
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Жаңа кітаптың тұсауы кесілді
03.02.2024
Ағымдағы айдың 25-жұлдызында бұқартанушы, өлкетанушы, ақын, жазушы әрі ұлғатты ұстаз мәртебесін қатар алып жүрген Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Шыныбектегі Қалиасқар Мықтыбайұлының тағы бір тың туындысының тұсауы кесілді.
Аудан өміріне белсене араласатын ардақты азаматтың шығармашылық жолы да тоқыраған емес. Ол бүгінгі күні ұстаздық қызметпен қатар өнер өлкесінде өрлеп, шығармашылықпен айналысып жүрген дарынды жан. Шынында да, аудан өміріне қатысты зерттеу мен зерделеу жүргізе бастасаң, міндетті түрде Қалекеңнің үлесі бар болып шығады. Атап өтпеске болмас шаруалары ұшан-теңіз, оның бірі де бірегейі - аудандық дәстүрлі «Бұқар жырау оқуларын» ұйымдастыруы.
Қалекеңнің кезіндегі Ульянов ауданының Бұқар жырау аталуында да үлесі аз емес. Қоғамдық өмірмен қатар жеке шығармашылығын да ұмытқан емес. Ол кісінің 70-тен аса әні, 10-нан аса күйі, 10-нан аса әңгіме, новелла, өлеңдері бар, ауданның әнұранына айналған «Ботақара вальсінің», «Әй, заман-ай, заман-ай» атты Бұқар жырау тұлғасына арналған драманың авторы. 2008 жылы әр жылдары жазылған өлең-әндері, күйлері, мақала, новеллалары орын алған жинақтың оқырман қауымға берері мол «Ботақара ием, Бұқар жырау кием» кітабы жарық көрді, 2018 жылы ән арқылы қазақ халқы өзінің мұңын, арманын, барлық ішкі сезімдерін білдірген, екі ішекті домбыраны қолға алып, сыршыл пернелерінен сырлы да сазды әуен төгілдірген Арқа әншілері туралы жазылған, сал-серілік өнердің басында Бұқар жырау тұрғанын, оның ішінде Қарағанды өңірінің орны ерекше екенін атап өтетін, Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына орай «Арқаның әншілік мектебі» кітабы жарық көрді. Енді міне, бүгінгі күні тағы бір тың туындысының тұсауы кесілді.
Аталған жауапты да мәртебелі рәсімді аудандық орталық кітапхана мамандары ұйымдастырып отыр. Олар ардақты азаматқа арнайы кеш өткізіп, сүбелі сұхбат жүргізді. Дарынды азаматқа: Туындыңыз не себепті «Әлімнің хаты өлмейді» деп аталды?; дәл осы кітапты
жазуға не түрткі болды?; Бір кітабыңыздың атауы «Арқаның әншілік мектебі» деп аталады екен, мазмұны, шығу тарихы туралы айтып берсеңіз?; бойыңыздағы қабілет кімнен дарыды?; Сіздің ең сүйікті кітабыңыз? Қандай жанрда көп оқисыз? Сүйікті авторыңыз?; 9) Сіздің жеке өзіңіздің кітапхана қорыңыз бар ма? Болса, арасында сирек кездесетін кітап бар ма? сынды сауалдар қойылып әдемі сұхбат өрбіді. Әдемі әңгіменің шырайын Қалекеңнің шәкірттері келтіріп тұрды.
7-сынып оқушысы Игілік Ерасыл Бұқар жыраудың «Он бір тілегін», 11-сынып оқушысы Махметова Диана «Алыстан қызыл көрінсе» туындысын терме қып шертсе, 6-сынып оқушысы Қайратғали Ғазиз «Абылайханның қасында» толғауын тебірене толғады, 6-сынып оқушысы Тұяқов Жәнібек «Он бір тілек» және Досмағанбетова Дильназ «Сәлем - сөздің анасы» шығармасын нақышына келтіріп оқып, көрерменнің көзайымына айналды. Онымен қоса, Қалекеңді қолдауға келген әріптестері мен шәкірттері сауалдарымен қатар ізгі тілектерін де арнап жатты. Шара арда азаматтың қызмет етіп жүрген алтын ұясы, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің акт залында өтті. Мектеп директоры Еркін Рахымбайұлы сөз алып, Қалекеңнің мықты маман болғанынан бөлек, адами қасиеттеріне де тоқтала өтті. Кеш соңында кітапханашы қыздар ұлағатты ұстаздан шәкірттеріне бата сұрап, шағын сыйлықпен қуантты.
Осы орайда, мақаланы жазушы мен де Қалекеңнің шәкірті екенімді мақтан ете отырып, ұстазыммен өткен бір оқиғаға тоқтала өтсем. Шатаспасам, 2009 жыл болу керек, дәстүрлі Бұқар жырау оқулары ұйымдастырылып жатты, Қалекең мені соған дайындады. Сабақ барысында жаттап жатырсың ба деп тексеріп жүретін. Содан дәл шара өтетін күні неден қорыққанымды білмеймін, аяқ астынан бармаймын деп шештім. Шараның өтер уақыты жақындаған болу керек, есік қағылды, ашсам ұстазым үйіме келіпті (мекенжайымды білмеген соң, біраз аралаған болу керек). Қатты ұялдым.
– Айгүлжан, бұның не? - деп ренішін білдірді.
Содан жиналып ұстазыммен ере бардым. Аудандық әкімдіктің алдында өтетін болды оқу. Сол байқауда жүлделі екінші орынды иеленіп, ол кезде екінің бірінде бола бермейтін ұялы телефон ұтып алдым. Қуаныштан жарылардай болдым. Ұстазымның үйімнен алып кетіп тұрып, әкелген шарасынан осындай сыйлыққа ие болғаныма бір жағынан қатты ұялдым. Ол бір берекелі телефон болды, ұзақ жылдар ұстадым. Анамның алдында өз күшіммен осындай сыйлыққа ие болғаныма марқайып та жүрдім. Бірақ, сол оқиға маған бастаған істі тастамауға, білгеніңді жеткізуден қорықпауға үйретті. Осының барлығы ардақты ұстазымның арқасы. Тұсау кесер рәсімі аяқталар шақта сөз сөйлейтіндер болса мархабат деп жүргізуші жариялаған сәтте қанша оқталғаныммен ойымды жинақтай алмай тұрдым. Шара аяқталысымен, ұстазым «Айгүлжан, сен неге сөйлемедің, сені сөйлейтін шығар деп күткем. Сені шәкіртім деп мақтанайын деп тұрсам» деп қалды. Осымен өзегімді тағы бір өкініш кернеді. Дәл осы мақаланы жазу маған бұйырғанына қуанып, көкейімдегі ізгі ниетті мақалаға қостым. Менің бойымдағы көп қабілеттерімді ашқан ұстазымның еңбегі, маған бүгінгі күнге дейін өз пайдасын тигізіп келеді.
Қадірменді ұстазым, қаламыңыз қарымды болсын. Шабытыңыз арта берсін. Тек биіктерден көріне беріңіз! Шығармашылық табыс тілеймін. Қаламыңыз ұштала берсін, жазар таусылмасын!
Өнер адамы болу – екінің бірінің басына бітпейтін бақыт. Олай болса, жаңа кітабыңыз құтты болсын! Кітабыңыз өз оқырманын тауып кетеді деп ойлаймын.
Туған елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, халқымыздың алғысын арқалап, қияға самғай беріңіз!
А.Ерубаева
Д.Торжановтың суреттерінде: кеш иесі сахнада; шәкірттер тартуы; кештің тартымды сәті.