taza-kaz

Лагерьмен демалыс көңілді


20.06.2024

Өнердің өркен жайған ордасы «Руханият» қосымша білім беру орталығы талай таланттың өнер жолында өсуіне, шығармашылығының шыңдалуына жол ашқан шаңырақ ретінде талабы таудай талапкерлерімен көрермендерін тағы бір мәрте қуантты.

 

Оқу жылын сәтті аяқтап, жазғы демалысқа шыққан балаларымыздың әр күнін тиімді, әрі қызықты өтуіне себепкер болып жүрген орталықтың «Жайдары жаз-2024» жазғы лагерінің жұмысын саралаған «Жұлдызды сәт!» атты концерттік бағдарламасы көрерменге тарту етілді.

Маусым айының 1-нен шілде айының 16-на дейін таңғы сағат 10.00-ден талапкерлеріне есігі ашық «Руханият» қосымша білім беру орталығының жазғы лагерінің әр күні қызыққа толы шаралармен толықтырылған. Жазғы лагерьде балалар тек демалып қана қоймай, әр түрлі жарыстарға қатысып, ашылмай жүрген таланттары, белгілі бір қабілеттері ашылуда. Күнделікті құрылған жоспар бойынша жарыстарға қатысып, өздерінің концерттік қойылымдарын ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайтын балалар осы арқылы топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделуде. Мысалы: «Қимыл қозғалыс ойындары» мен «Денсаулық - зор байлық», «Бақытты балалық шақ!» деп аталатын шараларда балалар спортпен шұғылданып, ойындар ойнап, шымырлана түссе, «Музыка бізді біріктіреді», «Әуенді тап» сабақтары баланың қабілетін ашуға үлкен көмек. Оған қоса «Табиғат аясында» деп ұрандатқан балалар бір күндерін таза ауда өткізіп, ойын ойнап, қоршаған ортамен танысу арқылы зейінін аша түседі. Лагерьдің әр күні тек орталық аясында өтпейді. Ұстаздарымен Бұқар жырау бабамыздың ескерткіші, «Мәңгілік ел» стеласына барып, кентіміздің көрікті, берер тағылымы мол жерлерімен танысып жүрген балалардың алып жатқан әсерлері көп. Алда «Ертегілер еліне саяхат», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Кітап біздің досымыз» атты сабақтарда балалармен кітапхана, музей және тағы да басқа мекемелермен танысу лагерь жоспарында бар. Әр күнге, әр шараға бекітілген орталықтың білімді ұстаздары балалардың демалыстарының сәтті өтуіне бар күш-жігерлерін салуда. Соның көрсеткіші өткен аптада өткен концерттік бағдарлама болды.

Ата-аналар, ұстаздардан құралған көрерменің орталықтың залына жинаған жазғы лагерьдің «Жұлдызды сәт!» атты коцерттік бағдарламасының шымылдығы «Шұғыла» би ансамблінің орындауында «Кербез қыз» биімен ашылды.

Өнер ордасының басшысы Гүлмира Нұрманова сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге демалыстарының сәтті өтуін тіледі. Сондай-ақ, балдырғандарға шаттыққа, қуанышқа толы жазғы демалыстың өтуіне атсалысып жүрген ұстаздарға, балаларының әр қадамына қуанып, бастамаларына қолдау білдіретін ата-аналарға рахметін айтты.

Жылы лебізге толы басшылық тілегінен кейін Гауһар Ойғорбайдың орындауындағы «Әжетайым», Нұрай Ақылбекова шырқаған «Сайра бұлбұл», Нұрасыл Рахымбайдың орындауындағы Біржан салдың «Көкек», Нұрай Шоқанның «Taрту» әндері кешті әуезді әуенмен толықтырды.

«Руханияттың» жас күйшілері Диас Бахытжан мен Іңкәр Талғатованың орындауындағы Қоныспековтің күйі «Көксерек», Ерасыл Игілік, Нұрмұхаммед Үкібас шерткен Н.Тілендиевтің күйі «Ата толғау», домбырашылар ансамблі ұсынған «Ер тұран» күйлері көрерменді қазақша толқынмен тербеді.

Мың бұралған биші қыздар «Сырғалым» би ансамблінің орындауындағы «Тарантелла», «Хулиганка» билері кештің көңілді өтуіне үлес қосты.

Оқу жылының аяқталуы арқаны кеңге салып демалумен шектелмейді. Жазғы демалыстың да өз салмағы болуы тиіс. Баланың жаңа оқу жылына күш-жігер жинау үшін жаңа әсер сыйлайтын лагерьлердің жұмысы маңызды. Осы бағытта балалармен тынымсыз жұмыс жасайтын өнер ордасы «Руханият» қосымша білім беру орталығының қызметі толығымен ата-аналардың көңілінен шыға білуде. Оны лагерьге келетін бала санынан, шәкірттерінің коцерттік кешінен ризашылдықпен тарқасқан ата-аналардың көңілінен аңғарсақ та болады. Лагерьге күніне 20-дана аса оқушы келіп, өздерінің жазғы демалыстарын қызыққа толы етіп өткеруде. «Руханияттың» рухты шәкірттеріне біз де сәтті жазғы демалыс тілейміз.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?