taza-kaz

Жайдары «Жайдарман»


28.10.2023

Ауданымызда жасөспірімдер арасында «Жайдарман» ойыны өтті. Ұлттық мейрам – Республика күніне арналған әзіл-сықақ бәйгесінің ұйымдастырушылары аудан әкімдігі мен аудандық жастар ресурстық орталығы.

Талай өнерпаздың бағын ашқан «Жайдарман» ойындарының жастар үшін маңызы зор. «Жайдарманда» ел ертеңі жастарымыз әзіл-қалжыңға толы ойын көрсетіп қана қоймай, өмірде, қоғамда болып жатқан тың жаңалықтарды қозғап, ой саларлық мәселелерді көтереді. Әр ойын сайын шыңдала түсетін жайдарманшылар сахна мәдениеті мен шеберлігі, би, ән, мимика, сөйлеу мәнеріне машықтанады. Ұйымдастырушы жастар ресурстық орталығының басшысы Жанболат Жаңбырбаев өз сөзінде ойынның мақсатымен бөлісті:

- Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Жайдарман» ойындарының негізгі мақсаты  - ауданымыздағы шығармашыл жастарды қолдау, рухани дамыту және жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Бұл ойын арқылы біздер жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне өз үлесімізді қосамыз, - дейді.

Әзіл-қалжың бәйгесінде Ростовка, Жаңақала, Көкпекті, Доскей, Үштөбе ауылдық округтері мен Ботақара кентінен жиналған 6 «Жайдарман» тобы өнер көрсетті.

Әзілдердің сәтті шықаны да, сәтсіз шыққаны да болды. Өнерпаздардың өнерін бағалап, әзіл-қалжыңнан баға беруші әділқазылар алқасының қатарында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Майра Әбеуова, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанболат Жаңбырбаев, аудандық ішкі саясат бөлімнің маманы Анель Смаилова, аудандық білім бөлімінің методисті Гүлнұр Алиленова болды.

Әділқазы алқасының әділ шешімімен Ботақара кентінің «Торайғыров жастары» командасы 1 орынға ие болып, 80 мың теңге, үштөбелік «Hollywood» командасы 2 орынға шығып, 60 мың теңге, Жаңақала ауылының өнерпаздарынан құралған «Жана city» командасы 3 орынды қанжығалап, 40 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Жүзден жүйрік» деп танылған «Торайғыров жастары» командасының жетекшісі, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің ұстазы Динара Кулова:

- Біздің команда 7 оқушыдан құралған. Барлығы да шығармашыл, сахна мәдениетін білетін, бұған дейін киелі сахна төрінен шығып, машықтанған өнерпаздар. Алдағы уақытта бүгінгі жеңіспен тоқтап қалмай, келе жатқан Тәуелсіздік мейрамында облыстық деңгейде өнер көрсетсек деген жоспарымыз бар. Бұған дейін Жаңақалада Қабыл Боранбаев атындағы мектепте қызмет атқардым. Ол білім ордасында да өзіміздің «Жайдарман» командамыз болды. «Жана city» командасымен облыстық деңгейдегі ойындарға шығып отырдық. Қазіргі уақытта 3 жылға жуық Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінде жұмыс істеймін. Мен келгенге дейін мектеп ішілік «Жайдарман» командасы болған екен. Өнерге жақын балалардан құралған «Торайғыров жастары» командасымен облыстық жарыстарды бағындырсақ дейміз, - дейді.

«Жайдарман» ойынын тек қана әзіл сайыс, қуақы қалжың емес, жастардың жоғарғы жақтағы басшылыққа ел мұқтажын жеткізер алаң десек болады. Шығармашыл жастардың басын бір арнаға біріктіріп, еліміздің рухани байлығын кеңейтуге, ана тіліміздің дамуына үлкен үлесі бар ойын аудан көлемінде дами түссе дейміз. Әрине, ол үшін қолдау керек. Жалынды жастардан құралған «Жайдарман» топтарын қолдау ертеңгі ұлт болашағының жолын ашумен тең. Себебі қоғамда өз орынын тауып, елге пайдасы тиер игі істерді бастаушылар қатарында көбіне осы «Жайдарман» сахнасында машықтанған қыз-жігіттеріміз жүр. Ауданымыз тарапынан жайдарманшыларға қолдау болып, жастарымыз жарық жұлдызға айналарына сенеміз.

Б.Жакешова

 

Д.Торжановтың суреттерінде: шараның әсерлі сәттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?