taza-kaz

Нағашы – бір тірегің


12.09.2024

Ежелден қазақта нағашы жұртты жиендерін жақсы көріп, еркелететін ел санаған. Жиені бірінші нағашыларына барғанда той жасап, сый-сияпат беріп, ер балаға бәсіреге тай мінгізген. Сарыарқа жерінде өмірге келген апаларымыздың балалары, елге атағы шыққан адамдарды айтсақ - Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Тоқтар Әубәкіров, тізе берсек үлкен бір қауым ел болады. Ендігі сөз, нағашыларынан жиен-ұрпақтарына қандай қасиеттер дарыды және ол қасиеттер қандай туыстықтарда келетіні туралы әңгімелесек. Қасиет нағашыдан дариды. Абай мен Шәкәрімнің үлкен нағашысы батыр, аузы дуалы, көк бөріні кие тұтқан – Ер Жәнібек, ал оның үлкен нағашысы Қаз дауысты Қазыбек би. Абайдың басындағы қасиеттер әжесі Зереден дарыған. Балуан Шолақтың шешесі Қалампыр ерге бергісіз күші бар, қарулы кісі екен. Шоқан Уәлихановтың шығармашылыққа жақын қасиеті анасы Зейнептен берілсе керек. Қазақ алыбы Қажымұқанның нағашы атасы Лек балуан ағашты тамырымен жұлып алатын күші бар адам болған екен. Үлкен нағашысы Бейсен де аты елге мәлім батыр. Анасы Кәбира да алып күштің иесі. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Осындай жағдайларды саралап мынадай қорытындыға келуге болады. Қасиет қанмен анадан дариды, интеллект әкеден балаға берілмейді. Демек сіз ғұлама болсаңыз да, басқа болсаңыз да онда ұлыңыз сондай болады деу өте қате пікір. Егер ұлыңыздың ақылын білгіңіз келсе, әйеліңіздің әкесіне қараған жөн, ол ғалым болса сіздің балаңыз ғалым болады. Ал енді сіздің қызыңыздың ұлы сіздің ақылыңызды түгелдей алады. Ақылды ұрпақ аңсасаңыз, қызым болсын деңіз. Сіздің бойыңыздағы ізгі қасиеттер қызыңызға беріліп, жиеніңіздің дана болып өсуіне сіздің ықпалыңыз тиеді. Бойыңыздағы ақыл кімнен берілген деп ойласаңыз,  әрине, анадан, нақтырақ нағашы атадан.

Мен өзім білетін біраз адамдарды іріктеп алып, осы пікірлермен қатар салыстырсам тура келетініне көзімді жеткізіп отыр. «Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана» - деген еді Ақселеу Сейдімбеков. Кейбіреулер намазды ел көрсін деп оқиды, кейбіреу құдайға шын құлшылық жасап оқиды. Сол сияқты ала-құла ниеттен күлбадан мәдениет туады. Мәдениеттілік, білімділік кісіні адам етеді. Ниеті неғұрлым таза, түзу болса, соғұрлым елеулі болады. Мәдениетсіздік, білімсіздік, надандықтың, кемтілек, лас ниетті адамның қасиеттері.

Ата-ананың, ағайын-туыстың қадірін қазақтай түсіне білетін әлемде ұлт жоқ шығар. Сол дәстүрлеріміздің өзі кейінгі кезде бұзылып барады. Соның бір мысалы естір құлаққа түрпідей тиетін жағдайды атасам. Қазір әке-шешесін қарттар үйіне өткізе салудың түк те қиындығы жоқ. Қартайып, бойынан күш-қуат азайған, денсаулығы нашарлаған әке-шешелерін аялап күтудің орнына қарттар үйіне апарып тастау көбеюде. Бұндай безбүйректерге Алла тағала жазасын берсін.

Қазір бәрі шет елден көргенін істейді. Мына жағдайға не айтасыздар, алаш жұрты. Жылына некеге отырушылардың 42-43 пайызы айрылысатын көрінеді. Қаншама жастардың өміріне өшпес дақ түседі. Қаншама жетім балалар өмірге келді. Бұндай көрсеткіштің болуының себебі бірін-бірі түсінбеушілік, экономикалық жағдай және қазіргі жастардың халықтың рухани қазынасына терең білім алмауынан. Кейбір ақылмандар ұлттық тәрбие ол надандыққа ұрындырады, ұрпақтың санасына кері әсер ететін әртүрлі реформаларды тықпалайды. Атақты ойшыл Конфуцийден «Мемлекет қалай дамиды» деп сұрағанда ол: патша - патша, ер - ер, етікші - етікші, әйел - әйел болса, әркім өз орнын білсе, әркім өзімен айналысса сол мемлекет дамиды деген екен. Бізде олай емес, басқаша, жұрттың түгелі түртпектеп, тыраштанып жүр, бірақ ең бастысы ешкім өзінің ісімен айналыспайды. Шаруа қожалығының басшылары мол өнім беретін мал өсіргісі келеді, салған егінінен мол өнім күтеді. Мұның бәрі бекершілік, шаруаны өз дәрежесінде жүргізу үшін білім, ғылым, жаңа технология қажет. Кейбір шаруа қожалықтары ештеңе өндіре алмаған соң шаруашылығын тоқтатып, саудамен не басқадай кәсіппен айналысуда.

