
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
«Жаңа кітаптар – оқырман игілігіне»
04.11.2023
Рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Кітап мекені, кітаппен сырласатын қасиетті де, қастерлі орын... Жуырда балалар кітапханасында кітап қоры молайғанынан хабардар етеміз.
Кітаптардың жаңа легі туралы сіздерге біраз мәлімет беруді жөн көрдік. Оқырман қауым қызықты көптеген деректер, мәліметтер, дәлелдермен таныса алады. Кітап көрмесін ұйымдастырудағы басты мақсат - оқырмандарға жаңа түскен кітаптарды кеңінен насихаттау, әр оқырманға жеке дара ұсыну.
Жыл басынан бері кітапхана қорымыз 120-дан астам жаңа кітаптармен толықты. Ал жуық арада, яғни қыркүйек-қазан айларында жаңа кітаптардың басым бөлігі келді. Екі айда кітапхана қоры 80 кітаппен толықты. Қазан айының 27-жұлдызында жаңа кітаптарды насихаттауға арналған «Жаңа кітаптар - оқырман игілігіне» атты көрме ұйымдастырылып, шолу өткізілді. Оқырман назарына білімнің барлық саласындағы әдебиеттер, тарихи деректер, оқулықтар, ақын-жазушылардың шығармалары, ұсынылды. Қызықты кітаптарды атап өтсек.
Қор «Атамұра» баспа үйінен 2022 жылы басылып шыққан қазақтың бас туындыларының бірі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» төрт томдық роман-эпопеясымен және дәл осы баспадан көркем тіл мен мен әдебиет сүйер қауымға арналған Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» повесі, сондай-ақ кезінде әдеби қауым мен жұртшылық жоғары бағалаған Төлен Әбдіктің «Оң қол» повестері мен әңгімелері енген кітаптарымен толықты.
Кейінгі жылдары оқырмандардың көзайымына айналған «Қасым» баспа үйінен де біршама кітаптар келді. Жас жеткіншектердің мінез құбылысын, жан дүниесін дәл суреттей білетін жазушы Қази Данабаевтың «Сағыныш екен бала кез...» кітабы, сондай-ақ қала баласының ауылға жиі барып тұруының пайдасы зор екенін дәлелдейтін Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжан» повесьтер мен әңгімелер жинағы, иісі қазақ үшін күй өнерінің орны бөлек, осындай тың туындылардың туу тарихы мен күйшілердің өмір тарихын көркем баян ететін Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» әңгімелер жинағы, бала кезіміздің тәтті естелігі ретінде келе жатқан Сайын Мұратбековтың «Қылау» повестері мен әңгімелері, тілі жеңіл, ғибраты мол, ықшам келген әңгімелері жинақталған Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» кітабы, өткен ғасырдың сұрапыл соғыс жылдарындағы ел өмірін бейнелейтін Дулат Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» кітабымен, Қаржаубай Омарұлының қайта құру кезеңінде жазылған «Әке» повестімен, Аян есімді жеткіншектің аянышты тағдыры баяндалған Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» шығармасымен, бал балалық шақтың ғажайып сәттерінен өзінің шынайылығымен бейнелеген жазушы Марат Қабанбайдың «Жиһанкез Тити» шығармасымен, тыңдаушыға ғибратпен бірге эстетикалық ләззат беретін ертегілер жинағымен, ежелгі грек аңыздарындағы маңызды оқиғалардың бірі – Троя соғысын бейнелейтін Ақселеу Сейдімбектің «Троя сұрапылы және оның батырлары» шығармасы.
Бүгінгі күні тың туындыларды шығарып, биік сұранысқа ие баспалардың бірі ол – Отбасы хрестоматиясы. «Отбасы хрестоматиясы» – балаларға арналған ертегі-аңыздар мен қиссалар, шетел әдебиетінің аудармалары, психология, философия, логотерапия, экзистенциалдық бағыттағы еңбектерді ұсынатын танымал баспа. Қазіргі таңда баспа кітаптарының жалпы таралымы үш жүз мыңнан асқан. Атаулы баспаның бірнеше кітаптарымен біздің кітапханамыз толықты. ХІІІ ғасырда өмір сүрген Рабғузидің аңыз-қиссалары енген «Қисса-сүл-әнбия» экзистенциялық шығармасы, қазақ телевизиясында айырықша орны бар белгілі тұлға Бейсен Құранбектің өмір жолы мен артында қалған ізгі істері баяндалған Санжар Керімбайдың «Бейсен және Болмыс» кітабы; логотерапия іліміне қызығатын оқырман қауымға арналған Санжар Керімбайдың «Өркениетті адам» кітабы және дәл осы автордың «Өмірге ғашық болу» шығармасы да бар.
