
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Жомарттың жауһарлары
14.03.2024
«Ел іші – өнер кеніші» деп жатамыз. Қазақ өнерді бағалай білген халық. Өнерге ерекше баға беріп, әспеттеп, асқақтатқан данагөй халық! Себебі, өнер – азбайтын, тозбайтын дүние. Баланың бойына осы өнерді сіңіру арқылы жақсы тәлім мен тәрбие береріміз хақ. Әрбір бала спортпен, өнермен, біліммен әуестенсе, елінің жақсы азаматы боп қалыптасары айдан анық.
Аудандық тарихи-өлкетану музейі де осы бағытта жұмыс жасап жатқан жайы бар. Оқушыларды туған елінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуге, өнерін қастерлеуге, отанын сүюге баулу жолында жұмыс жасап келеді.
Соның айғағы ретінде наурыз айының 6-жұлдызында аталмыш музей базасында ауданымызға аты мәлім, көптеген сайыстардың жүлдегері, қолынан бал тамған өнерпаз Мәлік Жомартпен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға кентіміздің қызметкер жастары шақырылды.
Мәлік Жомарт ағамыз 1973 жылы 1-маусым күні Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келеген. Қазақстанға 1989 жылы Қостанайдың Рудный қаласына келіп, екі жылдан соң Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылына қоныс аударады. Нұркен ауылында еңбек пәнінен сабақ береді. 2002 жылдан бастап осы күнге дейін Сарытөбе ауылында көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп отыр. 2 бала, 4 немере тәрбиелеп отыр. Жасаған жұмыстары халықаралық, облыстық, республикалық қолөнер байқауларында жүлделі орындарға ілігіп жүр. «Жас шебер» ұлттық қолөнер үйірмесі жұмыс жасап жатыр. Қарағанды облыстық «Жәдігер» ұлттық қолөнер ассоциациясының мүшесі. Қазақстан Республикасына еңбек сіңген қызметкері, «Үздік педагог» төс белгілері бар. Ағаш, сүйек, тері өңдеп, сосын саз аспаптарын жасайды. Осы іспен 35 жыл айналысып келе жатыр.
Келген қонақтарға өнерлі ағамыз жайында ақпарат берілген соң, Мәлік Жомарт шеберлік сағатын өткізді. Киіз үйдің кішігірім көшірмесін арнайы осы үшін алып келген еді. Келген кісілер уықтарды керегеге байлап, шеберлік сағатына белсене арласып, қызығушылығын танытты.
Сонымен қатар, ағамыздың жұмыстары арасынан ерекше көзге түскен үш жасар бұқаның терісін өңдеп, дайындалған қайысқа күйдіріп, белгілі тұлғалардың портреті салынған қолөнер бұйымы. Бұл шынымен де көзге оттай басылып, қалған бұйымдар арасынан «мен мұндалайтын» әдемі дүние.
Сондай-ақ, ағамыз әңгіме барысында қазіргі таңда көптеген киелі заттар қадірсіз болып бара жатқанына тоқталды. Мәселен, қазір домбыра да, бесік те керексіз зат ретінде қоқысқа тасталынып жататынын тілге тиек етті. Шынында да ол өзекті мәселе. «Бос бесікті тербетпе» деген қазақ бұл күні оны қоқысқа лақтыратындай жағдайға жеткен. Ол, әрине өкінішті. Десек те, ол әр адамның санасына байланысты.
Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ағамызға қолыңыздан шыққан дүниелер елді қуанта берсін, артыңыздан ерген шәкірттеріңіз үкілеген үмітіңізді ақтасын деген пейіл білдірді. Жомарт ағамыз өз кезегінде алғыс сезімін білдіріп, келе жатқан мерекелермен құттықтап, еліміз бен жеріміз аман болсын деп ақжарма тілегін арнады.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Орал Ынтуқызы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, мерекелерге береке тілеп, музейге келіп жүріңіздер деп кездесуді түйіндеді.
Айтуар Боранбайұлы,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы