
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тоқыма өнерінің шебері
14.03.2024
Тохтар Камила Тоғызқұдық ауылының тұрғыны. Пошта байланысының операторы болып қызмет етеді. Камила 1987 жылы Монғолияда өмір есігін ашқан. Қазақстанға ата-анасымен 1991 жылы қоныс аударған екен. Жезқазғанда тұрған, мектепті сол жерде 2005 жылы бітіріп, Қарағанды қаласындағы оқу орнынан ортопедиялық стоматология – тіс технигі мамандығы бойынша білім алады. 2009 жылы оқуын бітіріп, осы Тоғызқұдық ауылына келін болып түседі. Анасы тоқыма тоқып, сол кісінің ісіне қызығып, тоқыманы Камила да үйреніп алған екен. Онлайн түрде тоқыма ісіне оқып, сертификатын алады.
Ауылдың жері кең, адамы әрқашан жайдары, мейірімді болады. Осы жерде ана болып, ата-енеге келіндік қызметін жасап, көптің көңілінен шығып, үлкендерден бата алып жүрген Камила өзіне жеке кәсіп ашқысы келеді. Он төрт жыл бойы үйінде балаларын өсіріп, осы ауылда 2023 жылы жұмысқа тұрады.
Төрт баланың анасы бүгінгі таңда пошта операторы, балаларына мейірімді ана, атасына қамқор болып жүрген ибалы келін. Жан жары вахталық әдіспен Шұбаркөлде жұмыс атқарады екен.
Жуырда Камила аудан орталығында ұйымдастырылған көрмеге Тоғызқұдық ауылының атынан келіп, өзінің қолынан шыққан дүниелерді көрермен назарына ұсынды. Түрлі-түсті бисерден тоқылған түрлі бұйымдарға таңдай қақпаған адам қалмады. Бұйымдарының біразы сол көрмеде тұтынушысын тауып, сатылып кетіпті. Көздің жауын алатын сөмкелер, үйде киетін тәпішкелер, салфетка салып қоятын ыдыстар - бәрі жүрекпен, үлкен шығармашылықпен жасалған.
- Курсты бітірген соң тоқыма жасауға керекті моншақтарды тапсырыспен Алматыдан алдырып жүрдім. Кейіннен Қарағанды қаласында сатылатын жерлерді біліп, қазір сол жерден сатып аламын, килограмы үш мың екі жүз теңге тұрады, - дейді.
Отағасы он саусағынан өнер тамған келіншегінің тоқыма өнеріне, барлық бастамаларына қолдау білдіріп, әрқашан қоштап, рух беріп жүреді екен. Жүректері мен тілектері бір арнаға тоғысқан жандардың осынау бір өнерге деген жақсы көзқарастары қаншама керемет бұйымдардың жасалуына әсер еткен.
Жаңашылдыққа, заман талабына сай дамуға жанын салатын, өнер мен ауыл тұрғындарының жанашыры, ауылдық округ әкімі Гүлнар Қадырқызы айтады:
- Камиланың балалары өсті, жұмысқа тарту керек деген оймен поштаға оператор қызметіне тарттым. Жауапкершілігі үлкен, ауылдың қоғамдық өмірінен де тыс қалмайды, қолынан шыққан бұйымдары да керемет, - дейді.
Шаңырағының астындағы балаларына қазақи киім тігіп жүрген Камила болашақта өз кәсібін ашуды армандайды. Өзі сияқты өнерлі жандардың гранттар алып жатқанына қызығады, өзі де сондай грантқа қол жеткізгісі келеді. Болашақта бұл арманы орындалады деген ойдамыз. Өйткені, талапты келіншекті отбасы да, ауыл басшылығы да қолдайды, әр ісінде жанашыр болып, көмек қолын ұсынады. Жаны нәзік адамға бұл да болса үлкен медеу, күш береді.
Алдымызда Наурыз мерекесі келе жатыр. Жер-ана ұйқысынан оянып, қар еріп, сай-салаға су ағып, құстар небір жан жадыратар әуенмен жүректерді тебірентер мезгілдің қарсаңында осындай өнерлі жанмен сұхбаттасудың реті келді. Отбасына жылы шуағын сеуіп, ауылдастары мен замандастарына керемет дүниелерін ұсынып, әсемдік әлеміне қанат қаққан Камиланың өнері өрге жүзсін демекпіз.
- Алдыға қойған жоспарларым бар. Болашақта балаларға қазақи киім тігетін шеберхана ашсам деймін. Қазір жұмыстамын, жұмысымды да, тоқыманы да қатар алып жүруге тырысамын. Болашақта балалар қызығушылық танытатын қалам салып қоятын бұйым, басқа да дүниелер жасағым келеді, - дейді.
«Әйел қайраттанса, қазан қайнатар» демекші, ниет болса, адамның қолынан бәрі келеді. Бесігін де, әлемді де тербетіп отырған Камиланың бұйымдарын суретке түсіріп алдық.
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы адамдар тұратын ауыл әрқашанда көркейіп, дамып, гүлденеді деп ойлаймыз.
Наурыз мерекесі құтты болсын! Осы ауылдағы әр шаңыраққа молшылық, береке, түсіністік әкелсін демекпіз!
Қ.Ахметова
Д.Торжановтың суретінде: Тохтар Камила бұйымдарымен.