Мемлекеттің келешегі, экономикасы, ғылымы халықтың демографиялық өсіміне тығыз байланысты. Осындай халықтың санының өсуінен азғана жылда «кәрі мемлекет» қатарына қосылып барамыз. «Кәрі мемлекет» дегеніміз халқының көпшілігі орта жастан асып, қартая бастағандар. Себебі табиғи өсім төмен, бала туу аз. Статистика бойынша мемлекеттік қызметте әйелдердің 55,5% жұмыс істейді. Отбасында бір немесе екі ғана бала. Көрші өзбек елінде халық саны 40 миллионнан асыпты. Бір демограф-ғалымның дерегі бойынша ол елде халық саны 60 миллионға жуықтаған деген статистиканы ақпарат құралынан берді.

Мақала негізіне арқау болып отырған кәрі әке-шешесіне аялы күтім жасамай, адамгершіліктен айрылып, қарттар үйіне өткізу жөнінде жазылған «Қара шал» толғауын келтірсем:

Әкең де осы жерде өлер енді,

Тәңірдің жазуына көнер енді.

О, жалған сағындым ғой, тым болмаса,

Алып кеп, бір иіскетші немеремді.

Қаусаған қасиетті қара шалмын,

Бұл күнде қара шалмен санасар кім.

Жанымды жегідей жеп қарттар үйі,

Күн сайын қуат кеміп аласардым.

Онша тар емес еді-ау пәтерің де,

Осында тастап кеттің әкелдің де.

Сынаптай сыртын берсе туған бала,

Тірідей өлгені де әкенің де.

Көп болды-ау дидарыңды көрмегелі,

Көп болды-ау шешеңді де жерлегелі.

Балам деп көз жұмғанша жылап жатты,

Жанына қатты батты келмегенің...

Енді біраз тағылымдарды келтірсем: Италия ойшылы Николай Макивели: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген сүйіспеншіліктен, патриоттық сезімнен айырылып, жалтақ, көнгіш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол өркениетті пайдалана алмайды» деп меңзеген. Тура бір қазақ еліне арналғандай дәл айтылған.

Бірде сахабалары сүйікті пайғамбарымыз Мұхамед: «Алланың ең жек көретін адамдары, дүниеқұмар, мансапқор адам» деген екен.

Әл-Фараби: «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ұрпақтың жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді. Яғни рухани жүрегіне ізгіліктің дәнін, рухани тәрбие береді.»

Басында ептеп ми болса, күйеудің алдына шықпайды ғой ақылды әйел. Табиғаттың жасаған ісіне кім қарсы тұра алады. Еркек - еркек, әйел - әйел. Әрқайсы өз орнында болу керек. Одан ауытқуға болмайды.Осыны мойындаған әйел еркектің өзінен жоғары тұратынын түсіну керек.

Әйелдің күші әлсіздігінде деп бекер айтпайды, ақылды әйел еш уақытта өзін күйеуінен биік қоймайды. Әйелдің пірі – күйеуі, отбасыдағы әке беделі ең алдымен әйелге байланысты. Әкеден бедел кеткен жерде балаңа ие боламын деп ойлама. Біздің қыз-келіншектер осыны ұмытпасын. Қазақта екі мәселе ымыраға келмеген – бірі жер дауы, екіншісі – жесір дауы. Соның арқасында ата-бабаларымыздан ұлан-байтақ жер қалған, соның арқасында қазақта жетім болмаған (әмеңгерлік салты).

Қариялардың салиқалы ойларын, өмір тәжірибелері туралы естеліктерін тыңдай жүріп, қарттық – кәрілік емес, даналықтың, абыздықтың көрінісі деп көнекөз аталарымыздың бекер айтпағанына көз жеткізесің. Адам баласына қиянат жасама, ішкен асың адал, қайнатқан қазаның таза болса, сол үйге бақ үйіріліп тұрады. Балаларыма басқаның ала жібін аттама дедім. Менің ойымда отбасынан артық тәрбие мектебі жоқ. Бұрынғылар баласын «обал болады, ұят болады», «сүйекке таңба түседі» деген үш-ақ сөзбен тәрбиелеген.

 

Жеңіс Шәдетов,

«Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы»

Үміткер ауылы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?