
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Оюлар әлемі
15.03.2024
«Ел іші - өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Тоғызқұдық ауылында он саусағынан өнер тамған қыз-келіншектер, аналар мен әжелер тұрады. Ауыл әкімдігінің бағыт беруімен осы ауылдың тұрғыны, өмірге жан жарымен бірге бес қызғалдақ әкелген ана Шоңқабайқызы Күлмесхан апайдың үйіне барған едік. Үйдің екі бөлмесі қазақтың небір оюларымен көмкеріліп жасалған бұйымдармен жарқырап, жайнап тұр. Оюлар әлеміне бір сәтте еніп кетіп, таңырқап қалдық.
Күлмесхан апай осы ауылға келгелі 24 жыл болыпты. Жан жары о дүниелік болып, отбасындағы балаларын қияға қондырып, өрісін ұзартып, құдандалы болып, ортада дорба жүгіртіп жүрген жан екен. Тасшоқы, Жаңақала, Теміртау қалаларында қыздары отбасыларымен тұрады, аналарының берген тәлімімен жүрген жерлеріне сіңіп, өмірге сәби әкеліп, ұлттық құндылықтарды өз балаларына үйретіп, абыройлы жүрген жандар екен.
- Қолөнер ата-бабадан келе жатқан өнер ғой. Бес қызымды ұзатып, құтты орнына қондырдым.Үйде жалғыз болғандықтан тігін тігумен айналысамын. Мына көріп отырған бұйымдардың әрбіреуін тіккенде, ерекше күйге түсемін. Бұрнағыда мал шаруашылығымен айналыстым, енді оны қойып, қолөнерімен айналысып жүрмін. Тапсырыс қабылдап, тігіп беремін, кейде өзім сыйлық ретінде сыйлаймын. Өткенде «Қаймақ» бағдарламасы келіп, Мәдениет үйінде қолымыздан шыққан бұйымдарымызды қойып, көрме ұйымдастырдық. Келген адамдар риза болды. Денсаулық болып тұрғанда, қарап отырмаймын. Бос отырмай, шаруамен айналысып отырғанды жөн көремін, - дейді апай бізбен әңгімесінде.
Сырмақ, төр көрпе, табақтың астына салатын бұйым, отырғыштар түрлі түстерімен, әсемдігімен алыстан көз тартады.
Ауылда ағайын-туыстары тұрады екен. Ағайынмен бір ауылда тұрғандықтан, апай өзіне көмек, қолдау бар екенін айтады. Бала кезінен анасынан дарыған тігін тігу өнері апайға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ой-өрісін кеңейтеді. Әрбір бұйымына ерекше бедер беруді үнемі ойлап жүреді. Төрт метр тұскиізді келіншектермен бірлесе отырып, бір ай тіккендерін де есіне алды. Ауылда әжелер тобының мүшесі екенін айтады. Аудандағы сайысқа қолөнер бойынша қатысып, екінші орынға қол жеткізіпті. Сегіз әже бірігіп, ән де салады. Әрбір мереке мен жиынның көркі. Апайдың қыздары да гитарамен, домбырамен сызылтып ән салады екен.
Халықаралық әйелдер күні - 8-Наурызда Күлмесхан апай 60 жасқа келіпті. Балалары, құда-құдағилары, немерелері құттықтап келіп, шаңырақтың астын сыңғыр күлкі мен ақ тілектерге толтырыпты. Біз де Күлмесхан апайды мерейлі күнімен құттықтап, әлемнің барлық жақсылығы мен зор денсаулық тіледік.
Ата-бабамыз өзінің күн көрісі мен тіршілігіне қажетті – үй салып алуды, көрпе-жастық жасауды өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды әр күнгі тіршілік барысында пайдаланып, өзін ұлт ретінде таныта білді. Соның ішінде ою мен өрнек жасау ерте заманнан бастап отырған жерін әсемдеп, әшекейлеудің негізі болып табылды. Тарихқа көз тастасақ, «Қазақ халқының қолөнері көшпенді халықтың қолданысына ыңғайлы сәнді бұйымдар жасайтын өндіріс. Табиғи шикізаттарды пайдалана отырып, қолөнершілер әртүрлі бұйымдарды жасайды. Олар ат әбзелдері, құрал мен саймандар, музыкалық аспаптар мен қару-жарақтар, тұрмысқа керекті заттар. Бұл бұйымдарға қарап, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін аңғаруға болады. 19 және 20 ғасырда қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің заттарын - сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды» делінген.
Апайдың үйіне кіргенде ерекше сезімде болдық. Сан түрлі бояулар бір-бірімен әдемі қиюласып, жүректің нәзік пернелерін түрткендей. Қазақи жер үстел басына кім келсе де ұялмай отырғызатын бұйымдары жарқырап жатқан апайдың өнеріне басымызды идік. Ауыл әкімдігі осы кісінің үйіне бағыттап жібергеніне қуандық.
Күлмесхан апай, келе жатқан жаңару мен даму мерекесі – Наурыз құтты болсын. Сізге, балаларыңыз бен немере, ағайын-туысыңызға бұл мереке жанға жағымды жаңалықтарымен келсін. Үйіңізден шаттық, береке орын алсын. Денсаулығыңыз мықты болып, осындай керемет туындыларды, бұйымдарды жасай беріңіз.
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суретінде: өнерлі жан Күлмесхан апай.