taza-kaz

«Тәуелсіздік анамыз, біз бақытты баламыз!»


22.12.2023

Желтоқсан айының 15-жұлдызында аудандық балалар кітапханасы «Руханият» қосымша білім беру орталығының акт залында 16-желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік анамыз, біз бақытты баламыз!» атты балабақша балалары арасында өлең оқу және қолөнер байқауын өткізді.

Шараның мақсаты - шығармалар арқылы патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, жас ерекшелігіне сай жаңа шығармаларды тануына жол ашу, отандық авторларды қолдау, балабақша және мектеп жасындағы балалардың сөздік қорларын толықтыру, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарас қалыптастыру, кітапхана қорында бар Тәуелсіздік тақырыбындағы әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды насихаттау, оқырмандардың жаңашыл ортасын қалыптастыру болып табылады.

Атаулы байқауда ауданымыздың үш балабақшасынан 45 бала бағын сынады. Ол тарихы тереңде жатқан «Балдәурен» балабақшасы, онымен қоса балдырғандарды тәрбиелеу жолында бірден-бір көрсеткіш танытып жүрген С.Торайғыров мектебі жанынан құрылған «Балауса» шағын орталығы, сондай-ақ тағылымды шараларымен танылып жүрген Ю.А.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің жанынан құрылған «Нұрбөбек»  шағын орталығы.

Байқаудың шымылдығы «Түсімдегі тәуелсіздік» көрінісімен ашылды. Онда Ю.А.Гагарин мектебінің 4-сынып оқушысы Райымқұл Ақниет немере рөлін нақышына келтіріп орындаса, аудандық балалар кітапханасының қызметкерлері бірі әже, бірі көрші рөлін сомдады. Көрініс қаһарлы желтоқсанның оқиғасынан кейін еңсесі түсіп, жабырқау күйде отырған қарапайым қазақ отбасының қуанышты жаңалықты естуін бейнелейді.

Одан әрі шара ашық деп жарияланып, байқауға кезек беріледі. Талабы биік тәрбиеленушілерге әділ бағасын бергендердің қатарында: «Руханият» қосымша білім беру орталығының бейнелеу өнері пәнінің ұстазы Ыдырысов Айдар Асанұлы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Жұмкенова Гүлайым Қабдуалиқызы, аудандық мәдениет үйінің әдістеме бөлімінің әдіскері Тұрғанбек Нұрбек Жаппарұлы болды.

Байқау өз мәресіне жетіп, әділқазылар шешім шығару үшін  алыстаған уақытта, ауданымыздың қорына жүлделі орындар әкеліп жүрген «Гүлдер» би ансамбілі «Шашу» биімен көрермендерді сүйсінтті.

Желтоқсан айы - мемлекеттік маңызы бар мерекелердің айы болуымен қатар, сол жылдың соңғы күндері де болып табылады. Ал әр жылдың қорытындысы, нәтижесін шығару ол жетістіктердің жемісі. Атаулы сәтті пайдалана отырып кітапхана «Жыл үздіктерін»  марапаттады.

Бұқар жырау аудандық балалар кітапханасының балаларды кітапханаға тарту, қызықтыру, кітап оқуға құмарлығын арттыру, ой-өрісін дамыту, рухани байлығын, шығармашылық қабілетін  арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараларына, жалпы кітапхана өміріне белсене қатысқаны үшін: «Кітап чемпионы» номинациясымен - Мұсалимова Жанель марапатталады, «Бір жанрлы оқырман» номинациясымен Абдрахманов Денис марапатталады, «Кітапхана белсендісі» номинациясымен Наскенова Айнұр марапатталады.

Марапаттау рәсімі аяқталғанша байқау нәтижесі де дайын болды.

Сонымен балабақша балалары арасында өткен өлең оқу және қолөнер байқауында ІІІ-орынды Нұртай Тәукехан мен Қабыкенова Айдай бөлісті, ІІ-орынды Мейрамова Айша мен Қазбек Әдемі бөлісті, жүлделі І-орынды Жұмабай Айханым алса, бас жүлде Теміржан Дарикоға бұйырды. Сондай-ақ Серік Әмірхан, Қалкен Айша, Қайсар Сезім, Бейсенов Али, Мүбәрәк Балауса, Сайлаубай Айнамкөз ынталандыру сыйлығына ие болды. Барлық қатысушылар мадақтама қағаздары мен  бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Оған қоса байқауға қатысқан барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, ынталандыру сыйлықтары берілді.

Түбі түркі, мінезі жылқы, ұлты қазақ, рухы азат, еркін елдің байрағындай қыраны бар, асқар таудың айбарындай ұраны бар, бойында қасиеттің қырық шырағы бар, мойнында тәңір таққан тұмары бар, тумысы бөлек, тұлғасы ерек Алаш деген алпауыт елдің бодандықтан босап, тәуелсіздіктің таңын қарсы алғанына да 32 жыл толыпты. Алашқа азаттық аспаннан салбырап түскен жоқ. Тәуелсіздігіміздің әр күнінде, әр сағатында қыршын кеткен бабалардың қаны мен маңдай тері жатыр.

Тәуелсіздік – әр қазақтың маңдайға біткен бағы. Бейбіт заманда бақытқа қол созу – қан майданда азаттықты аңсаудан әлдеқайда әдемі көрініс. Маңдайының соры бес елі болған ұлы елдің бағы батпандай ұрпағы болған бізде арман жоқ. Ақ сақалды атадан ұлылық кетпесін! Ақ жаулықты анадан жылылық кетпесін!

Тәуелсіздіктің  таусылмас таңына біз, бізден кейінгі болашақ ұрпақ, кемеліне толған келешек куәгер болсын!

А.Ерубаева

Ж.Макишевтың суреттері



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?