Маңызды мазмұнға ие кітаптар легін Алматы қалалық «Мазмұндама» қоғамдық қорының ұсынған «Ахмет Байтұрсынұлы кім?», «Қаныш Сәтбаев кім?», «Қажымұқан Мұңайтпасұлы кім?» жалғады. Кітап жас жеткіншектер мен балалар қауымына арналып жеңіл, әрі қызықты етіп жазылған.
Одан бөлек «Внеклассное чтение» сериясымен Г.Х.Андерсеннің «Сказки», В.Ю.Постниковтың «Кругосветное путешествие», Дж.Ч.Харристің «Сказки дядюшки Римуса», Б.Поттердің «Кролик Питер», Б.Заходердің «Стихи и сказки», В.В.Шульжиктің «Приключение поросенка Фунтика», А.Раскиннің «Как папа был маленьким», К.Чуковскийдің «Сказки», А.Л.Бартоның «Стихи для детей» кітаптарымен толықты.
Кейінгі жылдары жасөспірімдер мен жеткіншектер арасында Холли Вэббтің кітаптарына қызығушылық артуда. Балаларға арналған қызықты кітаптардың авторы Холли Вэбб Лондонның оңтүстік-шығысында туған. Бала кезінде жануарларға деген сүйіспеншілігі мен қиялы өте бай болған. 10 жасында ол мифологияға қызығушылық танытқаны сонша, латын және көне грек тілдерін үйренді. Сондай-ақ бүгінгі күні көп оқырмандардың сұранысына ие кітаптардың авторы. Кітап қорымыз үнемі атаулы автордың кітаптарымен толығып отырады. Биылғы жылы «Мейзи Хитчинс. Ұрланған алты пенстің оқиғасы» кітабымен толықты. Құпияны ашу - Мейзидің ең сүйікті ісі. Ол түрлі жұмбақ жағдайлардың шешімін тапқанды ұнатады. Оның ең басты арманы - өскенде детектив болу. Мейірімді Мейзи өзен жағасында қаптың ішінен күшік тауып алады. Күшігін қапқа салып, өзенге лақтырған адамды анықтауы Мейзидің алғашқы нәтижелі ісі болды. Жас детективтің шешуі тиіс келесі құпия - ет дүкенінде жұмбақ жағдайда жоғалған алты пенсті кім ұрлағанын табу сынды оқыс оқиғалардан тұратын шығармасымен толықты.
Әрине, кітап деген жаза берсек таусылмайтын қазынадай. Бүгінгі күні қазақ өлкесі кітаптың түр-түріне бай. Кітап - өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес.
«Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи. Осы сынды кітап туралы бірнеше құнды пікірлерді сіз де жақсы білесіз. Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық. Осы орайда, сіздерге кітап оқудың 7 пайдасы жөнінде жазып көрейік. Түртіп алыңыз.
1. Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі;
2. Кітап оқу – жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады;
3. Кітап оқу – талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді;
4. Кітап оқу – көптеген табыс пен жетістіктің ең басты негізі;
5. Кітап оқу – адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады;
6. Кітап оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады; 7. Кітап оқу – адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады.
Қазіргі кезде керек ақпарат табу үшін аудио, видео, ғаламтор секілді жеңіл жол табылып тұрғанда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Меніңше бала ерте жастан кітаппен дос болса, кітап оқыса болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз білімін жетілдіруінде кітапты көп оқуының арқасында бірнеше тілді меңгерді. Сол секілді кітап оқудың еш кеші жоқ. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, ой-өрісін дамытуда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап деп айтсам артық болмас.
А.Ерубаева