілікұлы өзінің мәдениеттілігімен, сөз саптауымен, білімділігімен телефоннан бас алмайтын жастардың назарын жұлып әкетіп, еріксіз тыңдатты. Тыңдамау мүмкін емес те еді, сенімді әрі жүйелі, жағымды әрі жөнді әңгімені тыңдауға құштарлық еріксіз оянады. Әсіресе жастарды білімге, ілімге шақырған тұлға неткен дана, неткен жанашыр адам!?

Шара соңында музей басшысы Орал Набиева алтын уақытын бөліп келген ғылым иесіне естелік сыйын табыстап, ізгі тілегін білдірді. Одан әрі көрермендер мен қонақтар аудандық музейге экскурсия жасауға аттанды. Алып тұлғаға болашақ ғалымдар ере барды. Осы ұлы көште біздің болашағымыз кетіп бара жатты.

Болашағымыз жарқын болсын!

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?