taza-kaz

Музеймен байланыс


23.09.2024

13 қыркүйекте С.Торайғыров тірек мектебінің бастауыш сынып оқушылары аудандық музей ұйымдастырған «Музеймен байланыс» атты ашық есік күніне қатысып, мол мұраны сақтаушы ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мұражай – жәдігерлер мекені, тұнып тұрған тарих. Ал тарих туған жерден басталады, сондықтан, менің ойымша, әрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын білуі тиіс. Еліміздің ертеңі өткен тарихпен тығыз байланыста екенін ұмытпауымыз керек.

 

Мұражайға саяхат жасау жалпы ой- өрістің кеңеюіне, тұлғаның үйлесімді дамып, қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, оқушыларды ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке, өз елінің тарихын құрметтеуге тәрбиелеп, шежірелі өлкенің тарихын біліп қана қоймай, оны сүйіп, құрметтеу әрбір азаматтың міндеті екендігін жете түсінуіне көмектеседі.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушылар тарихи-өлкетану мұражайларына саяхат жасау өскелең ұрпаққа терең ой салады деп ойлаймын. Тіпті шетелге саяхатқа шыққанда мұражайға барсаң сол елдің өткені жайлы барлық мағлұматты алуға болады.

Ашық есік күнінің мақсаты да осы - балаларға еліміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мол жәдігерлер топтасқан аудандық музеймен таныстыру.

Келген кішкентай көрермендерге «Көне жәдігерлер», «Қазақы үйдің жабдығы», «Тарихи тұлғалар», «Балықтар әлемі», «Құстар әлемі» көрме-инсталяцияларына шолу жасалып, түрлі ойындар өткізілді.

Бастауыш сынып оқушылары музейге алғаш келгендіктен, таңданыстарын жасыра алмады. Оларға арналып жасалған қазақы бұрыш, қазақы көрпешелер сондай жылы естеліктер сыйлап, үйіндегі қарияларын еске салды. Атамда осындай бар, әжем осындай тоқу біледі деп мақтаныш сезімі кернеді. Жүргізушінің қойған сұрақтарына белсенді жауап беріп, мәдени мұралармен танысып жатты.

Мұражайға алғаш рет келгендердің қатарында бастауыш сынып оқушысы Жүнісбеков Мейірланнан мол мұраны сақтаушы, талай тарихты ішіне бүккен мәдени орыннан алған әсерін сұрадық:

- Мұражайға алғаш рет келуім. Іші тып-тыныш екен. Бізді қарсы алған апай бізге мұражай ішіне саяхат жасатты. Өте қызықты болды. Біз ескі заттарды, бұрынғы  құрал-жабдықтарды ұстап көріп, түрлі құстар мен балықтар туралы ақпарат алдық. Сонымен қоса ойындар ойнадық. Енді көп достарыма мұражайды көргенімді мақтанышпен айтамын, - дейді болашақ мұрагер.

Тағылымға толы қымбат қазынаның үздік тәжірибе мен тың идеялар, оқыту тәсілдері мен жаңа технологияларды насихаттауда мәні мен маңызы зор. Аға ұрпақтың мол мұрасын насихаттау барысында зерттеулер жүргізумен шектелмей, зерделеу жұмыстарының нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу арқылы жастардың бойындағы ұлтжандылықты қалыптастыруымыз қажет.

Мұражай қоры әрдайым толығуда. Келешек ұрпақты бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға ретінде тағылымдылыққа тәрбиелеуіміз үшін арғы бергі тарихтан мол мағлұмат беруіміз қажет.

Бұл істе мұражайдың атқаратын еңбегі маңызды да және тәжірибелік мәні зор екені даусыз.

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?