taza-kaz

Өнері - өмірі


12.04.2024

Сәуір айының 5-жұлдызында аудандық Мәдениет үйінің коворкинг залында «Рухани жаңғыру» жобасының аясында Үштөбе тірек мектебінің көркем өнер, еңбек пәнінің ұстазы Берік Амантайұлы Қарашолақовпен Ботақара кентіндегі С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің және Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушылары кездескен болатын. 

Өнердің қай түрі болмасын адамның жан дүниесіне керемет әсерін тигізеді. Әрбір туындыны жүз ойланып, мың толғанып өмірге алып келген жан осы дүниесінен басқа адам қуанып, үлкен әсер алса өзі де рахаттанып, шаттанып, төбесі көкке жетеді. Басқа адамнан естіген жылы сөзі ол адамға өзге де дүниелер жасауға қанат бітіреді. Берік Амантайұлы 1963 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылында өмірге келген. Бала кезінен ол кісінің өнерге құмарлығы сурет салу өнерін таңдауына алып келген. 2004 жылдан бастап Үштөбе тірек мектебінде сабақ береді.

Берік Амантайұлы балаларға кездесуге келгендеріне уақыт тапқаны үшін рахмет айтты.

- Сіздердің жүректеріңізге өнерді ұялатсам, мен де рухани ләззат аламын. Еліміздің ертеңі - жас ұрпақ, сіздер әлдісіздер, күштісіздер, мен де сіздерден қалыспайын деп, осындай жұмыстар жасадым. Тастан түйін жасауға да болады. Суретті қарындашпен, бояулармен салады.

Қарапайым пластилиннен де керемет заттар жасауға болады. Ол сіздерше 3Д сурет деп аталады. Көркем еңбекте ешқандай материалдың қолданылуы  шектелмейді. Дүкендерде сатылатын түрлі-түсті жіптерді алдым, ағашқа матаны кердім, автопортрет жасадым. Сосын Алаш зиялыларының суреттерін неге тікпеске деген ойға келдім. Ең алдымен олардың өмірін зерттедім. Ол кісілер туралы жазылған әдебиеттерді оқыдым. Қай қайсының өміріне қарасаң, тағдырына үңілсең, көзіңе жас келеді. Олардың бәрі қазақ ұлтының өмірін қалайша жақсартамын, қалай жеке мемлекет қыламын, Жапонияға бағытталған экономика жасаймын деп қалың ойға шырмалғандарын айтты.

Алаш зиялыларының мақсаттары, еліне тілеген жақсы тілектері мен ниеттері олардың жазықсыз атылуына алып келді. Берік Амантайұлының жүрегінен бастау алып, өнерлі қолдарынан шыққан туындылары осы жерге әкелініп, көрермендердің назарына ұсынылды. Ұлы Абайдан басталып, Бұқар жырау, Қасым Аманжолов, А.Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханұлы, С.Сейфуллин, Шәкәрім, Әлімхан Ермеков, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Ақселеу Сейдімбеков  т. б. портреттері төрден орын алды. Ол кездегі осындай адамдар қазаққа қалай жақсылық жасасам деп әрекет етсе, қазіргі осы кісілердің жасындағы 30 -40 жастағы адамдар қазақ елін ұрлап, тонап, түрмеде отыр. Олардың идеялары жақсылық жасау болса, бұлардың идеялары жеке бастың қамы, ақшаға келіп тіреледі. Ұрпақтар арасындағы қарама-қайшылық осындай.

Мен қаншама зиялылардың бейнесін айнытпай жасасам да оларға жан бере алмаймын, оны беру тек Алланың қолынан келеді дейді.

Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл үшін күрес – ел үшін күрес», Мағжан Жұмабаев «Арыстандай   айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін», Қасымның «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы, Танимысың сен мені, Мен қазақтың баласы» деген цитаталары мен өлең жолдарын оқып берді. 

Мұхтар Әуезов тіпті ұстаздың түсіне де кіріпті. Абайды, оның өмір жолын әлемге паш еткен Мұхтар Әуезовтың портреті де Алаш зиялыларының қатарында. Жұмабек Тәшеновтың Қазақстанның бес облысын алып қалғаны үшін лауазымынан шығарылып, қарапайым жұмысқа ауысқанына да тоқталды. Ол кісі Астанаға барар жолдағы Аршалының тумасы екен.

Ол кезде қазақты қыру үлкендерді қырудан басталған. Өйткені үлкен кісілер білімді болған, жиған-түйгендерін, өмірден қорытқандарын  өскелең ұрпаққа айтып қоймасын деп, ең алдымен олардың көзін жойған дейді ұстаз кездесуге келген балаларға.

Қандай да болмасын өнер – өмірде болған оқиғаларды өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Сурет өнерінің мақсаты – дүниені, адамды, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру.

Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қатынастары мен өмір жолы, атқарған ізгілікті істері тұрады. Суреттеу тәсілі, құрылымы, көркем бейне жасаудың материалдық арқауы өнер түрінің ерекшелігін айқындайды. Өнер туындысы адам сезіміне қозғау салып, баяндалған, қағазға салынған оқиғаны, адамды сол кейіпкердің қуанышына сүйіндіріп, қайғысына күйіндіріп, эстетикалық ләззатқа бөлейді. Осындай суретшінің жан дүниесінен буырқанып шыққан дүниелер адамдардың жүрегінен орын алып, санасына жол тартады.

Осы шарада Берік Амантайұлы Алаш зиялыларының суреттерін қалайша салғанын, тіккенін айтып, көрсетіп, балалар да оларды жасап көрді.

- Ұлы Абай өзінің 38-қара сөзінде Алла тағаланың сегіз бейнесі бар екенін айтады. Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин - ғылым, өнер, күш-қуат, махаббатты - бәрін адам баласына берді. Өзіне сая тапты. Алла тағала маған сурет салу өнерін берді. Екі адамның бірі сурет салуды білмейді ғой. Сондықтан, мен осындай дүниелерді өмірге әкелдім. Осы шығармаларымды сіздерге таныстырып, оларға сіздердің сүйсінгендеріңізді көріп, мен де өзім үшін үлкен ләззат алып тұрмын, - дейді.

Бұл шеберлік сыныбы сабағында оқушылар да өздері үшін үлкен рухани азық алды деп ойлаймыз. Шара соңында оқушылар қол шапалақпен ұстазға құрмет көрсетті. Ұстаздың сабақ барысында айтқандарының барлығын қызыға тыңдап, керемет әсер алдық. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы адаммен кездесу ұйымдастырған аудандық музей басшылығы мен ұжымына алғыс айтамыз.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: ұстаздың туындыларынан көрмені оқушылар мен ұстаздар тамашалады.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?