
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Табиғи талант - Айберген
04.07.2024
Осынау бір қарағанда елгезек, қарапайым көрінетін, ал қолына домбыра берсең өн бойынан күй төгілетін жігітті білетіндердің аз-көбін білмеймін, ал өзім біраздан сырттай танып жүрмін. Бұл Айбергеннен алған алғашқы сұхбатым емес. Өнерлі жігіт білім алып жүрген өнер ордасы есеп беру концертін ұйымдастарғанда, халықтың делебесін қоздырып, рухты күйге бөлеген «Алаш аманаты» күйін орындау барысында көзіме түсіп еді. Атаулы туындымен аудан атын асқақтатып, Семей төрінен бас жүлде иеленіп келген кезі еді.
Ұлтымыз ұлық тұтқан домбыра қазақ халқымен ежелден бірге жасап келеді. Қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, жыр-термені құйқылжыта орындайтын еді. Қазіргі уақытта сол көрініс көз алдымыздан жоғалып бара жатқан секілді. Домбыраның құлағында ойнау былай тұрсын, оны қалай ұстауды білмейтін ұрпақ көбейіп барады. Ал бүгінгі мақаламызға арқау болған алғыр жігіт Айберген жаман қасиеттерден ада жігіт. Тіпті ұстазы Жанар Батталова оған табиғи таланты бар бала деп баға беруде:
- Айберген менің сыныбыма келгелі көп уақыт болмады. Биыл домбыра сыныбының 3-сынып оқушысы. Яғни, менде 3-ақ жыл оқиды. Алайда, ол өте талапты, алғыр бала. Табиғи таланты бар. Домбыра сыныбы 5 жыл болса, ол биыл 11-сыныпты аяқтап, түлек атанады. Демек, домбыра сыныбының 4-сыныбын ғана оқып үлгереді. Бүгінгі күні ол 5-сыныптың бағдарламасын еркін әрі жетік меңгеруіне байланысты өнер ордасының басшысымен ақылдасып, мерзімінен бұрын бітіру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Талабы таудай балама тек жарқын болашақ тілеймін, - деді.
Өзі жас болса да, домбыраның құлағында ойнайтын, өнер қонған Ботақараның өнерлі өрендерінің бірі Түсіпов Айберген Дәуренұлымен сұхбаттасудың да сәті түсті:
- Мен 2008 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Жасым 15-те. Биыл Ю.А.Гагарин мектебінің 11-сыныбына көштім. Домбыра сыныбына 14 жасымда келдім. Ең алғашқы ұстазым Жанар Батталова.
Домбыраға деген қызығушылығым бала кезімнен бар. Басқа аспаптар мүлдем қызықтырмайтын, ал домбыраға келгенде ерекше сезімде болдым. Интернет желісінен өздігімнен сабақтар қарап, үйреніп жүрдім. Домбыраға қатысуға болады деген ой мүлдем келмепті. Әуестігімді ең алғаш байқаған анам еді, тіпті мені домбыраға жазып, арнайы білім алуға қолдау білдірді. Биыл домбыра сыныбының 3-сыныбының шәкіртімін. Алайда, талпынысым болғанмен, қиындықтар да болды. Ең қиыны нота жаттау болды. Домбыраны қолыма алсам, балалық шағым есіме түседі. Сол сезімді басымнан кешірген ұнайды.
Ең алғаш үйренген күйлерім «Балбырауын», «Ертұран» еді. Бүгінгі күні күй қоржынымда 10-ға жуық туынды бар. Жалпы домбыра тартуды трендке айналдырып, кез келген ортада тартып, жастарды қызықтырған ұнайды. Тіпті бірнеше достарымнан бізге де үйретші деген ұсыныстар да болды. Ол өз ортам, ал жалпы алғанда қатарластарым мен замандастарымнан ұлттық өнерге деген құлшынысты аса байқамаймын. Осы өнерім арқылы көп алғыс пен бата алып жүрмін. Себебі, отбасылық болсын, достармен болсын бас қосулар болғанда домбыра шертіп, өзім содан ерекше күйге бөленіп, бойымды мақтаныш сезімі кернеп тұрады.
Өнер жолында жетіп жүрген жетістіктеріміз де жоқ емес, Астана қаласында өткен байқауда І-орын, Семей қаласында өткен байқауларда бас жүлделер де иеленіп жүрміз. Осының барлығы ұстаздарымның арқасы. Шетте жарыстарда жүргенде, сол кісілердің үмітін ақтауға тырысамын. Мен үшін осындай күйші болсам екен деп көрсететін тұлға жоқ, ұстаздарымның дәрежесіне жетсем де мен үшін үлкен жетістік, - дейді сері жігіт.
Ұлттық өнерді меңгеріп, домбыраның құлағында ойнаған баласын көру әр анаға мақтаныш әрі абырой. Алайда топқа түсіп, өнер додасына аттанса тілекші болудан басқа амал барма?! «Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады» деген сөздің мәнісін шын ұққандаймын дейді Айбергеннің анасы Айзада Мамытқызы. Баласының домбыраға деген әуестігін байқап, қолдау білдірген анасынан бұл өнер кімнен дарыған, отбасыларыңызда домбыраға жақын кім бар деген сауалды да қойдық:
- Біз жалпы алғанда өнерлі әулет емеспіз. Арнайы осы жолға қызығушылық танытып, білім алып жатқан ұлым Айберген ғана. Алайда, «әу» деп қоятындарымыз да жоқ емес. Айбергеннің туған атасы өздігінен домбыра үйренген адам, мүмкін осы жолды қуаласа, белгілі дәрежеге жетер ме еді? Отбасылық отырыстарда атам қолына домбырасын алмаса, кеш өтпейін. Айбергеннің бала кезінен көріп өскені бар, атамның бойындағы қабілеті тағы бар, содан да дарыған болар. Одан бөлек менің нағашы ағаларымның да аз-кем өнері бар еді. Алайда олар да өздігінен үйренген. Не де болса, өнерден құр алақан емеспіз, - деп жауап берді анасы.
Айта кетейік, Айберген білім алып жүрген өнер ордасы 1970 жылы ашылды. Өнер ордасы ашылған жылы домбыра сыныбы да бой көтерді. Содан бері жарты ғасырлық тарихы бар өнер ордасы қарыштамаса өшкен жоқ. Бүгінде ол «Руханият» ЮНЕСКО қосымша білім беру орталығы. Бүгінгі күнге дейін домбыра сыныбынан 500-ге жуық түлек түлеп ұшқан. Атаулы ордадан түлеп ұшқандардың қатарында бүгінде үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген Сәкен Әлімхан, Дихан Ілияшев та бар.
Қазіргі күндері ұлттық құндылығымыз – домбыраны насихаттауға өз деңгейінде назар аударылуда. Домбыра күні сондай ізгі ниеттен туғаны белгілі. Қай ұлт болмасын, өзінің ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс. Ілгеріде үлкендер балаларын домбыра тартуға баулып отырғанын көзіміз көрді. Әрине, екінің бірінің өнер жолына түсуі шарт емес қой. Десе де домбыраны үйрену қазақтың атқа міну секілді басты қағидасы болуы қажет. Сондықтан оны үйрету аясын кеңейтуіміз қажет. Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Себебі, мамандар оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады. Демек, ол көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие.
Ал, бабалар жолын жалғап, ұлттық құндылығымызға ден қойып, оны киелі сахнада дәріптеп жүрген Айбергенге зор алғымызды білдіреміз! Рахмет, Айберген! Өнер айдынында өрге жүзе бер!
А.Ерубаева