taza-kaz

«Қазақстаным – қара шаңырағым!»


04.05.2024

Қазақстан ұлт пен ұлыстың, бауыр мен туыстың мекені. Қазақстан аға мен қарындастың, біріккен  қауымның тілекші Отаны! Күн көзіндей жылылық пен қасиетті ұлылықты паш еткен, адалдықтың есімін, бейбітшілік бесігін тербеткен  мамыражай мереке «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай Ынтымақ ауылдық клубында «Қазақстаным – қара шаңырағым!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Ауылымыздың көрікті де, келісті аға буын тұрғындары бауырлыс татар, өзбек, орыс, кәріс және қасиет тұнған қазақ ұлттарын сомдап, арнайы дайындалып, мерекелік кештің «Таныстыру», «Ұлттық киім – ұлт ажары», «Берекелі дастархан», «Өнерде шекара жоқ» атты бөлімдерінде өз өнерлерін паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

Атап айтсақ, Батима Нүркішқызы және Гүлнар Қабыкешқызы бауырлас ұлт татар халқын сомдаса, Гүлмира Аханқызы мен Жангелді Асығатұлы өзбекше өнер көрсетті. Бақыт Амандыққызы мен Жаңагүл Қабылмәжитқызы орыс ұлты болып шықса, Ажар Қапарқызы және Рысты Шоңқабайқызы кәріс ұлтының өнеріне терең бойлады. Ал, Жұмакүл Есенқызы және Баян Рақымбекқызы даладай дархан көңілі бар өзіміздің қазақ ұлтымыздың өнерін паш етті.

Аталмыш тақырыпта іс-шара өткіземіз деп хабарласқан клуб меңгерушісінің бір ауыз сөзін жерге тастамай, бөлімдердің әрқайсысындағы басты ойды ұтымды түрде жүзеге асыру үшін аянбай, сандықтағы барша қолда бар маталарын алып шығып, әсем киімдерін қолдан тігіп, ұлттық тағамдардан жасақталған дастарханға әр ұлттың ұлттық асын даярлап, өздері таңдаған ұлттардың өнерін көрсету барысында асқан жауапкершілікпен, тиянақтылықпен, ізденімпаздық пен жаңашылдыққа деген ұмтылысын көрсете білген әр қатысушы Ынтымақ ауылының атына заты сай,  өткенін ұлықтап, болашаққа нық қадам баса алатын берекелі, мерекелі ауыл екендігінің тағы да бір белгісі  болды.

Оған дәлел – ауылымыздағы алтын құрсақты, ақ жаулықты Сағат анамыздың, қазыналы қария Амангелді атамыздың, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Болатбек Казатайұлының және барша жиналған көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі болды.

Ауылымыздың өнерпазы Ғазиз Нұрғазының әсем әндері мерекелік кештің көрігін қыздырып, көрермендердің көңілін көтеріп тастады.

Әр қатысушыны марапаттап, бағалы сыйлықтар сыйлауға демеушілік көрсеткен «Ынтымақ» шаруа қожалығының атынан құттықтау сөз және музыкалық сәлем жолдаған Бегалы Ералыұлына айтар алғысымыз шексіз.

Қазақстанымыздың қуаттылығы мен басымызға қонған бақытымыз бірлігіміздің берекесін арттыра берсін, бейбітшілік мәңгі ажырамас серігімізге айналып, еліміз бен жеріміз, халқымыз есен-сау болсын! Бұл мереке бізбен бірге ғасырларға ұлассын.

Көзінің ағы мен қарасындай, бір қолдың  саласындай, татулықты ту еткен еліміз аман болсын!

 

Назым Майкөбенова,

Ынтымақ ауылдық клубының

 меңгерушісі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?