
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Сырлы Сәкен
24.10.2024
Қазан айының 15-і күні Қарағанды қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы, ақын, қарымды қаламгер Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына арналған өзге ұлт өкілдері арасында «Сырлы Сәкен» байқауы өтті.
Ынтымақ пен бірліктің ордасы, ұлттарды ұйыстырған ұя – Достық үйінде өткен «Сырлы Сәкен» байқауына 9 этно-мәдени бірлестік, Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай қалалары мен Бұқар жырау, Осакаров, Нұра аудандарынан келген 11 ұлт өкілінен құралған 24 қатысушы қатысты.
Мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллиннің мерейтойына арналған байқауды тамашалауға өнерді қадір тұтатын, әнді бағалай білетін көрермен жиналды. Әнді ауызбен емес, жүрекпен, сезіммен айтқан әр қатысушының өнерін көрермен жылы қабыл алып, қол соғып, қошемет көрсетуден аянып қалмады. Қос жүргізушісі Владислав Горизанов пен Айзат Амантаева байқаудың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.
Мықтылар мен үздіктерден құралған қатысушылардың өнеріне Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Күліш Төлеуханқызы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Полония» этномәдени бірлестігінің басшысы Виталий Хмелевский, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының» Қарағанды облысының өкілі, облыстық мәслихат депутаты Айтбай Жұмағұлов, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Ыбыш Құрмаш, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін «Мәмле» клубының жетекшісі Ольга Тим баға беріп, төрелік етті.
Байқаудың «Сәкеннің сыр сандығынан» деген атауын алған бірінші кезеңінде қатысушылар ақынның шығармашылығынан кез-келген өлеңін жатқа айтып беруден сыналды. «Сәкен сері әндері» деген 2 кезеңде қаламгердің сөзіне жазылған әндерді аспаптың сүйемелдеуімен немесе минус фонограммамен орындап беру шарты белгіленді. Осы қойылған шарттардан бөлек, ұйықтап жатқан көңілді әнмен оятып, құлақ құрышын қандырған, жүрек қылын тербеген үздіктерді анықтау қиын болды. Барлық қатысушы да өз алдына бөлек өнерлі, талантты, тиянақты дайындықпен келген. Әділқазылар алқасының шешімімен әділ шешім қабылданып, үздіктер анықталды. Осы байқауға Бұқар жерінен барған жерлестеріміздің қанжығасы толы оралды.
«Сәкен сері әндері» номинациясына қатысқан «Руханият» қосымша білім беру орталығының шәкірті, Дидар Қамиевтің оқушысы, қазақтың қос ішекті домбырасымен «Біздің жақта» әнін орындаған Аленина Виктория 1-ші орынға ие болды. Ал, Ростовка ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Тункина Надежда жүлделі 3-ші орынды иеленді. Шешенқара ауылдық мәдениет үйінің «Березка» этномәдени бірлестігінің мүшесі Ершова Дарья алғыс хатпен марапатталды.
Сәкен Сейфуллин шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне насихаттау, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ұлылар поэзиясын, рухани мұрасын таныту мақсатында өткен байқаудан алған әсер ерекше болды. Ерекше әсер, ерекше көңіл-күй сыйлай білген байқаудың дарынды да, талапты жеңімпаздарын марапаттарымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.
Б.Жакешова