
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Ұлысын ұлықтаған мерейлі елім
02.12.2023
Өткен аптада аудан әкімдігінің қолдауымен Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдық мерейтойы аясында республикалық ақындар айтысы өтті. Көмекей әулиеміздің мерейтойын қорытындылаған орақ тілді дүлдүлдер айтысына жиналған көрермен санының көптігі жайғасып отырарға орынның жоқтығынан білінді. Лық толған залда табанынан тік тұрғандар да болды. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын бұқаржыраулықтар еліміздің әр өңірінен келген орақ тілді, алтын таңдай, күміс көмей 10 ақынның өнерін тамашалап, «бұндай айтыс ауданымызда көптен болмап еді» десіп, кештен марқайып қайтысты.
Айтыс облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов пен аудан әкімі Абылай Сұлтанғалидің құттықтау сөзімен ашылды.
«Ақынын ұлықтаған ел озады» демекші, ру, жерге бөлінбей, бәріміз бір қазақпыз дейтін Бұқардың елі төріне келген қонағын құрметтеуден жалыққан емес. Соған дәлел – дүлдүлдер додасы өңіріміздің тумасы болмаса да туғанымыз деп ардақ тұтатын ұлықты ақынымыз – биылғы жылғы «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Мақсат Ақановқа құрмет көрсетуден басталды. Ақынның иығына оюлы шапан жабылды. Өнердегі, спорттағы болмасын әр қазақтың баласына құрмет көрсетуге асығар Бұқардың елі биылғы жылы достық ниетте үлкен істерді атқарып отыр.
Көмекей әулиеміздің мерейтойын қорытындылаған бұл кеште атқарылған істер легіне көз жүгіртпесек айып болар. Бұқар жырау Қалқаманұлының 335 жылдығы аясында өз елінің озат перзенті, өнер десе ішкен асын жерге қояр азамат, көмекей әулие мұрасын көпшілікке танытып жүрген жерлесіміз, аудандық мәслихат депутаты Амантай Акишев Түркістан қаласы, Қарнақ ауылында көмекей әулиемізге арнап көрме бөлмесін ашуға мұрындық болды. Жерлесіміз, баршамызға жақын таныс өнер майталманы, ауданымызда біраз жылдар көлемінде қызмет етіп, аудан мәдениетінің дамуына өз үлесін қоса білген Сандуғаш Құсбекова Бұқар жырау мұрасын келер ұрпақ санасына сіңіре отырып, көмекей әулие шығармаларын мәңгілік етсем деген бастамасымен Елордамыз Астана қаласында алғаш рет «Бұқарекең жырлайды» атты оқушылар арасындағы қалалық «Әнші-жыршы, суретшілер» сайысын өткізді. Ертеңгі ұрпақтың саналылар қатарынан болуы үшін Бұқар бабамыздың есімін ұлықтап, шығармаларын танытып жүрген білікті, жүректі жерлестеріміздің еліміздің әр өңірінде ұйымдастырып отырған шаралары бір төбе болса, аудандық, облыстық «Бұқарекең жырлайды» оқулары өз алдына бір төбе. Баба мұрасын ұлықтап жүрген Айтбай Жұмағұлов, Мүгүлсім Шибаева, Қалиасқар Шыныбектегі бастаған алдыңғы толқынның ізін жалғап жатқан кейінгі жалынды жастар көшінің атқарып отырған игі істері Бұқар жырау ұлағатының ұмытылмай мәңгілікке айналатындығының көрінісі деп білеміз. Ал, баба мұрасы ұмыт қалмасын деген жерлестерінің әр бастамасына барынша қолдау танытатын аудан басшылығына ерекше құрмет, қошемет көрсетуге болады. Ауданымызда бұған дейін басшылық қызметте болған Нұркен Кобжановтың арқасында Ботақара кентінен Бұқар жырауға арналған ескерткіш бой көтерсе, Шагурашид Мамалиновтың кезінде «Бұқарекең жырлайды» жыршы-жыраулар сыныбының қатары артты. Ендігі таңда Абылай Сұлтанғалидің басшылығымен Бұқар баба кесенесіне жарық тартылып, жолы толық жөндеуден өтетін болады.
