taza-kaz

Көмейіне бұлбұл үні ұялаған Фарида


18.10.2024

Арқаның айтулы әншісі Игілік Омаровтың 90 жылдық мерейтойы аясында өткен облыстық «Ақкем салған Ақерке» дәстүрлі ән орындаушылар байқауында баймырзалық әнші қызымыз Фарида Саутхан бас жүлденің иесі атанды. Ән айту мәнерімен, сахнадағы өзіндік бітім-болмысымен, ерекше дауысымен көзге түскен аруымыздың өнер жолында жетсем деген арман-мақсаттары көп. Сол үшін де алысты жақын етер нық қадамдарды жасап келе жатқан аруымыз жеңісімен өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. 

 

Аталған байқауға Қарағанды, Балқаш, Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарынан келген жиырмадан аса дәстүрлі әнші қатысып, өнерлерін көрсетті. Екі кезеңнен құралған ән байқауында қатысушыларға Игілік Омаров ағамыздың орындауында немесе авторлығында және еркін тақырыпта бір ән ұсыну шарты ұсынылған болатын. Әнші қызымыз 1 кезеңде Мақтымқұлұлының термесі «Боларсың» мен Дәнеш Рақышевтың «Саясында алманың» әнін, 2 кезеңде Сейітжан сал атамыздың «Қанатталды» мен Әбдінасыр Әбдірайымовтың «Тасынба, көңілім, тасынба» термесін жоғары деңгейде орындап шығады. Осындай ауыр әндерді таңдаудағы себебін Фарида Саутхан былай деп түсіндірді:

– Байқауларға қатысушы адам өзінің дауыс ырғағына қарай, икеміне келетін әнді таңдау қажеттігін ескеруі керек деп ойлаймын. Осы мені жеңіске әкеледі деп күрделі әнді таңдап, шама-шарқы келмей жатқаннан гөрі, әнші өзінің табиғатына келетін ән таңдауы керек деп ойлаймын. Мақтымқұлұлының термесі «Боларсың» мен Дәнеш Рақышевтың «Саясында алманың» әні менің табиғатыма жақын келетін және өзім сүйіп орындайтын әндердің бірі. Сейітжан сал атамыздың «Қанатталды» термесі де сүйіспеншілікпен орындайтын таңдаулыларымының бірі. Ал, Әбдінасыр Әбдірайымовтың «Тасынба, көңілім, тасынбасы» менің табиғатымды аша алатын терме. Сөздері де ерекше көңіліме жақын,- деді.

Баймырзалық әнші қызымыздың биылдыққа «Ақкем салған Ақерке» байқауынан басқа да жеткен жетістігі көп. Фарида Саутхан бірнеше ауданаралық байқаулардың жеңімпазы, Шахтинск қаласында өткен «Ғасырлар үні» байқауының 2 орын иегері, Астана қаласында «Шабыт» университетінде өткен 45-ші республикалық байқауында дипломант атағын атанған талантты ару.

Баймырза ауылындағы Калинин орта мектебінің, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің түлегі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемаловтың шәкірті Фарида Саутхан әншілік өнер бойыма әуелі Алла, одан кейін әкенің қаны, ананың ақ сүтімен дарыды дейді. 

- Ең әуелі көмейіме бұлбұл үнді ұялатқан Аллаға сансыз шүкір деймін. Менің бойымдағы өнерді байқап, қолдап, қолпаштаған ата-анама рахмет. Менің жан дүнием өнерге жақын. Мектеп қабырғасынан бастап сахнаға шықтым. Әкем мен анамның әнге дауыстары бар, алайда ән айтып ел алдына шықпаған. Нағашы әжем айтыскер ақын, әнші болған. Әншілік өнер нағашы әжемнен дарыды деп ойлаймын. Арқа ән мектебінің әншісі болғандықтан Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мәди, Манарбек аталарымыздың әндерін сүйіп тыңдап, орындағанды жақсы көремін. Ең бірінші қолға алғаным жан серігім - домбырам. Кейін колледж қабырғасында қосымша қобыз аспабын 1 жыл меңгердім. Қобызбен де шамалап ән айтарым бар,- дейді әнші қызымыз.

Қазіргі уақытта Баймырза ауылдық мәдениет үйінде қызмет етіп отырған Фарида Саутханның жеке үйірмесі де бар. Адам өз-өзімен жұмыс жасауға, зияткерлік, рухани және физикалық салада дамуға, тұлғалық қабілеттерін жетілдіруге ұмтылуы керек деп есептейтін ару қызымыздың алға қойып отырған мақсаттарының бірі Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы өнер университетіне жоғары оқу орнына түсіп, өнерін өрлетсем дейді. 

- Қазақтың төл өнері - дәстүрлі қазақ әндерін, халық әндерін, ұлы композиторлары- мыздың әндерін шырқау шыңға шығарып, халық арасында кеңінен жайып, тіпті шет елдерге шығып концерттер беріп, өзге ұлттарға таныстырып, паш ету - менің алға қойған мақсатым. Мен осы жолдағы алғашқы қадамдарымды басуыма қолдау көрсеткен ұстаздарыма шексіз разылығымды білдіре кеткім келеді. Дәстүрлі ән өнеріне, оның ішінде осы Арқа ән мектебінің әнші-орындаушысы болғаныма Аллаға сансыз шүкір деймін,- деп үлкен мақсаттармен, биік белестерге жетелеген армандарымен бөліскен әнші қызымызға сәттілік тілейміз. Бұқардай «көмекей әулие» атын алған жерден шыққан Фаридамыз жаңа дәуір үрдісімен төл өнеріміз – дәстүрлі ән өнерін жандандырып, өзіндік бет-келбетімен қалыптасқан, әуезді үнімен құрақ құрышын қандырған, орындау ерекшелігімен тыңдарман жүрегінен орын алар әнші боларына сенеміз.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?