taza-kaz

“Келіні жақсы үйдің керегесі кең”


04.04.2024

Наурыз айының 15-жұлдызында Бұқар жырау ауданының мемлекеттік архиві мен      аудандық орталық үлгілі кітапханасы бірігіп, Наурызнаманың онкүндік шеңберінде «Келіні жақсы үйдің керегесі кең» атты келіндер сайысын өткізді.

Наурыз біздің ұлттық болмысымызды айшықтайтын, ықылым заманнан бері келе жатқан халықтық салт-дәстүрлерімізді ұлағаттайтын, қастерлейтін, насихаттайтын мереке. Атаулы сайыстың да  басты мақсаты – қазақ халқының келінге қатысты ежелден келе жатқан салт-дәстүр, қағидаттарын жаңғырту, әр әулеттің алтын қазығы - келіннің ұлт болашағы үшін салиқалы, салмақты орнын айқындау, насихаттау. Қазақ қыздарының бойына ұлттық тәрбие мен мәдениетті сіңіріп, әйелге тән нәзіктік пен мейірімділікке баулу болатын.

Сайысқа архив қызметкерлерінен құралған «Пай-пай архивтің келіндері-ай» және кітапхана қызметкерлерінен құралған «Қызғалдақтар» тобы бақ сынасты. Келіндер сайысын тамашалауға ауданымыздың ардагер әжелері, жас келіндер мен жастар қауымы жиналды. Әр келін 5 кезең бойынша бақ сынасты. Ол: «Қане, таныс болайық!», «Ойлы болсаң, озып көр» (салт-дәстүр аясындағы сұрақтар), ұлттық салт-дәстүрдің бірін көрсету, «Аспаздың шеберлігі (тағам жасау), «Ас - адамның арқауы» (әр топтың дайындаған мерекелік дастарханы).

Үлкен дайындықпен келген келіндер сайыста ерекшеліктерімен жұртты сүйсіндіріп, көптің көңілінен шықты. Атаулы шарада «Шашбау тағу», «Бесікке салу» сынды дәстүрлермен қоса Наурыз көже, бауырсақ, ши бауырсақ, ақтан жасалған тағамдар сынды ұлттық  құндылықтарымыз насихатталды. Сонымен қатар, кітапхана қорында бар әдебиеттер мен тақырыпқа сай  кітап көрмесі де қойылған.

Сындардан сүрінбей өткен келіндерге әділ бағасын беріп отырған қазылар алқасы құрамы келіндерді бөліп- жармай, номинация беруді ұсынды. Осылайша шебер де, өнерлі келіндерге пысық келін, байсалды келін, инабатты, көрікті келін деген номинациялармен қатар бағалы сыйлықтар да берілді. Мерекелік кешті «Руханият» қосымша білім беру мектебінің өнерпаздары дәстүрлі әндерімен көркейтті. Кеш соңында келген қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Наурыз мейрамы қарсаңында өткен тағылымды шараның мәні мен маңызы жайлы аудандық архив басшысы Д.Шибаева тоқталды:

- Наурызды қазақ қана емес, түркі және иран халықтары жылдың басы ретінде тойлайды, бірақ қазақ халқының ұлыс күнінде атқаратын көп салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ерекше.

Бұл мереке қазақта 1-2 күн емес, 10 күнге дейін, тіпті бір айға дейін тойланған. Қазақ халқы ауыл-ауылға қыдырып, қонақ шақырысқан, құда түсіп, келін түсіріп, қызға ұрын барған. Осындай салттың бәрі ұлыс мерекесіне орайластырылған. Біздің бүгінгі ұйымдастырып отырған шарамыз да осы мақсатта. Келіндер сайысының мақсаты - ол тек қана қыздардың өнерін сынау емес. Ол ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақылығымызды таныту.

Бүгінгі төрімізде отырған қызымыз ертең бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні, болашақ ана. Сондықтан әрбір қазақ қызы өз шаңырағының бақыты болсын дейміз. Сахнада да сәлемін үзбеген инабатты келіндер бір-бірін қолдауға дайын, шаттығы шалқыған отбасылардың қатары арта берсін, - деді.

А.Ерубаева

Д.Торжановтың суреттерінде: әнші Саян әндері - ай; келіндер сайысы; әжелер өнері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?