Ою-өрнегі төгілген шапанымен үкілеген домбырасын қолға алған ақындар айтысына келген көрерменді Мәдениет үйінің фойесінде жерлесіміз Нұрсұлтан Шаменов, Амантай Акишев, аудандық музей мен кітапхана ұжымы арнайы жасаған көрмемен қарсы алды. Көрмеге Бұқар жырау мұрасын тарихшылар, филологтар мен ақын, жазушылардан бөлек суретшілер қауымы да насихаттай алатындығын көрсеткен республикалық көрме-сурет байқауы жеңімпаздарының жұмыстары қойылғандығын айта кеткіміз келеді.
Ақындар айтысын жүргізу, кешті тізгіндеу Арқа өнер мектебінің жетекшісі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Айтбай Жұмағұловқа табысталды.
- «Бұқарекең жырлайды» атауымен өтіп жатқан мүшәйра, фестиваль, айтыс тек бұқаржыраулықтарды ғана емес, бүкіл қазақ халқын рухтандырып келеді. Дүниедегі ең бақытты жандар кімдер десе Бұқар жыраудың елінде тұрған азаматтар деп айтар едім. Кеше ғана осы сахна төрінде әлемге әйгілі Қазақстанның жастар театры келіп, бабамыздың 335 жылдығына арналған қойылымды паш етсе, Қазақстанның әр түкпірінен Алмаз Алматов бастаған жыраулар Бұқар жырауды жырға қосты. Сонау Қарағандының төрінде де бүкіл елді рухтандырды. Саябақта жүрген еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін Бұқар жырымен рухтанды. Ал енді Бұқардың елінде аламан, дүбірлі айтыс өтпеуі бұл мүмкін емес дүние. Өйткені Бұқарекеңнің елінде Абылай деген әкім тұрған кезде Бұқарекең неге жырламайды. «Абылайханның қасында Бұқарекең жырлайды» деген осындайда айтылады ағайын, - деген Айтбай Жұмағұловтың осы айтыстың өтуіне қосқан үлесін айтпай кетуге болмас. Бұқар жырау мұрасы десе көп ішінен бірінші болып қолына қалам, қағазын алып түрлі ауқымды шаралардың өтуіне себепкер болып жүрген ағамызға Алла күш-қуат берсін.
Айтбай Жұмағұлов бастаған жас сұңқарлар сахна төріне шыққанда көрермен аямай қол соқты.
Сөз додасына түскен шабандоздардың айтысына сөз қадірін білетін еліміздің өр кеуделі дарабоздары төрелік етті. Тарқатып айтар болсақ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов төрағалық етсе, аудандық мәслихат төрағасы Асхат Әли, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматшасы, Мәдениет қайраткері Мүгүлсім Шибаева, «Алтын домбыра» иегері, ақын Мақсат Ақанов, «Руханият» қосымша білім беру орталығының Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының ұстазы, арқаның ақтаңгері, айтыскер ақын Дидар Қамиев қазылар алқасының мүшесі ретінде додалы айтысқа әділ бағасын берді.
Сөз аламанына түскен он ақынның бесеуі еліміздің түкпір-түкпірінен келген дүлдүлдер болса, бесеуі Қарағанды өңірінің тумасы. Аламан бәйгелерге қатысып, айтулы ақындар қатарына қосылып келе жатқан жас шабандоздар жас болса да өзіндік үні, мақамы бар, өрелі ақындар. Бұл бес шабандоз облысымызда өтетін «Бұқарекең жырлайды» сайыстарында шыңдалып, қанаттанып шыққан жас ақындар.
Айтыс – іріктеу және қорытынды екі кезеңнен тұрды. Аламан додаға дейін бір күн бұрын жеребе тасталып, сол бойынша ақындар өнер көрсетті. Сахна төріне алғашқылардың бірі болып шыққан шырайлы Шымкенттен келген ақын, Қаратау балалар ұлттық өнер мектебінің директоры, кешегі Біржан салдың бүгінгі күнгі нұсқасы Біржан Байтуов пен қазақ халқына жақсы таныс айтыскер ақын Қайып Айнабековтің жерінен келген ақын Жандос Бақытұлы өнер көрсетті. Қос ақын Костенко шахтасындағы апатта жарылыс пен өрт салдарынан қаза болған кеншілеріміздің қазасына қайғыра көңіл айтып, елімізде үлкен сынақ болған күндерді есімізге салды. Ел ішіндегі ауыр мәселені қозғап қана қоймай, әзіл-қалжыңы жарасқан қос ақын өз тапқырлықтарымен көрермен көңілін көтерді.
Ау, Біржан, Қаратауда директорсың,
Біледі көп мәселе шешкеніңді ел.
