taza-kaz

Болар бала – Аңсар


04.04.2024

Доскейлік 13 жасар әнші Аңсар Әбдірахман отандық жоба «Бес жұлдыз» байқауына қатысып, өз бағын сынап қайтты. Аңсар әнші ғана емес, кәсіпқой мобилограф. 12 жасында алғашқы 1 миллион табыс тапқан талапты бала.

«Хабар» арнасында басталған жаңа жоба - «Бес жұлдыз» мегашоуының мақсаты – дарынды, талантты, танымал болмаған жастардың жұлдызын жағып, тұлға ретінде қалыптасуына жол көрсету. Жоба барысында өнер көрсеткен жас әншіге 30 сарапшы өз бағасын береді. Тек қана баға беріп қоймай, өз қолдауларын, көмектерін де ұсынады.

Екі айналымнан тұратын жобаның бірінші кезеңінде Аңсар Әбдірахман «Ninety one» тобының «Oinamaqo» әнін ерекше ырғақта орындап беріп, сарапшылардың жоғарғы бағаларына ие болды. Ал екінші айналымда гитарамен шыққан Аңсар тәлімгері Айқын Төлепбергенмен бірге «Бір досың керек екен» әнін орындап шықты. Екінші кезеңде сарапшылар жерлесімізге ерекше ілтипат танытып, әнші-композитор Ұшқын Жамалбек Аңсарға авторлық ән сыйлағысы келетіндігін айтты.

Аңсар Әдірахман Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің оқушысы. «Мирас» өнер мектебінің вокал сыныбының түлегі. Қазіргі уақытта сабақтан тыс «Мирас» өнер мектебі мен №86 мектепте дәстүрлі ән сыныбына қатысып, өзін дамытуда. Ол гитара, домбырада еркін ойнап, мобилография саласымен айналысады.

«Бес жұлдыз» жобасына дейін-ақ танымал болып жүрген Аңсар талай бағдарламалар төріне шақырылып, өз өнерімен көпті таң қалдырған болатын. Ата-анасының, ұстаздарының қолдауымен «Қазақстан дауысы», «Бес жұлдыз» жобаларында әнші ретінде бақ сынап жүрген, «Астарлы ақиқат» бағдарламасында 12 жасында мобилография саласымен алғашқы 1 миллион табыс тапқан талапты жігіт ретінде танылған болатын.

- Менің әнге деген жақындығымды байқаған ата-анам мені «Мирас» өнер мектебіне вокал сыныбына берді. Аталарым да, ата-анам да, қарындастарым да өнерге, әсіресе әнге жақын жандар. Осылайша мен әнге, сахнаға келдім. Ал мобилограф болу менің сүйікті ісім десем болады. Мен осы салаға қызыға бастағанымда менде ескі телефон болатын. Менің қызығушылығымды қолдайтын ата-анам маған жаңа телефон мен курстар сатып алып берді. Осылайша, мен іздене келе мобилограф ретінде видеолар түсіре бастадым. Әсіресе жаз айларында тапсырыс көп болады. Алғашында жай ғана қызығушылық болған ісім табыс әкеле бастағаннан соң ата-анама да қолқабыс көрсете бастадым, - дейді Аңсар Әбдірахман.

Сапалы түсірілген видеолары арқылы танылып, жас мобилограф болып «Астарлы ақиқат» бағдарламасына шақырылған Аңсар «Бес жұлдыз» жобасына да интернет желісінде танымал болған видеосы арқылы шақырылған екен.

- Жазғы лагерьден қайтып келе жатқанымызда жетекшіміз менің гитарамды көріп, ән орындап беруімді өтінді. Мен сол кезде «Кездесу мен қоштасу» әнін орындаған болатынмын. Поездағы осы көріністі жолаушылардың бірі видеоға түсіріп, «Tik Tok» желісіне салып жібереді. Видео осылайша таралып, «Той думан» парақшасына шығады. Сол жерден мені бақылаған жобадағы тәлімгерім Айқын Төлепберген хабарласып, «Бес жұлдыз» байқауына қатысуға шақырту жасады. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болған соң, әрине қатты қуандым, - дейді Аңсар Әдірахман.

Ата-анасының ақ батасы мен қолдауы, ұстаздарының берген білімімен қанаттанып, биік шыңдарды бағындырып жүрген Аңсар бүгінде инстагарам парақшасын дамытып, әншілікпен қатар мобилография саласын алып жүр. «Осының барлығына уақытыңды қалай жеткізесің?» деген сұрағымызға ол «қалаған заттың барлығына, көңілің сүйіп тұрған істің баршасына уақыт табуға болады» деп жауап берді. Болашақта әнші болуды армандайтын жас талапкер осы жолдағы алғашқы қадамдарын нық басып келеді. Алдағы «Азия дауысы» жобасынан бой көрсетсем деп жүрген талантты бауырымызға сәттілік тілейміз.

Ауданымыздың атауын асқақ, мерейін үстем етіп жүрген Аңсардай талантты баланы дүниеге әкеліп, әкенің тәлімі мен ананың ақ сүтімен бойына дарыған өнерін өрге сүйреп жүрген отбасысына, ұстаздарына алғыс білдіргіміз келеді.

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?