taza-kaz

«Тағдырым, саған ризамын!»


28.03.2024

Наурыз айының 27-жұлдызында аудандық кітапхананың бастамасымен әрі мәдени ұйымдардың қолдауымен ардагер кітапханашы, мәдениет майталманы, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматшасы Шибаева Мүгілсім Ғұбайдоллақызының «Тағдырым, саған ризамын» атты тұңғыш кітабының тұсау кесер рәсімі жоғары деңгейде өткізілді.

Атаулы шараның ұйымдастырушысы, аудандық кітапхана әдіскері Асқарова Майгүл Насырқызының жетекшілігімен өткен бұл шара аудан тарихындағы ең елеулі, ең жоғары дәрежеде өткен шаралардың бірі болды. Әр айтылған сөз, қолданылған мәтін, сүйемелденген әуен, тіпті сахналық нөмірлер барлығы-барлығы Сәуле апайға тікелей байланысты болды. Сахнадағы әр сәт кеш иесіне өткендегі естеліктері мен жетістіктерін еске салып тұрды. Ал осының барлығын үйлестіре білу үлкен шеберлікті, әрі тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Мүгүлсім  Ғұбайдоллақызы:

- Майгүл ұйымдастырған шараның  төмен деңгейде өтуі мүмкін емес. Өзім баяғыдан Майгүл мен Сандуғашты қос қанатым деймін, - деген еді.

Шара Ғ.Мұстафин кенттік «Эдельвейс» хореографиялық-ансамблінің «Менің Қазақстаным» атты композициясымен шымылдығын ашты. Бұл шығармашылық топ та кезінде Сәуле Ғұбайдоллақызының қолдауымен ашылған еді. Бүгінгі күні өзі баптаған шәкірттерінің шәкірттері  шетел асып, биік шыңдарды бағындырып жүрген жайы бар.

Одан әрі шара ешкім күтпеген, Сәуле апайдың ғұмыр тарихында болмаған өте әсерлі қойылыммен жалғасты. Ол өзі дәнін сепкен ансамбльдің ортасында  «Қайтарыңдар бақытты күндерімді менің» деп ән шырқауы еді. Әннің сөздері жүректерді шымырлатқаны сөзсіз, ондағы «Қайтар едім сол күндерге қайтадан, бұрып алып  тағдырымның кемесін» сынды шумақтары замандас ұжымдастардың көздеріне жас келтірді. Әуезді ән әдемі рәсіммен жалғасын тапты. Шараның әу бастағы мақсаты - жаңа кітаптың  тұсау кесу рәсімін өткізу еді. Солай болды да. Атаулы рәсімді өткізу құрметі 39 жыл кітапхана саласына еңбек сіңірген маман, Ғ.Мұстафин кенттік көпшілік үлгілі кітапханасының меңгерушісі Сүлейменова Гауһар Досымханқызына, 34 жыл еңбек өтілі бар аудандық ақпараттық-библиографиялық бөлім меңгерушісі  Рахимова Ботакөз Төлеутайқызына, Доскей ауылдық кітапханасының мәдени ұйымдастырушысы, ақын, әуесқой сазгер, мәдениет саласына 40 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Бләлова Дариға Рақымқызына, 45 жыл жалпы еңбек өтілі бар «Зерде» бейнемобилінің қызметкері Елжанов Жұмағали Айханбайұлына, 39 жыл еңбек өтілі бар қадірлі маман, Шешенқара ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Борашева Жанна Амангелдіқызына, Ақбел ауылдық клубының меңгерушісі, 36 жыл еңбек өтілі бар маман Молдабаева Гауһар Ғылымқызына табысталды. Ал мәдени мұраны өз жауапкершілігіне алып, сөз сөйлеген Бұқар жырау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры- ның міндетін атқарушы Жұмкенова Гүлайым Қабдуалиқызы:

- Кітапханамыздың өлкетану қорына тағы бір кітап қосылды. Біз өте қуаныштымыз. Бұл сіздің алғашқы туындыңыз, алғашқы деуім тегін емес, қаламыңыз мұқалмай, тағы да жаңа туынды шығаратыныңызға сенеміз!, - деп жылы лебізі мен сенімін білдіріп, барлық кітапханашылардың атынан байғазысын табыстады.

