
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Домбыра - үйімнің сәні
04.07.2024
«Әнге әуес, күйге құмар баланың жаны да сұлу болып өседі» деген ғұлама жазушы М.Әуезовтің айтқан сөзін көңілге дарытып, тәрбиеге қолданып жүрген Ақмарал Есіргепова қазақтың маңдайына шоқ жұлдыз болып туған Қасым Аманжоловты дүниеге әкелген Аққора ауылының тумасы. Қасымдай дүлдүл асыр салған қара жерді басып өскен Ақмарал Есіргепованың жаны қазақылыққа, өнерге, әнге жақын болғаны осы бір қастерлі топырақттың күші болар.
- Біздің ауылда елдің барлығы домбыра тартып, ән айтады. Сол себепті де мен «ауылымның ең нашар әншісімін» деп айтамын. Қаз-қаз тұрып, жүре бастаған сәтімізден қолымызға домбыра ұстап өстік. Әкем, артымнан ерген сіңілім де, ағайын, тумаластарымыздың барлығы домбырамен ән шырқайды. Әлі күнге дейін әр отырысымыз ән-күйсіз өтпейді. Өз басым балаларыма «мынау домбыра, былай тартасың» деп үйретпеппін. Бала айтқанды емес, көргенді істейді деген қағида бар ғой. Үйде үнемі домбыра тартып, ән айтып, өлең оқып жүргеннен болар. Балаларым да бір табан өнерге жақын болып өсіп келеді, - дейді Ақмарал Есіргепова.
Отанасы 5 жасынан қолына домбыра ұстап, ең алғаш рет «Бозторғай» әнін тартып үйренген. Өзінің шаңырағынан нені көрді, ер жетіп жеке отбасы болғанда көргенінен өнеге алды, ой түйді деген осы болар. Өзінің ата-анасы бойына сіңірген тәрбиені балаларына беріп жүрген Ақмарал Әзімбайқызының үлкен қызы 18 жасар Асыл Тәттімбет атындағы өнер колледжінің домбыра бөлімінде білім алуда. Биылғы жылғы жетістігі жоғары. Ең қажетті деген сабақтарын үздік деген бағамен аяқтап жатыр.
- Қызым Асыл 7 жасынан домбыраны үйрене бастады. Ең алғашқы ұстазы «Руханият» қосымша білім беру оралығының ұстазы Жанар Батталова болды. Кейіннен Бауыржан Ермұхаметұлынан сабақ алды. Осы екі кісінің Асылдың өнер жолында қалыптауына еңбегі зор деп айта аламын. Үлкен ұлым Ералы 7 жасынан қобыз сыныбына барды. 5 жыл Айман Оспановадан қобыздан дәріс алды. Өте жақсы ойнайды. Әуенді жүрекке жеткізе алады. Бірақ, қолынан келгенімен музыкаға деген қызығушылығы жоқ болып, өз қалауымен тоқтатып қойды. Кенже ұлым Ерхан 2 жасынан домбыраны қолға алды десем болады. Асыл екеуміздің күнде домбыра тартып, ән айтқанымызды көріп, бізден қалмай өтірік өлең айтуды бастады. Баламның бойындағы осы бір қызығушылық, талпынысқа мен тек қолдау таныттым. Домбыраны қолға алып, ән айтса «керемет», «ой, тамашалап» қошемет, мақтау, мадақтау айтып отырамын. Менің ойымша балаға ең бірінші сенімділікті ата-анасы беруі керек. Себебі, кез-келген өнерпаздың алғашқы тыңдарманы, көрермені ол – ата-анасы, - дейді Ақмарал Әзімбайқызы.
Ақмарал Есіргепованың әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көптің ақ батасын алып жүрген кенжесі Ерхан 2 жастан қолына домбыра ұстап, 7 жастан вокал, домбыра сыныптарына барып жүр. Домбырадан Диас Ғабдолладан дәріс алып, үлкен жетістіктерге жетуде. 1 жылдың ішінде «Ертұран» күйін орындап, үлкен сахнада өнер көрсетті. Дидар Қамиевқа жырдан дәріске барып 1 жыл ішінде Тілеген Әділовтің шәкіртімен сахна төрінде айтысқа шықты. Жаңылмастан, шалынбастан өнер көрсетіп шыққаны өнерге деген сүйіспеншілігін осылай танытуы болар.
Жас аналарға кеңес болсын, Ақмарал Әзімбайқызы бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілімен бөліскен еді. Күнделікті көгілдір экранды жаулап алған керексіз бағдарламалар, түріктің, үндінің сериалдарынан көрі көбіне айтыс, қисса, жыр-термелерді, аудио кітаптарды қосып қойып үйдің тірлігін жасауды әдетке айналдырған отанасы бұл әдіс балалардың сөздік қорының молаюына, ойлау, есте сақтау қабілетінің дамуына үлкен көмек беретіндігін айтады.
- Жолдасым өнерге жақын болмағанымен, біздің қызығушылығымызды қолдайды. Үйде әрқайсымыздың басымызда өз аспабымыз бар. Үш домбыра, бір қобыз, бір гитара төрімізден орын алды. Жолдасым ән айтпағанымен арғы аталарында әнге жақын жандардың барын естіп жатамыз. Бұл қазақта әу демейтін жан жоқ екендігінің көрсеткіші болар. Көптің тілегі, қалауы көл ғой. Менің жеке парақшамнан көріп, баталарын беріп жатқан жандардың айтқан сөздері қабыл болсын деймін. Балаңа жақсы тәрбие бергің келсе, өзіңді тәрбиеле дегім келеді. Біздің отбасы да осы жолды таңдап отыр. Әр істі өзімізден бастап, бізден көргенді балаларымыз жасап жатыр. Қалғаны бір Алланың қалауымен ғой, - дейді Ақмарал Есіргепова.
Б.Жакешова