taza-kaz

Ынтымақ пен бірліктің белгісіндей


04.05.2024

Халықтың қазынасы, рухани байлығы - тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнерін дәріптеуші мәдени бұрыштардың қоғамға маңызы зор. Өріс жайып,  өсіп келе жатқан жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруде өзіндік маңызы жоғары мәдени бұрыштар арқылы құндылықтарымыз дәріптеледі. Ақбел ауылдық клубында ашылған «Ақ отау» ұлттық мәдени бұрышы да дәл осы бағытта жұмысын жалғастыруда.

Еліміз егемендік алған күннен бастап, бопсадан босағада қалған ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтары нығая түсіп, дәріптеле бастағаны әлемге аян. Осы тұста 1996 жылы ауданымызға қарасты барлық ауылдық клубтарда қазақтың қазақылығын дәріптеген мәдени бұрыштар ашыла бастады. Осы қатарда Ақбел ауылының «Ақ отау» бұрышы да бартұғын. Басынан сан қилы заманды кешсе де, ата-бабаларымыз ұлт үшін күресіп, қазақтың иісі аңқыған құндылықтарымызды сақтай білді. Аллаға шүкір, бүгінгі күні еліміздің еңсесі биік, заңы, тілі, бағыты, мақсаты айқын мемлекет. Күллі әлем қазақты оюы мен қара домбырасы арқылы таниды. Ал 1996 жылы Арқа жерінде алғаш рет аталып өткен ұлт мейрамы – наурыздың дәрежесі жыл санап жоғары көтеріліп келеді.

Ұлттық мәдени бұрыштар тек құндылықтарымызды дәріптеуші құрал ғана емес, бірнеше ұлтты бір шаңырақ астына біріктірген мемлекетіміздегі бірлік пен берекені көрсетуші екендігін ұмытпауымыз қажет. 140-қа жуық ұлтты біріктірген еліміз ешкімді бөліп, жарған емес. Елімізді Отаны еткен әр ұлтқа өз дінін, өз салт-дәстүрін ұстануына еркіндік берілген. Ауданымыздың өзінде әр ауылда сол жерде тұрып жатқан ұлттардың ұлттық мәдени бұрыштар бар. Сол себепті де, Қазақстан күлі әлемге қаншама ұлтты біріктірген ынтымақ пен бірліктің ұясы атанды.

Жерімізде тұратын әр ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнері мен мәдениетін, әдебиетін танып білуде біздерге ұлттық мәдени бұрыштар үлкен көмек береді. Соның ішінде мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақы құндылықтарды дәріптеушілердің бірі болған «Ақ отау» ұлттық мәдени бұрышының ашылуы жайлы қысқаша айтып өтсек.

Ұлтымның ертеңгі болашағы, ата-дәстүрдің асыл мұрасы деп сақтап келген ұлттық құндылықтарды ауыл ішіндегі тұрғындардан аманат етіп алып таныту, дәріптеу мақсатында мәдени бұрыш ашуды қолға алғандар қатарында Ақбел ауылдық клубының меңгерушісі Гауһар Ғылымқызы Молдабаева үлкен еңбек жасады десек артық болмас.

1971 жылы 24 сәуір күні Ақбел ауылында дүниеге келіп, өз өлкесінен білім алған Гауһар Ғылымқызы алғашқы еңбек жолын осы ауылдан бастаған. 1989-1992 жылдар аралығында Қарағанды қаласының мәдени-ағарту училищесінің – клуб қызметкері және мәдени-ағарту  жұмысының ұйымдастырушысы мамандығы бойынша аяқтап, 2004-2007 жылдар аралықтарында Қазақстан-Ресей университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бакалавриатының толық курсын аяқтап, білімін шыңдаған ол еңбек жолын 1988 жылы клуб үйінде көркемдік жетекші болып бастайды. 1990 жылы клуб меңгерушісі болып қызметі өседі. Меңгерушілік қызметі басталған жылдан ұлттық дәстүр, өнерімізді жастарға танытып, дәріптеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруды бастады. 1996 жылы басшылықтан клуб ішінен ұлттық мәдени бұрыш ашу керек екендігі айтқан тапсырманы алады. Әріптесімен бірлесе келе «Ақ отау» атауы таңдалып, ауыл ішінен ұлттық құндылықтарымызға жататын бұйымдарды жинау жұмыстары басталады. Ата-анамның көзі, құны жоғары асыл мұрам деп бұйымдарын сары алтындай сақтаған ауыл халқы бірден қолында барын Гауһар Ғылымқызына бере қоймайды. Тек бұл мәдени бұрыштың мақсаты, болашақ ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі қандай екендігін білгенде ғана Гауһар Молдабаеваның қолына аманат ретінде табыстады.

Ауыл ішінен жиналған қолдан тігілген бұйымдар  көрпе жастық, тойбастар, домбыра, қобыз, қамшы, бас киім түрлері, ұлттық шапандар мен қамзолдар, бесік және тағы да басқа заттар бүгінде көрер көзге жылылық сыйлап, мәдени бұрыш төрінен орын алған.

2004 жылы қызметін ауыстырғанмен 2011 жылдан қайтадан клуб меңгерушісі лауазымын алған Гауһар Ғылымқызы өз қолымен жинақтап шыққан бұйымдардың шаң басып тұрмай, өсіп келе жатқан жас өркеннің тәрбиесіне үлес қосуына қызмет жасап келеді.

- Ақбел ауылдық клубында 8 үйірме жұмыс атқарады. Олар: би, домбыра, қолөнер, жастар және балаларға арналған драма үйірмесі, балаларға және орта жастағы адамдарға арналған вокал үйірмесі. Сонымен қатар «Ақ отау» ұлттық қазақ бұрышы, әуесқой бірлестігі жұмыс атқарады. Құрамында  он адам бар. Егде жастағы апаларымыздан бөлек жастар да қатарымызда. «Ақ отау» ұлттық бұрышы жыл барысында жоспарланған жоспары бойынша жұмыс атқарады. Жыл барысында әр түрлі тәрбиелік сағаттар, кездесулер, балалармен ұлттық құндылықтар туралы айтылатын іс шаралар өтіп тұрады. Қазақтың ұлттық тағамдары, қазақтың ұлттық киімдері, қазақтың салт дәстүрлері, оның ішінде бесікке салу, түсау кесу, тағы да басқалары бар. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Әке- асқар тау, ана -сарқылмас бұлақ», «Кестелі орамал» сияқты тәрбиелік сағаттар өткізіледі,- дейді Гауһар Молдабаева.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бірлік пен ынтымақ - басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді» деген еді. Күшіміз, мықтылығымызды танытар татулығымыз бір-біріміздің құндылықтарымызға сыйластықпен қараудан басталатындығын ұмытпауымыз керек. Бұл тұрғыда ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтушы - этномәдени бұрыштардың атқарар қызметі зор. Этномәдени бұрыштар - елімізде мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың тұрмыстық мәдениетін, салт-дәстүрін таныстырып, бейбітшіліктің айшықты белгісіндей болып келеді.

Сөз соңында, қазақ жерінде ұлтаралық келісімді нығайтуда, барлық халықтардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениетін жаңғыртуда, жастарды отансүйгіштікке баулу мақсатында өз орны бар ұлттық мәдени бұрыштарымыздың қызметі жандана берсін дегіміз келеді.

Б.Жакешова

 

Суретте: мәдени бұрыш мүшелері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?