Одан әрі сахна төріне «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің маманы Абеуова Майра Халелқызы шақырылды. Майра Халелқызы ақжарма тілегінен соң кеш иесіне жеміс-жидектерден жасалған гүл шоғын табыстады.

Құттықтау тілектердің легін аудандық мәслихат төрағасы Әли Асхат Сағадиұлы жалғады. Ол кісі Сарыарқаның Сәулесі атанған дара тұлғамен замандас болып, бір уақыттарда қызмет атқарғанын аса мақтанышпен, құрметпен еске алатынын жеткізді. Сондай-ақ  жалпы қызметіне, тырнақалды туындысына жоғары баға беріп қана қоймай, байғазысын және мәслихат ұжымы атынан Алғыс хат табыстады. Ал аудан әкімінің орынбасары Арман Шалиұлы Дардаков құттықтау сөзінен соң әкімдік атынан, мәслихат атынан  шапан жауып, гүл шоқтарын ұсынды. 

Кітаптың тұсау кесер рәсімінен соң, архив басшысы, кеш иесінің сіңілісі Шибаева Дана Ғұбайдоллақызы мәдениет қайраткері, аудандық мәдениет бөлімін 40 жылдай басқарып, ауданның дамуына тыным таппай белсенді қызмет жасап, өскелең ұрпақты патриотизм және туған жерге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан Мүгүлсім Ғұбайдоллақызымен архивтік құжаттарды тұрақты мемлекеттік сақтауға қабылдау-тапсыру актісіне қол қою рәсімін өткізді.

Келесі кезекте шараның негізгі, қызықты бөлігі - кітап желісімен сұхбат құрылды. Онда 6 тақырыпқа бөлініп қамтылған бөлімдерге жеке-жеке тоқталып, мәніне қарай сұрақ қойылды. Апайдың көп ашылып, өмірінен сыр шерткен кезеңі осы еді. Сырлы сұхбат ол кісіге ата-анасын, қызмет жолын, қадірлі замандастарын еске түсіртті.

Сұхбат арасында апайымыздың туған жері Семізбұғы өлкесіне арнап ақын Ақан Құмайдың сөзіне Қ.Шыныбектегінің жазған  «Семізбұғым - сезім жырым» әні бауыры Данияр Ғұбайдолланың орындауында шырқалды. Өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігі байыз таптырмай, орнынан тұрып, сөзіне ілесе отырып, бірге шырқады.

Мәдениет майталманын құттықтау бағдарламасына ауданымыздың барлық мәдени ошақтары ат салысты десек артық айтпағанымыз, аудандық музей «Мәдениеттің мәрт майталманы» атты көрме ұйымдастырды. Аталған көрмеде Мүгүлсім Шибаеваның әр жылдардан сыр шертетін фотосуреттері қойылыпты. Ал, аудандық архив ұжымы «Еңбекқорлық пен кәсібиліктің үлгісі!» атты ақпараттық көрмесін, сондай-ақ тосын сый ретінде шет елдер Ресей және Германия елдерінен құттықтау лебізін жолдаған  замандас құрбылары- ның, әріптестерінің бейнежазбасын дайындаған екен. Онда Шевчук Виктор, Энс Луиза, Кисиль Любовь Иосифовна, Луиза Яковлевна Вайгант есімді замандас-ұжымдастарын көрген  апай таңданысын жасыра алмады. Олармен өткен қызықты оқиғаларын еске түсіріп, бір марқайып қалды.

Құттықтау бағдарламасында аудандық Мәдениет үйінің ұжымы да қалыспады. Ұжым басшысы Қазбек Талашев құттықтау тілегін білдіріп, су жаңа туындыға байғазысын табыстады. Сондай-ақ ауданымыздың гимніне айналған апайымыздың сүйікті әндерінің бірі «Шуағы күннің түскен жер» әнін шырқады. Рамазан айымен тұспа-тұс келген ерекше шараның құрметіне орай жиналған барша жамағатқа ауыз ашуға арналған бокстар таратты.

Аудандық кітапхана ұжымы бас ұйымдастырушы ретінде мерейлі шараға аса жауапкершілікпен қарады. Атаулы күнге орай барлық 38 кітапхана қызметкерлері бірдей үлгідегі қазақи желетке тіктіріп, көрермен көзайымына айналды. Кітапхана ұжымының ерекше нөмірлерінің бірі - 70-ке тарта кітапхана қызметкерлерінің «Алғыс» әні шырқалғанда, кеш иесіне гүл шоқтарын табыстауы болды. Кеш иесі жақында ғана Қарағанды төрінде 70 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өткен еді. Сонымен қатар Майгүл Насырқызы жазған «Сарыарқаның Сәулесі» атты құттықтау өлеңін жас кітапханашылар оқыды.

Әдемі шараның шымылдығы Байқадам ауылдық клубы ішінен құрылған «Асыл қазына»  үйірме мүшелерінің «Жарапазан» айтуымен жабылды. Қасиетті аймен тұспа-тұс келген шарада айтылған тілектер мен ниеттер қабыл болсын деген ниетте орындалған жарапазан көңілдерге нұр септі.   

Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы 40 жыл ғұмырын мәдениет саласына арнаған жан. Қызмет жолын 19 жасында аудандық балалар кітапханасынан бастаған. Уақыт өте келе білігі мен білімі дараланып, аудандық кітапхана басшысы болды. Аудандық кітапханалар желісін аз ғана уақыт ішінде облыс көлемінде алдыңғы қатарға көтерген еңбекқор, белсенді басшы ауданда да елеусіз қалмады.

1985 жылдың маусым айында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалды. Осының барлығы, өзінің балалық шағы мен қызметіндегі қиындықтары, оларды қалай жеңгені жайлы «Тағдырым, ризамын саған» кітабында әдемі естеліктерімен жеткізген.

Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы таныстыруды қажет етпейтін тұлға, оның өмірі аудан өмірімен біте қайнасып кеткелі қашан.       

Өңірдің мәдени өмірінде мақтанатын да, көрсетер тұстары да болды, мұның өзі бай шығармашылық қиялдың, бастамашылдықтың, мәдениет қызметкерлерінің бойындағы ынта-жігердің, намысшылдық пен мінездің мықтылығының арқасы деп сеніммен айта аламыз.

Өзінің көп жылғы еңбегімен өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ауданда, облыста еңбегі жоғары бағаланды. 2013 жылы 10-шілдеде Бұқар жырау аудандық мәслихатының 6-сессиясының шешімімен берілген «Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы» жоғары атағы ауданның жетістіктеріне қосқан үлесін мойындау болып табылады.

Сонымен қатар, адал еңбегі үшін Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы «Мәдениет қайраткері», «Күміс белгі» төсбелгісімен, 2003 жылы Қарағанды облысының мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Алтын» белгісімен, 2015 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті, облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚР ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтарының төрағасы, облыстық мәдениет басқармасы, Бұқар жырау ауданы әкімінің құрмет грамоталарының иегері және «Облыс мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін», «Мәдениет майталманы», «Мамандығына адалдығы үшін» грамоталары және көптеген алғыс хаттары бар.

Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы көп жылғы еңбек жолында есте қалатын, бағалайтын, құрметтейтін, жылы достықты сақтайтын достары мен әріптестері түріндегі сансыз байлық жинады.

М.Шибаеваның өмірі мен шығармашылығы – өнеге, кәсіби шеберліктің, еңбекқорлықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісі.

Мүгүлсім Ғұбайдоллақызын мерейтойымен құттықтаймыз. Зор денсаулық, өмірлік қуат және өркендеу тілейміз!

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: әдемі шараның әсерлі сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?