taza-kaz

Сұлу сөздің сүлейі - Сәкен сері!


24.10.2024

15 қазанда қазақ ақыны, драматург және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толады.

 

Сәкен 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы,  Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Қыстақ Ор мен Аба тауларының арасындағы Ақадыр стансасына таяу жерде орналасқан. Сәкеннің әкесі де, шешесі де сөзге шебер, өнерге жақын адамдар болған. Сәкен: «Біздің өзіміздің ауылда да, отбасында да өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді. Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде тау араларынан ұйытқи соққан

ызыңдаған желді түнді жамылған ауылдың отбасы әңгімесіз, ертексіз, домбырасыз болмайды, өлең де айтылады. Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам кеште отбасында отырғанда әңгімеші, ертекші болады. Кейде елде ойындар жасалып, өлең айтыстар болады», – деп жазған екен.

Ауыл молдасынан 3 жыл оқып, арабша хат танып, қисса-хикаяны өзі оқи

алатын деңгейге жеткеннен кейін, ата-анасы болашақ ақынды 1905 жылы

орысша оқып үйрену үшін Нілдіге жібереді. Тоғыз жасқа енді толған Сәкен мұнда бір орыстың сиырын бағып, сол үйдің әртүрлі жұмысын істей жүріп, бір жыл ішінде орысша тіл үйренеді. Содан кейін Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқиды.  1913–1916 жылдары Омбы педагогикалық семинариясында Мағжан Жұмабаевпен бірге білім алады. 1914 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты тырнақалды өлеңдер жинағы Қазан қаласында жарық көреді. Семинарияны бітіргеннен кейін Сәкен Сілеті-Бұғылы деген елді мекенде мұғалім болып, еңбек жолын бастайды. 1917 жылы ол Ақмолаға келеді. Мұнда Сәкен Сейфуллин «Жас қазақ» саяси және мәдени-әлеуметтік қоғамын  құрады.

Түрлі қызметтер атқарады - қазақ әйелдеріне теңдік беру, бұрынғы әкімшілік-билік иелерін тізгіндеу, кедей-кепшік, жұмысшы, жалшыға күш беру, әлеуметтік іске тарту сияқты сан алуан саяси шараларға қызу араласады. «Тіршілік» газетін шығаруға атсалысады.1918 жылы кезең ахуалын баяндайтын оның «Бақыт жолында» драмасын

Ақмола жастары сахнаға шығарады.

ХХ ғасырдың басында Ресейді 300 жыл билеп келген патшалық-монархиялық өкіметке қарсы жұмысшы мен шаруалардың басын біріктірген «қызылдар» күресі басталады. Кеңес (Совет) өкіметін құруды мақсат еткен бұларға патшалық билікті сақтап қалуға тырысқан «ақтар» қарсы шығады. Ресейдің боданында болғандықтан, Қазақстан да бұл алмағайып мезеттің қасіретті толқуларынан сырт қала алмайды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Ермеков сияқты қайраткерлер 1917 жылы патша өкіметін тақтан тайдырған Ақпан төңкерісін тәуелсіздікке қолжеткізудің бір мүмкіндігі санап, Алаш ұранын жаңғыртты. Ал Сәкен социалистік төңкеріс жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққандықтан, елдің саяси санасын оятуда өз шамасынша қызмет етті.

Ақтар көтерілісі кезінде 1918 жылы өзге Ақмола совдепшілермен (депутаттар кеңесі) бірге Сейфуллин де тұтқынға алынып, Колчак түрмесінде отырады.

Аш-жалаңаштық, қорлық-зорлық көрген Анненковтың «азап вагонынан», адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен 1919 жылы қашып шығады.

1920 жылы Ақмолаға қайта оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. С.Сейфуллин БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманахы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры сияқты түрлі қызмет атқара жүріп, проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында ерінбей еңбек етті.

1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы тұңғыш рет Қызылорда қаласында араб қарпімен, ал екінші басылымы 1936 жылы латын қарпімен басылып шығады. 1927 жылы «Жер қазғандар» повесін жарыққа шығарды.

Оның жаңа дәуір құруға шақырған «Асау тұлпар» (1922 ж.) өлеңдер жинағы,

«Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» (1922 ж.) атты пьесалары, «Домбыра»  (1924 ж.), «Экспресс» (1926 ж.), «Тұрмыс толқынында» (1928 ж.), «Көкшетау» (1929 ж.) атты поэзиялық жинақтары жарық көрген. «Көкшетау» және 1930 жылдарда жазылған «Қызыл ат», «Аққудың айрылуы» сияқты поэмалары классикалық әдебиет үлгілеріне қосылды. Осылайша жаңашыл ақын  поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Мәселен, өлеңнің түрі мен мазмұнына түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. «Әдебиет һәм оның бағыттары» (1922 ж.) атты еңбегі – зерттеу саласындағы алғашқы бастама. Бұдан кейін 1931–1932 жылдары «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жарық көрген. «Қазақ әдебиеті» жинағы мен «Билер дәуірінің

әдебиеті» кітабында халық әдебиеті мұралары бойынша қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасаған.

1933 жылы «Батырлар жыры» жинағын және 1935 жылы Ыбырай Алтынсарин, Ақан сері, Ақмолла ақын шығармаларын жинап, бастырып шығарады. С.Сейфуллин мектептерге қазақ әдебиетінен оқулық жазу ісіне де қатысқан.

Осы салада «Көркем әдебиет» (1933 ж.) атты оқулығының маңызы зор.

Ақын-композитор ретінде де қазақ музыкасының дамуына зор үлес қосып,

көптеген әндерді қалдырды.

Бұл жайында Серік Оспанов «Сәкеннің музыкалық мұрасы» деген еңбек жазды. С.Сейфуллиннің «Көкшетау», «Тау ішінде» деген әндері күні бүгінге дейін дәстүрлі әншілер репертуарынан түспей келеді. Сәкен 1937 жылы репрессияға ұшырап, тұтқындалды. Әкесі Сейфолла, інісі Мәлік, жары Гүлбаһрам да ұсталды. 1938 жылы Сәкен Сейфуллин ату жазасына кесілді. Ақын-жазушы әрі қоғам қайраткері тек 1958 жылы ғана ақталды.

С.Сейфуллиннің шығармашылық өмір жолын суреттейтін С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожиндердің поэмаларымен қатар  қаламгер туралы Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев сияқты белгілі ғалымдар арнайы монографиялық еңбек жазды.

Сондай-ақ Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Б.Шалабаев, З.С.Кедрина, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, М.Базарбаев, С.Ордалиев, Р.Нұрғали, М.Дүйсенов, Е.Ғабдиров, К.Садыққызы, А.Кәкен, М.Бағылбеков т.б. ғалымдардың зерттеулері мен замандастарының естелігінде Сәкен шығармашылығы әр қырынан танылды.

С.Сейфуллин есімі көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапханаға, сондай-ақ Омбы, Нұр-Сұлтан, Алматы т.б. қалалардағы көшелерге берілді.

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?