taza-kaz

Әншілер байқауы


24.05.2024

Ботақара кентінде балалар арасында екінші мәрте «Aigolek show» аудандық ән байқауы өтті. Ән додасына ауданымызға қарасты ауылдардан барлығы 23 балақай қатысып, өздерінің бақтарын сынады. 

Бүлдіршіндердің ән өнеріне деген қабілетін анықтау, жас таланттардың бойындағы шығармашылыққа деген талпыныстарын арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, келер ұрпақты өнерге баулу, сахна мәдениетін үйрету, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, болашақ жұлдыздарды тәрбиелеуді мақсат еткен байқау ауданымызда екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Байқау ережелеріне сәйкес кент, ауылдан тек қана бір өнерпаздың өтініші қабылданатындығы, қатысушы 3-7 жас аралығында болуы керек екендігі жетекшілерге ескертіліп айтылды.

Ән додасында отандық және шетелдік әндер орындалды. Қатысушылар өздері келген әр кент, ауылдық округтер ішінде өткен байқауда іріктеліп, таңдалып келген талантты да, талапты бүлдіршіндер. Іріктеуден өткен үздіктер ішінде жарысқа түсу үлкен тәжірибе болды. Үздіктер сайысы болғандықтан байқаудың деңгейі де жоғары өтті. Бойлары кішкентай болғанымен дауыстары зор бүлдіршіндерді бағалауға сайланған қазылар алқасы да кілең мықтылардан құралды. Байқауды бағалаған қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», аудандық мәдениет үйінің директоры Қазбек Талашев болса, алқа мүшесінде ауандық мәдениет үйінің әдістеме бөлімінің жетекшісі Зәуре Төлеубаева, «Руханият» қосымша білім беру орталығының вокал сыныбының мұғалімі Тәттігүл Сағындықова болды.

Ән байқауының шымылдығы «Гүлдер» би тобының «Шашу» биімен ашылды. Сахна сыртында өз кезегін тосып, қобалжыған балалар үшін бірінші болып ортаға шыққан былтырғы жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Aigolek show» аудандық ән байқауының бас жүлде иегері, Баймырза ауылынан келген Інжу Жанат шетелдік «Dance Monkey» әнін орындап, қатысушылардың жолын ашып берді. Байқау сахнасының алғашқы әні шырқалған соң қатысушылар өз реттік сандарымен ортаға шығып, өнерлерін көрсетті.

Үздіктер додасының қорытындысы бойынша Ботақара ауылының әнші балапаны Мариям Абай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, бас жүлдеге ие болды. Ботақара кентінің жас таланты Сезім Қойбағарова 1-орынды, Ащысу станциясынан келген Інжу Бригад, тасауылдық Арай Мұхаметбек, Қызылқайың ауылының өнерпазы Гүлсана Дінмұхаммед 2-орынды қанжығаласа, 3-орын Баймырза ауылынан келген Іңкәр Бердібекқызына, байқадамдық Кәусар Жекебайға, Шешенқара ауылының әншісі София Сачава мен ақбелдік күміс көмей жігіт Айсұлтан Жаңбырбаевқа, Ғабиден Мұстафин кентінен келген Софья Гавваға бұйырды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен диплом, ақшалай сыйлық табысталды. Былтырғы жылы алғаш рет өткен «Aigolek show» аудандық ән байқауының бас жүлде иегері, Баймырза ауылынан келген жас талант Інжу Жанат та аудандық мәдениет үйінің директоры Қазбек Талашевтің қолынан алғыс хат алып, ақшалай сыйлық табыс табысталды.

- Байқау қатысушылары жоғары дәрежеде дайындықпен келген. Өздерін сахнада еркін ұстап, қабілеттерін көрсете алған балалар көп болды. Киім кию, сахна мәдениеті жағынан бүлдіршіндерді дайындаған ата-аналар, әр ауылдың клуб қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Облыстық жарысқа жолдама алған бүлдіршіндерге сәттілік тілейміз,- деді қазылар алқасының мүшесі Зәуре Төлеубаева.

Байқау шымылдығы аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Сая Халидолданың орындауындағы Ақжол Мейірбековтың «Айгөлек» әнімен жабылды.

Байқау ұйымдастырушылары аудандық мәдениет үйі ән додасының жоғары деңгейде өтуіне өз қолдауларын көрсеткен «Руханият» қосымша білім беру орталығының директоры Г.Нұрмановаға, аудандық тарихи өлкетану мұражайының директоры О.Набиеваға, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы қазақ тірек мектебінің директоры Е.Жетпісбаевқа, Ю.Гагарин атындағы орта мектебінің директоры С.Төлеухановаға және ақпараттық қолдау көрсеткен аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетінің ұжымына алғыстарын білдірді.

Үздіктер ішінен анықталған мықтыларымыз былтырғы жылғы байқаудың жеңімпазы, Баймырза ауылының әнші балапаны Інжу Жанат, Ботақара ауылынан келген Мариям Абай, Ботақара кентінің әншісі Сезім Қойбағарова жүлдегер атанып, халықаралық балаларды қорғау күніне және Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған «Еркетай» облыстық балалар шығармашылығы фестиваліне жолдама алды. Жас таланттарға сәттілік тілейміз!

Б.Жакешова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: әділқазылар мен көрермендер; күміс көмей әншілер сахна төрінде; марапаттар иелеріне табысталды.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?