
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Ұлттық мерекеміз жалғасын тапты
28.03.2024
Биыл өлкемізде Наурыз мейрамы өзгеше тойланды. Ұлық мейрамның құрметіне аудан деңгейінде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Халықтың да көңілі ерекше шат-шадыман болды. Жаңару мен тазарудың мерекесіне айналған бұл күн шынымен де көңілдерді тазартып, жүректерді жібітті. Тойшыл қауымның көңіл-күйін бұзбайын дегендей күн де ерекше нұрын төгіп тұрды. Аудандық мәдениет үйінің алаңында киіз үйлер тігіліп, мерекелік сахна салтанаттың сәніне айналды. Қазақстанның өнер шеберлері, атақты жерлестеріміз Сәкен Әлімханов мен Дихан Ілияшев жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ботақаралықтар мен кент қонақтары үлкен Наурыз думанның куәгері болды.
Аудан орталығында ұжым, мекемелер және кент тұрғындарының салтанатты шеруінен басталған ұлық мейрам аудандық Мәдениет үйінің алаңында өтетін мерекелік бағдарламаға қарай ығысты. Онда жиналған қауым үшін қолөнер көрмелері мен ойын алаңдары, сонымен қатар Әз-Наурыздың құрметіне орай ұйымдастырылған ұжымдар арасындағы «Кешегі күн - бүгінге тарих» өнер сайысы, жылдағы дәстүрге айналған «Наурыз тілек» байқауы өтіп жатты және «Аспаннан нұр жаудырған, құт Наурызым!» концерттік бағдарламасы да ұйымдастырылды.
Алаңды әсем ән мен тәтті күйге бөлеген өнерпаздарды тамашалаған тұрғындардың саны сағат санап арта түсті. Қазақтың ұлттық киімін киген жастар қалың топқа айрықша сән беріп, өзгелерден ерекшелене түсті.
Айлардың сұлтаны Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мереке ерекше көңілді леп әкелді. Тойшыл қауым әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, ұлттық ойындарды тамашалады. Оның ішінде жігіттер күресіп, кір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан маңында бас қосты.
Этноауылда ұйымдастырылған қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап, мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың. Жиылған халық Наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре болды. Бір-бірімен көріскен жұрт қазақтың жаңа жылында ақжарма тілектерін жаудырып жатты. Түс ауғанша жалғасқан бұл шара осылайша тәмәм болды. Ұлық мейрамды тойлау кешкілік жалғасын тапты.
Ұлыстың ұлы күніне арналған «Қыран жігіт, Аққу қыз» байқауына барлығы жеті үміткер қатысып, бақ сынады. Оның бесеуі қылықты қыздар болса, екеуі жүректі ұлдар еді. 5 кезең бойынша бабы мен бағын сынаған қатысушылар бар өнерін салды.
Ұлттық мерекенің мәні мен маңызы кешегіден келе жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны бүгінімізбен сабақтастыру арқылы ашылмақ. Осынау мақсатта «Ескірмейтін есті сөз» деп аталған бөлімде қатысушыларға ұлттық жоралғы, салт-дәстүрлер туралы сауалдар қойылды. Мерекелік кешке жиналған көпшілік «Ұрын бару», «Жеті жетім», «Жеті қазына» сияқты кешегінің қойнауына кетіп бара жатқан ұлттық ұғымдарды жаңғыртты.
Қазақтың аққу мойын сұлу қыздары мен қырандай қайсар азаматтарының саханада тізіліп тұрғанының өзі көз қуантатыны хақ. Құндыз жағалы бешпент, оқалы бөрік, бүрмелі көйлек киіп, сән-салтанатын асырған сайыскерлер тұрған тұрыстарымен ғана емес, шеберліктерімен де, өнерлерімен де сұлу екендіктерін танытты. «Шебердің қолы ортақ» деген бөлімінде Аскер Ақжол есімді сайыскер асықтан домбыра мүсінін жасаса, Сарбасов Аяз матадан қабырғаға арналған картина жасау жолын көрсетті. Одан бөлек бұл бөлімде қазақы кәжекей, мақтадан жасалған алаша, моншақтан жасалған сөмке сынды қолөнер бұйымдары да көрсетілді.
Өз өнерлерін ортаға салған додада жігіттер мен қыздар бір-бірінен қалыспады. Бірі «Аққу биін» мың бұрала билесе, кейбірі топ болып шығып «Құдаша» әніне пародия жасады, енді бірі жанды дауыста ән салса, бірі сахналық қойылым қойып жатты, тіпті «Қажамай» биін заманауи стильде орындаушылар да табылды.
Бұл күні ұлттық тағамдардан, ұмыт бола бастаған «үлпершек», «қарын бұрме», «сірне», «әсіп» қайта жаңғырып, әділқазы алқасының алдына қойылып жатты.
Байқау болған соң оған қатысушылар жасаған бұйымдарын, тағамдарын өз қолдарынан шыққанын нақтылап, арнайы түсірген бейнероликтер арқылы дәлелдеді. Қазылар қауымымен бірге еңбек процесін үлкен экраннан көрермен қауым да тамашалай алды.
Сайыс болған соң, қорытындысы да болуы тиіс. Қазылар қауымы ақылдаса келе, қағазға түскен баллдарды қоса отырып, жеңімпаздарды анықтады. Түн ортасынан ауып кетсе де, тарамаған көпшіліктің көз алдында жеңімпаздарды әділқазылар құттықтап, Хайролмәжит Ақботаны, Халидолда Саяны, Оралбай Жанарды 3-орынға лайық деп таныса, 2-орынға «Руханият» қосымша білім беру орталығының намысын қорғаған Өскенбаева Зарина мен Ауеспекова Мерейді таңдады, жүлделі бірінші орынды Ю.А.Гагарин мектебінің абыройын асқақтатқан Аскер Ақжол қанжығасына байласа, бас жүлдеге төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Сарбасов Аяз лайық деп танылды. Барлық жүлдегерлер мен қатысушылар ақшалай сыйлықтар мен ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Осы кеште күндізгі бағдарлама бойынша өткен барлық байқаулардың нәтижесі шығып, марапаттау рәсімі атаулы байқаудан соң жалғасын тапты. Сонымен, «Наурыз тілек» байқауы бойынша «Руханият» қосымша білім беру орталығы мен аудандық архив, аурухана ұжымдары 3-орынды бөлісті, аудандық кітапхана мен Ю.Гагарин мектебі 2-орынды қанжығаларына байлады, ал бас жүлдеге аудандық Мәдениет үйі лайық де танылды.
«Кешегі күн - бүгінге тарих» байқауы бойынша бас жүлде Ю.А.Гагарин атындағы мектеп ұжымына бұйырса, жүлделі 1-орынға С.Торайғыров тірек мектебі лайықты болды, 2-орынды аудандық Мәдениет үйі қанжығасына байласа, 3-орынды аудандық аурухана ұжымы мен «Руханият» қосымша білім беру орталығы бөлісті.
Көңілдерді шадыман еткен марапаттау рәсімі Қыдыр атаны қарсы алуға ұласты. Одан әрі мерекелік отшашу орын алып, Ботақара аспаны сан түрлі бояумен ажарланып, еліміздегі ең әсем жердің бірі екенін тағы да паш етті. Думанды кеш мерекелік би кешімен жалғасын тапты.
А.Ерубаева
Д.Торжановтың суреттерінде: кешкілік бағдарламаның есте қалар сәттерінің көріністері.