taza-kaz

Жылдық жоспар – кітапхана қызметінің негізі


09.12.2023

Желтоқсан айының 5-жұлдызында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшылары мен кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскерлері жылдық есеп, сондай-ақ  жылдық жоспар құру мәселелері бойынша аудандық мәдениет үйінің үлкен залында қорытынды семинар өткізді.

Семинарға кітапхана жүйесіне қарасты 40-қа жуық ауыл кітапханашылары қатысты. Көзді-ашып жұмғанша өте шыққан бұл жылдың қорытындысы мен жоспарын талқылауға  ортаға әдістеме бөлімінің инновациялық жұмыстар бойынша әдіскері Асқарова Майгүл Насырқызы шықты.

Майгүл Насырқызы «Жылдық есеп пен жылдық жоспар» тақырыбы бойынша жаңадан қатарға қосылған жас мамандарға есеп үлгісі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ 2024 жылы жоспар құруға арналған нұсқаулық ретінде перезентация дайындап, әртүрлі инновациялық жұмыстарға шолу жасады. Бүгінгі күні аудан деңгейінде өтіп жатқан тағылымы мол шаралардың авторы отбасылық оқуға көп көңіл бөлу керек екендігін баса айтты. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тақырыбында кітапхана саласы түбегейлі өзгерістер жасамаса да, алғашқы дәндерін себуге септігі мол екенін атап өтті. Ауданымызда модельді кітапханамен қатар балалар кітапханасының барын ескере отырып, қос тізгіндегі тұлғаларға тыңғылықты тапсырмаларды тапсырды. Кітапхана өмірімен  қатар жүретін тағы бір ұғым, ол – жобалар екенін де жасырмады. Бүгінгі күні кітапхана ісінде тым болмаса бір жобаның болуы кітапхана тынысына көптеген өзгерістер  әкелетінін жүйелеп жеткізді.

Шарада сондай-ақ кітаптарды өңдеу секторының меңгерушісі Наталья Мельник  сөз сөйледі. Ол биылғы жылы келіп түскен жаңа кітаптар мен баспа басылымдарын атап өтіп,  есеп кезінде алынатын кестелерге тоқталып өтті.

Кітапхана өмірінде маңызы кем емес бөлімнің бірі ол – ақпараттық библиографиялық сектор. Бүгінгі күні атаулы бөлімді дөңгелетіп отырған Рахимова Ботакөз Төлеутайқызы да өз саласы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қызығы мен шыжығы мол бұл сала өз ішінде көптеген мәселелерді қамтиды. Солардың бірі - оқырмандардың сұраныстарын қамтамасыз ету.

Биылғы жылы аудандық кітапхананың бір жаңалығы, ол - аудандық балалар кітапханасының жеке әдіскеріне штат ашылуы. Бұл орынға аудандық балалар кітапханасының библиографы Ерубаева Айгүл Советқызы тағайындалды.  Айгүл Советқызы осы уақытқа дейін аудандық балалар кітапханасында библиограф, кейінгі жылдары декреттік орында 1,5 жылға жуық меңгеруші қызметін атқарды. 

Қорытынды семинарда балалар кітапханасының жылдық есеп-жоспары да талданды.  Биыл балалар кітапханасының есеп-жоспарына да біршама өзгерістер енгізілгенін атап өтіп, қабылдау мерзімдері де бекітілді.

Жарты күнге созылған семинарды орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшысының міндетін атқарушы Жұмкенова Гүлайым Қабдуалиқызы түйіндеді.

Гүлайым Қабдуалиқызы жаз бойы жүргізілген тексеру жұмыстары бойынша қорытындылар жасап, көптеген мәселелер бойынша ескерту жасады. Жұмыс кестесі, кітапханалық құжаттар, апаттық жағдайда тұрған кітапханалар тағы сол сияқты. Сөз соңында барлық әріптестерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылдық есепті аман есен аяқтап, жаңа жылға жаңа леппен қадам басуды тіледі.

Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден-бір рухани қазына ордасы – кітапхананың алар орны зор. Кітапхана бүгінгі жаңартылған білім мазмұнының ресурстық орталығы. Өскелең ұрпақтың талаптарын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту тұрғысында кітапхананың қосар үлесі бар.

Осы бағытта кітапхана қызметкерлері аянған емес. Биылғы жылдың өзінде кітапхана қабырғасында оқырманды қызықтыруға, тартуға арналған түрлі формадағы шаралар өткізді.

Ол «Библиотүн-2023» кеші, 1-мамыр Бейбітшілік күніне орай ұйымдастырылған «Bookянариюм» қызыққа толы алаңы, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» ашық сұхбат алаңы, «Балам неге кітап оқымайды» ой-талқы кеші, түрлі формадағы көрме-инсталляциялар, «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында «Халқы сүйген қаламгер» байқауы, «Өмірін қаламмен өрнектеген» тақырыбында ақ жаулықты әжелермен, жастар арасында  блиц-турнир, «Қолтаңбалы кітаптар әлемі» көрмесі, «Дарындар әлемі» автографтайм алаңы, «Ойлы болсаң озып көр» миға шабуыл ойыны, «Жылдар сөйлейді» викториналық ойыны, «Ауыл тарихынан, аудан тарихына библио-такси», «1 минут» интеллектуалды ойыны, эко-ақпарат сағаттары, ақпараттық флаер акциясы, «Кітап шоу» республикалық акциясы, «Түрлі-түсті кітаптар» акция-жарнамасы, тейбл-ток үстел айналасындағы еркін әңгіме, кітапханалық квилт, этнографиялық круиз ақпарат, музыкалық калейдоскоп, полиглоттар сайысы, библиокафе,  әдеби ассорти, Bookdating  алаңы, құқықтық дайджест және т.б.

Мынау зымыраған заманда кітапхана оқырманға кітап ұстатып, кітап қабылдап қана отыратын орын емес. Бағыты да, мақсаты да өзгерген. Алдыңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жалақыларын көтеруді тапсырып, кітапхана қызметкерлеріне тың серпін берген болатын.

 

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?