taza-kaz

Ә.Бөкейхан көшесіндегі Наурыз мейрамы


28.03.2024

Наурыз айы жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр нұр көктем.

Жарығымен, шуағымен Күн-ана,

Алып келдің жер бетіне нұр көктем!

Осыншама жақсылық,

Алып келдің Наурызым!

Төрлет бізге нұр болып,

Шуақ шашып нұр жүзің!

Жер шарын мекендеген ұлттар мен елдердің сан түрлі мейрамы бар. Ал Наурыз - қазақ халқының шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. Бұл күн мен түн теңелетін мереке. Сондықтан да халқымыз Наурызды «Жыл басы», «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды.

Қазақ халқының күнтізбесі бойынша Наурыз мерекесі көктеммен бірге келеді. Өйткені көктемде жер дүние жасарып, жаңарады, өмірге қайта келеді. Осы тіршілікпен бірге адамдардың да өмірі жанданады, жайнай түседі. Олай болса, бүкіл тіршілік атаулыны жаңартып, жақсартқан Наурызға шын ниетпен «Қош келдің, Әз Наурыз!» демекпіз.

Ботақара кентінің Әлихан Бөкейхан, 16/3 көшесінің тұрғындары болып Наурызды тойлауға кірістік. Көршілер болып жиналған кезде үйіміздің тұрғыны Айгүл Ким Наурызды тойласақ қалай болады деген ой тастаған еді, қалған  отбасылар қоштай кетіп, содан Наурыз мейрамына дайындық біздің көшеде көже мен бауырсақ пісіруден басталды.

22-наурыз күні сағат 14.00-де үйіміздің алдына екі керегені айқара ашып қойып, ұлтымыздың мейрамы екені сезілу үшін ұлттық домбырамызды іліп, ұлттық киімдермен әрлеп, Наурыз тілек, алтыбақан, сандықтар мен төр көрпелер шығарылып, көрме жасадық.

Ұлттық ойындардан балаларға асық ойнатып, далаға ұзыннан үстелдер қойылып, дастархан жайылып, әртүрлі тағамдар дайындалып, Наурызды тойлауға кірістік. Дастарханымыздағы Наурыз көже, қазақша ет, бауырсақтан дәм татып, ыстық самаурынның шайын да құйып іштік.

Әдемі көңіл-күй сыйлайтын әндер қойылып, би алаңы да ұйымдастырылды. Даланың салқындығына қарамастан, жиынымыз 4 сағатқа созылды, жақсы тілектер айтылып, көршілер мәз-мейрам болды.

Наурызды көшемізде дүркіретіп тойлауға атсалысқан отбасылар – Айтуған Оспанов ата мен Қымбат Алимова апа, Мейрамбек аға мен Ботагөз тәте Жақсыбаевтар, Анатолий мен Айгүлдің және Лена Кимдердің отбасыларына өзіміздің отбасымыздың атынан алғыс білдіреміз.

Біз Наурызды Жаңа жыл сияқты дайындықпен, салтанатпен қарсы алуды көшемізбен дәстүрге айналдырғымыз келеді. Балаларымызға жақсы естелік болсын, олар да осы дәстүрді жалғастырса дейміз. Келесі жылдан бастап бүкіл атсалыспаған көршілеріміз қатысып, Наурызды бұдан да күшті тойлауға ниеттіміз.

Ә.Бөкейхан көшесінің

тұрғындары атынан

Сәрсенбековтер отбасы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?