taza-kaz

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды»


21.10.2023

Қазан айының 19-жұлдызында аудандық балалар кітапханасының оқу залында ата-аналарды кітапхана өміріне тарту мақсатында «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» атты ашық сұхбат алаңы өтті.

Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені, әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға  қиянат жасамауға тырысқан. Ендеше, тағылымы мол тәрбие мәселесін тарқатуға бағытталған «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» ашық-сұхбат алаңының  барысымен таныс болыңыздар.

Шараға келген ер-азаматтарды кітапхана ұжымы  бүгінгі күннің батырларының ұранына айналған, Есенқұл Жақыпбектің «Біздің елдің жігіттері» атты әнімен қарсы алды. Ортаға озған кеш қонақтарына бірден «Сәлемдесу» тренингін өткізді. Әр ұлттың амандасу салтын айтып келе жатқан кітапханашының тапсырмасына еріп, ер-азаматтар іс-қимылмен көрсетіп тұрды. Ең соңында қонақтар өзара қазақы болмысымызға сай құшақ жайысып, қол алысып,  амандық-саулық сұрасты.  

Орындарына жайғасқан кеш қонақтарына «Ер азаматтардың қоғамдағы рөлі» атты бейнеролигі көрсетілді. Кейін тақырыпты одан әрі өрбітіп, мәселені ортақ талқыға салды.  Келген қонақтармен: «Бүгінгі күні әйел азаматтардың қоғамдағы рөлі басым болып бара жатқан жоқ па?», «Ер-азаматтардың бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай?», «Бұрын ғылым-білім болсын, ұстаздық  салаларының басында болсын ер-азаматтар басым болатын, бүгінгі күні мектеп ұсздарының 80% әйел азаматтар, ер адамдар білім саласынан алыстап кетті ме?», «Қоғамдағы сәнқой ер-азаматтардың көбеюі» сынды тақырыптар талқыланса, екінші бөлімде  «Отбасындағы ер-азаматтардың рөлі» тақырыбымен жалғанды. Тақырыпты талқыламас бұрын ортаға  балалары бар азаматтар шақырылып, үстел үстіне қойылған, жартылай жасырын (мысалы көзі ғана көрініп тұру ) суреттердің ішінен өз баласын тану ойыны ойналды. Қуантарлығы, барлық азаматтар  жазбай таныды.  Одан әрі отбасылы ер-азаматтардан балаларының мінез-құлықтарына, қабілеттеріне байланысты сұрақтар қойылды. «Балаңыздың сүйікті ойыншығы», «Алғашқы ұстазы», «Балабақшасының атауы», «Ең  жақсы қасиеттері», «Ең қиын қасиеттері», «Телефоннан не көретінін қадағалайсыз ба», «Сізге айтқан ең жылы сөзі», «Балаңыз кітап оқиды ма, өзіңіз ше?» сынды сұрақтар қойылды. Ал бойдақ ер-азаматтарға «әкеңіздің  ең жақсы қасиеті немесе есіңізде қалған өсиеті» тапсырмасы берілді.  Одан соң барлық әкелерден сіз үшін «Бақыт деген не?» сұрағы қойылып, жауаптар маңайында сұхбат жүргізілді. «Бала ата-анасының айнасы екенін растайсыз ба?» сұрағы қойылып, артынша әкелердің кітап оқымауы баланың өміріне әсерін тигізетінін дәлелдейтін, фактілер айтылды. Сондай-ақ әкелерге және болашақ әкелерге «Бала тәрбиесіндегі жеті қателік» жадынамасы таратылды. 

 «Әке көрген оқ жонар» кітап көрмесіне шолу жасалып, ондағы бала тәрбиесіне қатысты мақал-мәтел кітаптарынан мақалдарға талдау жасалды, сондай-ақ  балаға қатысты: «Тұсау кесу», «Ат қою», «Аттамақ», «Тымаққа салу», «Тоқым қағу», «Жеті ата», «Тұлым», «Тыйым» қазақ дәстүрілері талқыланды.

Шара соңында «Барыңды бағала» тренингі өткізілді. Қатысушылардың барлығына ақ парақтар таратылып, қалам берілді. Олар қағазды басына қойып, жаздың  жайма шуақ күнін, баласының сабақ оқып отырғанын, анасының немересін еркелетіп отырғанын, жылы үйге кіріп келген өзін елестетіп, жарын елестетіп сурет салды. Кейін салған суреттеріне өздеріне қарауға рұқсат етілді. Мұндағы мақсат - адамның қиялы қанат бітірсе де, өмірде барлығы біз ойлағандай бола бермейтіндігін көрсету еді. Елестету мен соны құрау өз қолымызда екенін дәлелдеу. Бала үнемі тәртіпті бола бермейді, үнемі бестік алмауы мүмкін, отбасы үнемі бір қалыпта өмір сүрмеуі мүмкін деген ой тасталды.

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.

Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында», «Балам, әкеңнің киімін жоғары қой», «Балам, әкеңнен ұят болмасын», «Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр, әкеңнің мазасын алма» деп, әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз.

Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

А.Ерубаева



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?