Жыл сайын түрлі шара жасайсыңдар,
Өткізіп мүшәйра, айтыс, кеш, шерулер.
Бұқар жырау қазаққа ортақ тұлға,
Керегі жоқ тарихи тексерулер.
Сондықтан Ботақара секілденіп,
Бабамыздың жасағанын ескеріңдер.
Мен сенен бірнәрсе сұрайыншы,
Сендер осы бізбенен дос пе едіңдер.
Бабаның 355 жылдығына,
Құттықтағаннан басқа не істедіңдер, - деп көсілген Жандос Бақытұлына шымқалалық ақын Біржан Байтуов:
Шырағым сен айтпай-ақ Бұқарға арнап,
Қылатын іс-шараны қылып қойғам.
Оқушыларға арнап айтыс жасап,
Тігетұғын жүлдесін тігіп қойғам.
Жырауды жас ұрпаққа үлгі қылып,
Кетпесін деп ұлықты ойдан.
Ұлытаудай ұлықтап Бұқарымды
Қаратаудың төріне іліп қойғам,- дегенде халық риза болып қол соқты.
Келесі болып сахна төріне Жайықтың жағасынан келген дүлдүл Талғат Мықи мен аламан айтыстарда шыңдалып келе жатқан жас жүйріктердің бірі Жанарыс Тілеубек орын алды.
Абылайдай сұлтанды хан сайлаған,
Бұқардай бабамдікі ақыл екен.
Ақылгөй бабамызға той жасаған,
Абылай Сұлтанғали әкім екен.
Дүние кезек деген осы емес пе?!
Сол сөзді кім айтса да мақұл екен.
Үш ғасыр өткеннен соң бабамызға,
Абылай қызмет қылып жатыр екен, - деп сөз бастаған Талғат Мықидың аузынан шыққан сөзді қағып алып жауап қайырған Жанарыс Тілеубек айтыс өнерінің өрісін өрге көтерді.
Қостанайдың тумасы, әсем қала Алматының тұрғыны, еліне танымал ақын Сырым Әуезхан мен Бұқар жырау мұрасын бойына сіңіріп, Доскей ақынның есімін арқалап жүрген жерлес ақынымыз Доскей Ботпай айтыстың озық үлгісін көрсетті.
Бұған қайдан жел бітті деп отырсам,
Дүние өнбойына өткен екен
Жақында бір пекарня ашып апты,
Қай депутат спонсорлық еткен екен.
Кеудесіне нан пісті деген бар еді,
Сол құсап бұл да ісіп, кепкен екен.
Пекарняның бастығы боламын деп,
Кеудесі пекарня болып кеткен екен, - деп әзіл-қалжыңмен астарлап тиіскен Сырым Әуезханның сөзіне, таққан сын-мініне құлақ түре тыңдаған Доскей ақын еш саспастан жауап қатты:
Кеудемізге нан піскен ештеңе жоқ,
Халыққа қызмет етіп шауып жүрмін.
«Нан бар жерде ән бар» дейді қазақ,
Нәпақамды адалынан тауып жүрмін.
Дұшпанның табасына қалмаймын деп,
Табаға күнде нанды салып жүрмін.
Ата-анамды күйдіріп, қарғыс емес,
Нан пісіріп алғысын алып жүрмін, - деп Доскей ақын мардымды жауап қайырып, тыңдарман жұрттың құлақ құрышын қандырды.
Келесі кезек қойы қоралас, малы аралас, рухтас, тілектес, көрші Павлодар облысы Баянауыл өңірінің түлегі, Арқаның мақтанышы Рауан Қайдаров пен облысаралық, республикалық айтыста Қарағандының намысын қорғап, абыройымызды асқақтатқан Еркеғали Бекболатқа берілді.
Бұқардың өзі туған облысты,
Павлодар атағаны обал екен.
Төл тілімді бәрінен биік қойған,
Мына менің ауданым дара мекен,- деп Павлодардың орысша атауына сын айтқан Еркеғали Бекболатқа:
Павлодар орыстың жері ғой деп,
Сыртымнан сығалама сауысқанша.
Тәңірі тектілерді туғызар ма еді,
Тамыры Павлодардың орыс болса, - деп Рауан Қайдар әдемі сөз қайырды.
