taza-kaz

Ақылыңнан айналдық, Алтынай қыз


24.10.2024

Кеншілер мәдениет сарайында жазушы, ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына арналған облыстық «Сәкен оқуларында» жерлесіміз, баймырзалық Алтынай Жанболатқызы Марат бас жүлдені жеңіп алды.

 

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің 4 курс студенті Алтынай Жанболатқызы республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпазы. Мектеп қабырғасынан түрлі байқаулардан жүлдегер атанып келген аруымыз бұл өнерін колледжге түскеннен кейін де жалғастырып, шыңдай түскен екен. 

- Менің мектеп қабырғасында ең алғаш қатысқан байқауым аудандық Ф.Оңғарсынова оқулары болатын. Осы байқаудан бас жүлде алдым. Колледж қабырғасында жүріп те көптеген байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүрмін. Облыстық Абай, Қасым, Ілияс т.б ақын-жазушылардың байқауларынан қалмай қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келемін. Сонымен қатар 3 курста «Сан қырлы талант» атты онлайн Т.Ахтановтың шығармашылығына арналған байқауда 1-орын алып, 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болдым, - дейді Алтынай Марат.

Ал Сәкен Сейфулиннің 130 жылдық мерейтойына арналған байқаудың шартына сәйкес басында 30 өлеңді жаттау берілсе, артынан жатқа білу керек өлең саны 5-еуге  қысқарған екен. Қашанда топтың алды болып үйренген аруымыз барлығы 30 өлеңді толық жаттап, жүлдегер атанды.

-«Сәкен оқуларына» мені дайындаған жетекшім Муфталова Аққу Құсайынқызына, өз қолдауын көрсеткен, сенім артқан кураторым Қасымова Бақытжамал Сағындыққызына өз алғысымды білдіремін. Байқау өте жоғары деңгейде өтті, - дейді Алтынай Жанболатқызы.

Жүлдегерлер тағынан түспейтін Алтынай қызымыздың барлық жатқа білетін өлеңдер саны 300- ге жетеді. Осынша өлеңді жаттап, есте сақтап тұрудың сыры неде деп сұрағанымызда Алтынай Марат:

 

- Мен кішкентай кезімнен бастап, яғни 6 жасымнан мәнерлеп оқу, өлең жаттауға қатты қызығамын. Ең бірінші өлеңді түсініп және беріліп оқу керек. Яғни, құр жаттап қана қоймай, өлеңнің мән-мағынасына да баса назар аударған жөн, - деп жауап берген болатын.

Келбеті жаңа туған айдай жарық, ақылы асып туған ару қызымыз  Алтынай Жанболатқызының аузынан шыққан әр сөзіне тамсанып, таңдануға болады. Қылығы да, ісі де, аузынан шыққан сөзі де айналасын нұрға бөлер қызымыздың ибалы, инабатты болуы, бойындағы табиғи дарыны, білімге, жан-жақты болуға деген құштарлығы нағыз қазақ қызының бейнесін көрсетіп тұр. Осы күнге дейінгі жеткен жетістігімен шектелмей, көкірегін қазақ ақындарының өлеңіне толтырам деген алтындай болған Алтынай сіңілімізге сәттілік тілейміз.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?