
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Тоқып үйренгің келсе, музейге кел!
02.12.2023
Бүгінгі күні аудандық музейде балаларға қосымша білім беру, қатысушының білімін, шеберлігін көрсету, шығармашылық жұмысқа тарту арқылы танымдық қабілеттерін, қызығушылығын арттыру, жетістіктерін бағалап көрсету, белсенділігін қалыптастыру, өздігінен еңбек етуге дайындау, іскерлігін дамыту мақсатында «Петелька за петелькой» атты тоқыма үйірмесі жұмыс жасайды.
Үйірменің жетекшісі әрі музей басшысы Набиева Орал Ынтуқызы болып табылады. Маған ұсынған жарнамалық парағында үйірменің міндеттері туралы былай делінген екен: Егер сіз тоқуды әлі білмесеңіз, алаңдамаңыз - біз сізге қажет нәрсенің бәрін үйретеміз. Біздің сабақтарымызда сіз барлық қажетті білімді аласыз, өзіңіз тоқуды бастау дағдыларын үйренесіз. Біз сізге материалдар мен құралдарды таңдау, схемаларды оқу және негізгі әдістерді түсіну сияқты негіздерді үйретеміз. Ал егер сіз қазірдің өзінде тәжірибелі тоқымашы болсаңыз, біздің үйірме сізге біліміңізді кеңейтуге және жаңа техниканы үйренуге көмектеседі. Сонымен қатар, тоқу - бұл қызықты іс-шара ғана емес, сонымен қатар уақытты өткізудің пайдалы әдісі. Тоқылған бұйымдар әдемі ғана емес, сонымен қатар қолданыста пайдалы болуы мүмкін. Сіз жылы қалпақ, жұмсақ көрпе немесе тіпті ойыншықты тоқып алуыңызға болады.
Сонымен қатар бүгінгі күні тоқымашы шәкірттерімен атқарылған жұмыстары мен жеткен жетістіктерімен де бөлісті.
- Алғашында біз тоқудың қадамдық әдістерінен бастадық, кейін қарапайым схемаларды талдадық, содан кейін барып тоқуға көштік. Әлбетте, бір дегенде көрнекі заттар тоқу ауырға соғады, сондықтан біз кішігірім 10*10 өлшемімен бұйымдар, сондай-ақ бағандап тоқуды бастадық, алғашында бір бағанды тоқуды үйренсек, кейін қатарларын қосып отырдық. Жалпы қолды жаттықтыруға, техникаларды үйренуге 2 айға жуық уақыт кетті. Бірақ нәтижесі жаман емес, бүгінгі күні шәкірттерім гүл, дөңгелек, төрт бұрыш формасында тоқыма тоқи алады. Тіпті түрлі-түсті тоқыма гүлдерден «букет» жасадық. Бастапқыда үйірме күнделікті 1 сағат өткізілетін, бірақ қазір шәкірттер барлық техникаларды меңгеріп, қолдары жаттыққан соң, аптасына 2 рет кездесеміз. Үйірме қатысушылары үлкен және кіші топ болып бөлінеді. Ауданымыздың қос мектебінің оқушылары, - дейді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», - деген тәмсілге сүйене отырып, үйірме қатысушыларымен де тілдестік. Жәмила Ю.А.Гагарин атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы. Үйірмеге 5-сыныптан бері қатысады екен. Ол:
- Тоқыма тоқу оңай емес екен, бірақ қызықты. Алғашында келгенде үйренісе алмай жүрдім, бірақ схемаларды түсініп, тоқуды іс-жүзінде бастағанда ұнай бастады. Орал апайымыз өте жұмсақ түсіндіреді, бірақ өзі тез тоқиды. Қолдары жылдам қозғалғанда, мен де солай тоқығым келіп кетеді, - дейді.
Ал, Бегімсұлу болса, қатысып жүргеніне жарты жылдан асыпты. Ол да атаулы мектептің 6-сынып оқушысы екен.
Бегімсұлу:
- Мен жалпы қолөнердің барлық түріне қызығамын. Соның ішінде тоқыма да бар. Қатысып жүргеніме көп уақыт өтпесе де, барлық техникалар мен схемаларды меңгеріп, бүгінгі күні көбелек, гүл, жүрек формасындағы заттарды тоқи аламын. Тоқымадан бөлек, бос уақытымда сурет салғанды, моншақ тізгенді, матамен жұмыс жасағанды ұнатамын, - дейді.
Шынында да, қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдар әсемдігі, өрнегі тұрмысқа мән берумен адамдарға рухани ләззат береді. Көз салып, байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады. Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларына арқау еткен. Өнер туындыларының бет-бедеріне ширатыла түскен ғажайып өрнектер өзгеше бір тілмен ақтарыла сыр шерткендей. Қазақ қолөнерінің түрі, сапасы, өрнегі, бояуының өмірге келуі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата-анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп келген.
Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған қадірменді өнер. Бұл тамаша өнер қазіргі талап тілектер тұрғысынан жалғастырылып, тұрмыспен бірге ұласа дамып, одан сайын жетіліп, адамдарды сұлулыққа, әсемдікке жетелеуде. Адамдардың тұрмысының үнемі өрлеуіне сай, олардың мәдени тұрмыстық тілектері өсе түсуде. Сондықтан да әр адам киген киімінің қазіргі сән үлгісіне сәйкес бола отырып, қайталанбас әсем ерекшелігін, даралығын таныта білуге тырысады. Міне, осыған орай бізге көмекке келген өнердің бірі – тоқыма. Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды, осы тоқу үстіндегі түрлі-түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады. Соған орай, тоқу өнері басқа да істер сияқты үйренуді, ізденуді қажет етеді.
Осы орайда, қылықты қыздарыңыздың қолөнері де дамысын десеңіздер, танымды, тағылымды үйірменің қатысушысы атануларыңызға болады. Ал, үйірме жетекшісіне он саусағынан өнер тамған шәкірттердің қатары азаймасын деп тілейміз!
А.Ерубаева
Д.Торжановтың суреттерінде: сабақ сәті; шебер оқушылар.