taza-kaz

Бақыттың кілті әйелде


15.03.2024

Жақсылықтың нышанындай, жаның сүйген адамның жып-жылы құшағындай, саф алтындай тазалығы мен сұлулығын беретін, жайма-шуақ сәулелерін төгетін, көңілдерге қуаныштар егетін, имандылық пен пәк қыздардың мінезіндей ибалылық себетін көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі, той атаулының қызығы мен берекесі – 8-Наурыз келді ортамызға, яғни нәзік жандылар мерекесі! Атаулы күнді пайдалана отырып, наурыз айының 6-жұлдызында аудандық орталық үлгілі кітапханасы өздерінің  тұрақты нәзік жанды оқырмандарының басын қосып, танымды да тағылымды «Бақыттың кілті әйелде» атты мерекелік кешін өткізді.

Құрметті оқырмандардың қатарында ауданымыздың әр саласында жүрген бетке ұстар арулар аудандық архив басшысы Дана Ғұбайдоллақызы Шибаева, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Жанар Сағатқызы Нұрланова, кент әкімдігінің бас маманы Айгерім Байделдинова, аудандық СЭББ бөлімінің маманы Виктория Закирова, кәсіпкерлер палатасының төрайымы Ақлима Дакирова, экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Дарья Теміржанова, «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұстазы Айгүл Қайроллақызы, мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің бас маманы Майра Халелқызы, С.Торайғыров тірек мектебінің тәрбие ісі бойынша меңгерушісі Динара Ғалымтайқызы болды.

Шара «Руханият» қосымша білім беру орталығының шәкірті Каримова Ботакөздің «Әдемі ана» әнімен ашылды. Әуезді әуен әдемі ойындармен жалғасын тапты. Кітапхана тынысымен етене таныс құрметті оқырмандар үшін бұл ойындар қиынға соқпады. Олар өздерінің сүйікті туындыларын кітап беттерінен  тауып, «Ана» туралы, «Махаббат»  жайлы өлеңдерді әдемі әуенмен тербеле оқыды. Сонымен қатар, атаулы күнге орай құрылған «Бақыттың кілті әйелде» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Онда қазақ тарихындағы дана әйелдер, нәзік жанды ақын-жазушы арулар, әдебиеттегі әйел тақырыбын қозғаған әдебиеттер орын тапқан.

Әйел затының міндеті - сырттай қарағанда «отбасы, ошақ қасы» секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ үй ішінің шаруасы - кәсібімен айналысып, бала-шағаны бағып-қағу, өсіру, ағайын-жұрттың береке-бірлігіне ұйытқы болу сияқты негізінен үйелменнің құт-берекесін арттыратын ең бір маңызды істер әйелге жүктеліп, әр шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы да осы үйдегі ақ жаулықты аналарымыз болып келеді. Осынау жауапкершілікті артқа тастап, бірауық өздерін жас сезініп, бала сезініп, баяғы бейқам жастық шағын еске алдырып,«Аспазшы», «Кубик-рубик», «Мекемеңді тап»  ойындары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ «Балалық шағыңыздың кітаптары» және «Балалық  кезіңіздегі ең қызықты оқиғаңыз» секілді айдарлармен өткенге саяхат та жасатты. Ойынның жеңімпаздары мен қонақтарына естелік сыйлықтар таратылды.

Қазақ әйелі бағзыдан даланы қорғаған, ерлермен бірге ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек қана ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің үлгісін көрсеткен. Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін әйел, келін, ана.

Ақ жаулықты апаларымыз бен аналарымыздың, сіңлілеріміздің төл мерекесі. Отан отбасынан басталады деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді.

Әйел, ана - өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Еліміздің сән-салтанаты мен Елордамыздың мерейінің үстем болуында да қашанда нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Олай болса, көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін!

А.Ерубаева

Д.Торжановтың суреттерінде: аналардың мерекелік кештегі өнер көрсету сәттерінен көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?