Үш мәрте «Алтын домбыра» сыйлығының иегері атанған ақын Мұхтар Ниязұлы алтын уақытын қиып сонау жыр елі, Сыр елінен келіп, Бұқардай бабасының елін құрметтеп сахнамыздың төріне шықты. Сыр елінен келген ақынның қарсыласы Қарқаралы өңірінен келген айтулы ақын Бекарыс Оспановтың додасын айтысқа шөлдеген көрермен асыға күтті. Қос ақын сахна төріне шыққанда қиқулап шапалақ соққан көрермен үздік айтысты көре алды. Бір-бірінің биік өнері мен ақындық шабыттарын бағалап, сыйластықпен өрбіген айтыс соңында Мұхтар Ниязұлы:
Қара өлең ақындардың үлесіндей,
Сөзіміз тұр әлі де түгесілмей.
Інімнен немді аяйын, ағайындар,
Қазақ деген жомарт жұрт, білесің ғой.
Бұл ауданның әкімі Абылай дейді,
Қалжыңдайсың әрине, күлесің ғой.
Шапанынды мен жабайын,
Атыңды Абылайдан мінесің ғой, - деп інісінің арқасына шапанын жапты.
Көрдіңіздер қап-қарамын,
Қазақ үшін қызмет атқарамын
Осы шапанды киіп алып
Айтысқанда бұйырса
Бекарыстай атты аламын.
Солақай боп шығып-ақ айтыстарда
Халықтың оң батасын ап қаламын,- деп жауап қатқан Бекарыс Оспанов ағасының ақ тілегін қабыл алды. Бұл сыйластық алдыңғы толқын болып жүрген ағалардың кейінгі жас буынға ақ батасын берген әдемі көрінісі болды.
Айтыстың қорытынды кезеңіне Мұхтар Ниязұлы, Сырым Әуезхан, Біржан Байтуов, Еркеғали Бекболат өтті. Әр ақынның өнеріне қиқу салып, қошемет көрсеткен жиылған қауым екінші кезең қатысушыларының айтысы жүрекке жігер сыйлап, көңіл теңізін буырқантты десті. Көп жылдан бері ауданымыз төрінде айтыс өтпегеннен болар, қара сөзге шөлдеген көрермен алты сағатқа созылған дүлдүлдер додасының қызуына малынып, орнынан тапжылмастан марапаттауға дейін қозғалмады.
Әділқазылардың әділ шешімі мен алты сағатқа созылған дүлдүлдер додасының қорытындысы шығарылып, бас жүлде үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа, жүлделі І-орын Сырым Әуезханға, ІІ-орын Біржан Байтуов пен Еркеғали Бекболатқа бұйырды. ІІІ-орынды Рауан Қайдар, Доскей Ботпай иеленді.
Ал, Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы арнайы жүлдемен Талғат Мықи, Көшен Елеуов атындағы жүлдемен Жандос Бақытұлы, Ғабиден Мұстафин атындағы сыйлықпен Жанарыс Тілеубек, Доскей Әлімбаев атындағы жүлдемен Бекарыс Оспанов марапатталды. Халықтың рухын асқақ еткен аламан айтыстың қатысушыларына бағалы сыйлығының орын емес, көрерменнің ыстық ықыласы мен шапалағы еді. Бұл кештен халық рухани азық алса, көрермен қошеметінен ақындар шабыт алып қайтты.
Қазылар алқасының мүшесі Мүгүлсім Шибаева:
- Бүгін Бұқар баба төрінде орын алған айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе жас ақындарымыз машықтанған дарабоздармен қарсыласқа түскенде алдыңғы толқын ағаларының мысы басып қала ма деп едім. Олай болмады. Жастар жағы жалынды өнер көрсетті. Жігерленіп айтқан әр сөздеріне риза болып отырдым. Бұқардың атын алған ауданымда осындай ауқымды айтысты жиі өткізу қажет екен. Әуелі Алла, екінші қара сөздің қадірін білетін аудан жұртшылығы ауа-райының қолайсыздығына қарамай, көрермен саны да көп болды. Бұқар баба мұрасын ұлықтап, келер ұрпақ санасына сіңіріп жүрген азаматтарымыздың баршасына алғыс айтқым келеді, - деді.
Айдын көлге үйрек ұшырып, қаз қондырған от ауызды, орақ тілді, алтын таңдай, күміс көмей ақындар додасының көрінісі осындай болды. Көрерменнің рухын түлетер, жалынды жастарымызды шабыттандырар ақындар айтысы Бұқар елінде дәстүрге айналған шара болсын.
Б.Жакешова
Д.Торжановтың
суреттері