
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
“Кітап тайм - 2024”
04.10.2024
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ауданымыздың мәдениет үйі шаңырағында кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында «Kitap Time - 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында елдің ертеңі мен келешегі үшін кітап оқу мен кітап басып шығару ісінің маңызына тоқталып еді. Кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналатынын баса айтқан болатын.
Атаулы шараның режиссер-сценаристі әрі аудандық кітапханалар жүйесінің әдістеме бөлімінің әдіскері Асқарова Майгүл Насырқызының ауданымыздың мәдениеті мен ұлт руханиятын көтеру мақсатында ұйымдастырған талай шаралары көпке үлгі, әрі ауданымызда елеулі еңбек етіп, болашақ ұрпаққа дара жол салған “Аудан ардақтылары” кітабы авторларының бірі. Кітап оқуды ұлттық брендке айналдыру, ел болып оқуды көздейтін атаулы форматтағы шараларды ұйымдастырудың маңызы мен мәні жайлы сұрағанымызда, ойда жүрген түйіткілді мәселелерге тоқталып өтті:
- Адамның ойын байытып, сауатын жоғарылатып, білім нәрімен сусындатар орта – кітапхана екені белгілі. Өркениетті елдерде кітап оқуға деген ынта-ықыласты арттырудың түрлі амалдары жасалуда. Ал бізде әзірше 100 кітап оқу шарасы басталды. Жақсы бастама. Алдымен бес, он кітап оқыған адамның құмарлығы арта беретіні анық. Ең бастысы, одан әсер алу, тағлым түю. Жақсы кітаптың жанға рухани азық болар қасиетін сезіну.
Сонымен қатар, “Отбасылық оқуды” қолдау маңызды мәселелердің бірі. Ұйымдастырып жатқан шараларымызда міндетті түрде “Әжемнің ертегілері” форматында бір нөмір қоюға тырысамыз, өйткені тәрбие тал бесіктен басталатыны белгілі. Абайды Абай еткен Зере анамыз болса, Шоқанды Шоқан еткен Айғаным шешей, сол секілді ұлтының сүйікті ұлына айналған Бауыржан Момышұлы да әжесі Қызтумастың тәрбиесін көрген. Осыдан асқан қандай мысал бар?! Онымен қоса, бала - ата-анасының айнасы. Кітап оқитын ата-ананың баласы міндетті түрде кітап оқитын болады.
Бүгінгі күнге дейін аудан жұртшылығын қызықтыру мақсатында үлкен сахналарда, әртүрлі алаңдарда дәстүрлі емес форматтағы талай шараларды ұйымдастырып келеміз, биылғы жылы үшінші мәрте өткізіліп отырған “Кітап time -2024”, “Кітап шоу” кітап мерекесі оқырманның көңілінен шығып жүр. Алайда, ұлттың руханиятын көтеруге бағытталған шарамызда аудан басшылығынан бір өкіл табылмайтыны қынжылтады. Өлкемізде өтіп жатқан кішігірім шаралардың өзіне қатысып жүрген басшылықтың рухани ордаға бет бұрмай жүргені өкінішті.
Ұлттық құрылтайдың соңғы екі отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқуға, кітапханашылар мәртебесіне қатысты мәселе көтерген болатын. Бұл – өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Жалпы әлемде кітап және кітапхана саласы бойынша үлкен-үлкен тың жаңалықтар бар. Әлемдік дамудың өзін кітап пен кітапханасыз елестету мүмкін емес. Қуатты мемлекеттің кітапханасы да қуатты болуы керек. Бұлай дейтін себебіміз, яғни, білімнің өзі кітапта. Сондықтан Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананы қарастыруымыз керек» деп атап өтті. Ел басшысы қолдаған мәселені аудан басшылары қолдайды деген сенімдеміз ,- деп аяқтады сұхбатын.
KITAPTIME ІІІ жалпы республикалық фестиваль аясында «Кітап - ғажайып әлем» тақырыбында аудандық фестиваль шарасы аудандық мәдениет үйінің үлкен залында өтті. Аталмыш шара «Кітап - рухани байлық» және «Шығармашылық алаңдар» атты екі бөлім бойынша ұйымдастырылып, барлығы 75 адам қамтылды.
Таңнан бері мерекелік шараны сездіру мақсатында мәдениет үйінің алаңында көңілді әуен ойнап, жұрт назарын аударып тұрды. Күннің райы тамаша болғаннан ба, оқырмандардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Немересін ерткен әжелер, балаларымен қол ұстасып мәдениет алаңына қарай ағылған ата-аналар көз сүйсіндіреді. Себебі олар жаңа кітаптар мен жаңа білімдер әлеміне енбекші.
