taza-kaz

«Республикам бұл менің» интеллектуалды ойыны өтті


28.10.2023

Қазан айының 24-жұлдызында аудандық балалар кітапханасының оқу залында Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің 6-сынып оқушыларымен Республика күніне орай «Республикам бұл менің» атты интеллектуалды ойыны өткізілді.

Мемлекеттік мерекеге орай өткізіліп отырған шара әнұран тыңдаумен басталды. Одан әрі   келген қатысушылар үш баладан екі топқа бөлініп, өздеріне «Алаш» және «Қазақ» деп топтың атын  қойды. Өз ұрандарын айтып, бір-біріне сәттілік тіледі.

Ойын төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең - «Лездеме сұрақтар», екінші кезең - «Wordall»  арнайы мобильді бағдарламасы арқылы «Сынақ» ойын-шоуы. Ал үшінші кезең - «Сен білесің бе?» экранда берілген ұяшықтарды таңдау арқылы викториналық сұрақтар қойылды және соңғы кезең «Додэкаэдр» дидактикалық материалын пайдалана отырып сұрақтарға жауап беру.

Барлық кезеңнен сүрінбей өткен қос топ ойын соңында ұпай сандары 120-120 болып тең түсіп, достық жеңді. Ойын өте тартысты өтті. Берілген сұрақтарға бірінші жауап берген топтар өзара  қуанып, құшақтасып жатса, жеңіліп бара жатқан топ бір-бірін жігерлендіріп, қолдау көрсетті. Тартысты ойын бір жарым сағатқа созылды. Қос топтың тең түскенде қуаныштары қойындарына сыймады.

Ойыннан соң  атаулы мерекеге орай құрылған «Республикам бұл менің» кітап көрмесіне шолу жасалды. Сондай-ақ ұлттың осы күнге дейін жеткен жетістіктерін айқындайтын «Бүгінгі Қазақстан» бейнеролигі тамашаланды.

Көп оқырмандардың  «Тәуелсіздік күні» мен «Республика күнін» шатастыратынын немесе айырмашылығын қатты түсіне бермейтінін шара барысында ұғынып жүрміз. Сол себепті «Бұл қандай мереке?» атты жадынамалар таратылып, қосымша сұрақтар арқылы атаулы мереке төңірегінде талқылау да жүргізілді.

Ал газетіміздің осы санын оқитын кітапхананың кішкентай оқырмандарына арнап   атаулы мерекенің тарихына тоқталып өтсек.

Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің No307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.

2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің айырмашылығы қандай? Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды «маңызды және тарихи шешім» деп атады. «Осы заңға сәйкес 25 қазан - Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз», - деді.

Міне қысқаша айтқандай осылай, қымбатты кішкентай оқырмандарымыз.

Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтаймыз! Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған ерліктері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?