«Кітап - рухани байлық» атты алғашқы бөлімінде Ақбел ауылдық клубының «Еркетай» би тобы мен «Тамаша ұшқындары» драма үйірмесінің жетекшісі Айгерім Дүйсекова дайындаған би қойылымы адамды адам еткен кітап деген ойды жеткізсе, аудандық балалар кітапханасының оқырмандары қатысуымен дайындалған «2024 жылғы мерейгер кітаптар» атты кітаптар шеруі сұраныста оқылған кітаптарды оқырман есіне салып өтті.
Одан кейін «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы...» атты жауһар жырға кезек беріліп, Мұстафин, Көкпекті, Ростовка, Доскей ауылдық кітапханаларының оқырмандары Айдынгүл Даривхан Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», Балауса Еркінова Ф.Оңғарсынованың «Ақ мамам», Сырым Манкеев Д.Санаттың «Кітаптың қадірі», Сырым Байжиенов М.Мақатаевтың «Үш бақытым», Төлеген Әділжан Қ.Сариннің «Тәуелсіздік» атты өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Жүргізуші әрі сценарист Майгүл Асқарова Кітаптайм фестивалінің негізгі мақсатын, озық ойлы ел болу үшін кітап оқу керектігін айта келе, шараның «Шығармашылық алаңдар» атты екінші бөліміндегі жеті алаңның бағытын таныстырып өтіп, белсене қатысуға шақырды.
Кітаптарды жинақтау және өңдеу бөлімі «Қалқымалы кітап – Парящая книга» көрме-креативін ұйымдастырып, келушілер назарына жаңа әдебиеттерді ұсынды. Одан өзге тұрғындар арасында жарияланған «Кітап сыйла!» акциясына Мұстафин, Көкпекті, Доскей, Байқадам, Ботақара кентінен 5 адам үн қосып, 33 дана кітап жиналды.
Аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі мен ақпараттық-библиографиялық секторы ұйымдастырған «Отбасымызбен оқимыз!» отбасылық оқу алаңында көрме безендіріліп, отбасымен оқуға арналған кітаптар, құндылыққа толы бестселлер туындылар топтамасы көпшілік назарына ұсынылып, көрме жанында әңгіме жүргізілді. Келушілер танымдық викториналар, қызықты лездеме сауалнамаларға қатысты.
Аудандық балалар кітапханасы ұйымдастырған «Кітапханалық дәмхана - рухани құндылық» библиокафесі аппақ дастарханмен көмкерілген үстел мәзірімен менмұндалап өзіне көпшілікті тарта білді. Бұл алаңда мерейгер тұлғаларға арналған көрмедегі қызықты ақпараттар, викториналық сұрақтар, қызықты ойындар көпшілік көңілінен шықты.
Мұстафин кенттік көпшілік кітапханасы ұйымдастырған «КITAPTIME-2024» зияткерлік алаңы да газет беттерінен жасалған бұрышымен, «Мен кітапты сүйемін», «Адам-Кітап» инсталляцияларымен тартып, «Сиқырлы дорба» ойынымен оқырмандардың ой-өрістерін кеңейтті.
Байқадам ауылдық кітапханасының үйірме мүшелері «Шебер қолдар» шеберлік алаңын ұйымдастырып, жасаған дүние-заттарынан құрылған көрмесін көрсетіп, қызығушылық танытқан жандар үшін тігін машиналарымен шеберлік сағатын жүргізді.
Үштөбе ауылдық кітапханасы «Бір ел –бір кітап» библиотакси алаңына жауапты болды. 2024 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін, еліміз бойынша биыл оқуға таңдалып алынған жазушы Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы бойынша дайындалған сұрақтарға дұрыс жауап берген 16 тұрғын межелі жеріне тегін жеткізу қызметін пайдаланды.
Кітапханаларды дамыту секторымен ерекше форматта тұңғыш ұйымдастырылған «Фотоға түс. Пікір жаз. Фотосурет тегін ал!» Guest Reader Photobook /қонақ оқырман фотоальбом/ алаңы қызықты болды. Кітап, кітап оқу туралы нақыл сөз, пікірін жазған оқырман фотоға түсіріліп, 1-данасы альбомға жапсырылып, 2-данасы тегін сыйға тартылды. Әдемі етіп дайындалған альбомға 39 оқырман пікір жазып қалдырды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2022 жылы бастау алған «Kitap Time - 2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі еліміздің барлық кітапханаларында өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, жас ақындар, қала колледжінің студенттері, сондай- ақ БАҚ қатысты.
Шара соңында қатысушы оқырмандар рухани азық беретін көңілді кеш үшін алғыс білдірді.
А.Ерубаева