
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Жақсының аты өлмейді
21.10.2023
13-қазан күні Мәдениет үйінің төрінде Алты алаштың абызы атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының 355, ойшыл, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165, баба есімі мен мұрасын насихаттаған ел азаматы Шопанай Әмірханұлының 100 жылдықтарына орай «Әдеби өлкетану» жобасы аясында аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Жақсының аты өлмейді» атты аудандық байқауының қорытынды кеші өтті.
Келген қонақтар назарына Мәдениет үйінің фойесінде «Ұлылар мұрасы - ұрпаққа үлгі» тақырыбында кітап көрмесі, «Арнаймын саған, туған жер» отбасылық қолөнер және «Қазақтың ұлы жырауы - Бұқар баба» ұсынымдық библиографиялық байқауларының жұмыстары бойынша көрмелер ұйымдастырылып, шолу жасалды.
«Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» – деген халқымыз жақсы адамды көктегі ай мен күнге теңеп, ізгілік пен игілікке барша адамның зәру екенін көрсетсе керек. Әсілі мұндай биік теңеу ортасына сыйлы, ерекше ойлайтын, айрықша бағалы жандарға бағытталып айтылса керек. Осындай тұлғалардың есімін есте қалдыру, насихаттау, өнеге ету мақсатында біздің кітапханаларымыз көптеген шаралар ұйымдастыруда.
Үш жарым ғасыр өтті, Бұқар мұрасы әлі өміршең. Неге? Ақыл, ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісімен. Бұдан былай да маңызы арта береді. Өйткені, жырау өсиеті – адамзат ақыл-ойының тұма бастауындай, адамдық пен ел болудың алғышарты, озық үлгісі.
Жылдың басынан бастап аудан бойынша кітапхана оқырмандары арасында «Баба жырын жаттаймыз» балалар арасында Бұқар жырау Қалқаманұлының өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу сайысы, «Оқуға кеңес беремін – Прочитал и Вам советую» Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары бойынша аудандық буктрейлер байқауы және «Арнаймын саған, туған жер» Шопанай Әмірхановтың 100 жылдығына арналған отбасылық шебер байқаулары жарияланған болатын.
Ұлы бабаның ұлағатты жырларын ұлықтап, асыл мұрасын дәріптеу, өскелең ұрпақты ұлттық ата дәстүр рухына тәрбиелеу мақсатында аудандық балалар кітапханасымен 15 жасқа дейінгі балалар арасында ұйымдастырылып, 17 кітапханадан 32 оқырман бала қатысқан «Баба жырын жаттаймыз» атты аудандық мәнерлеп оқу сайысы өтті. Жас талапкерлеріміздің өнерін Шешенқара ауылдық жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі - Әлжан Ардақ Жақсыбайқызы, аудандық мәдениет үйіне қарасты «Зерде» бейнекөлігінің қызметкері Елжанов Жұмағали Айханұлы және аудандық мәдениет үйі «Зерде» бейнекөлігінің музыкалық жетекшісі Маемеров Қайролла Белгібайұлы бағалап, қорытындысы бойынша барлық қатысушылар алғыс хатпен, ақшалай сыйлықпен марапаттады. Оқу сайысы бойынша 3-орынды С.Торайғыров атындағы қазақ тірек мектебінің 6-сынып оқушысы Дильназ Досмағанбетова, Ботақара орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жолжібек Серікбол, Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Іңкәр Ерланқызы, Мәнжі батыр атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлайым Дастанбекқызы иеленді. 2 орынды Үштөбе тірек мектебінің 4-сынып оқушысы Хақназар Қазкен, Шешенқара орта мектебінің 7-сынып оқушы Біржан Жетей қанжығалады. 1 орынды Ж.Аймауытов атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Еркежан Рымбек алса, ал бас жүлде Үштөбе тірек мектебінің 4-сынып оқушысы Сезім Дүйсенбайға бұйырды.
ХҮІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінде жыры көп сақталғаны - Бұқар жырау Қалқаманұлы. Оның жырларының сақталуына тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам Мәшһүр Жүсіп Көпеев екені бүгінде баршаға аян. Мәшекең атамыз тоғыз жыл білім жолында Орта Азия қалаларында оқып, еліне қайтып келгеннен кейін тапқан тақырыбы, тарихи шығармашылық адамы – осы Бұқар жырау болған. Оған дәлел, ол кісінің 1905 жылы өзінің байырғы мекені Ақбеттаудан көшіп, Ақкелін-Далбаға барып, үш жыл бойы Бұқардың өмірі мен ел аузында сақталған сөздерін, жырауға қатысты тарихи оқиғаларды өзінің «Қара месіне» жинап, бір жүйеге келтірген соң, 1908 жылы еліне қайтуы болса, «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» деп қалдырған сөзі, сәл кейінірек, 1927 жылы баба зиратын алғаш анықтап, басына қызыл таспен белгі қойып, көрсетіп кеткен ұлы істері болса керек. Содан бері, міне, ғасырға жуық уақыт өтті, ұлылар өмірден кетті, бірақ жасап кеткен ізгі ісінің куәгері –қызыл тасы бүгінде сол тарихтан сыр шертіп, Далба тауының баурайындағы мұражайда тұрған құнды жәдігер. Ұлтымыздың әдеби өміріне өшпестей із қалдырған дара Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің артында қалған еңбегі әлі күнге дейін өзекті. Қазіргі жағдайда оның патриоттық жалынды өлеңдері егеменді елдің жастарын елге, жерге, тілге, дінге, салт-дәстүрімізге құрметін арттырып, оларға ізгілік нұрын сіңіруге, отаншылдық рухты тәрбиелеуге көмектеседі.
Көпшілік назарына аудандық мәдениет үйі «Зерде» бейнекөлігінің музыкалық жетекшісі, республикалық термешілер байқауының лауреаты Қайролла Маемеров Бұқар жыраудың толғауы «Он бір тілек», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітаптары бойынша жарнама-акция және «Бес қымбат» өлеңімен жас кітапханашылар: Махаббат Шынжырбай, Іңкәр Мұқан, Гүлжауһар Сайлау, Айым Бахриденова, Назерке Жұмашева, «Руханият» қосымша білім беру орталығының ән-домбыра сыныбы мұғалімі, республикалық байқаулардың лауреаты Саян Мұздыбай Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған Қалқаман Жүнісбековтің «Сарыарқа» әнімен, 6-сынып оқушысы Іңкәр Изатова, Рамазан Нәрешев «Алаштың ардақтысы» және Асылжан Кощегулова, Жасұлан Хамитов «Шопанай Әмірханұлына» өлеңдерін баршаға тарту етті.
8 жасынан халық мұрасына көңіл бөліп, көзінің қарашығындай сақтап, 200-300-дей аңыз бен әңгімелер, 30-40 шақты тұрмыс-салт, 5-6 батырлар, 2-3 ғашықтық жырларын, 11-12 қисса-дастан, 15 шақты ертегі, 2,5 мың жол мақал-мәтел, 100-150 жаңылтпаш, 27 үлгі ақындар айтысын, 30-40 шақты ақын-жыраудың өлең мен қиссалары, дастандарын, қазақ шежірелерін жинаған ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ел мүддесі үшін орасан еңбек жасаған адам.
Мәшекеңдей ұлы тұлғаның бүгінгі ұрпақтары, «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының мүшелері ғұламаның шығармашылығын насихаттауда, өзге де игі істердің жүзеге асуына белсенді атсалы-суда. Ақын атамыздың биылғы 165 жылдық мерейтойына орай тамыз айында Баянауыл өңірінде жиырма мың адамның басын қосқан тойы өтті. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол» атты бес томдығы жарық көріп, оған табылған жаңа өлеңдері енгізіліп, елордада тұсаукесері өтті.
Ақын әрі ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының тұңғыш ұлдан тараған шөбересі – әр жылдары экономист, салық комитеті, қаржы полициясында жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер, биыл 65 жасқа толып отырған Абай Төлеубайұлы Шарапиев бабасының мұрасын жинақтап, 2020 жылы «Ақиқат» кітабын жарыққа шығарса, кеше ғана қыркүйек айында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабының тұсаукесеріне себепкер болды. Біздің ауданымызда осы шараның құрметті қонағы болып Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, Екібастұз қаласының «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қорының президенті - Абай Төлеубайұлы Шарапиев қатысты. Абай ағамыз құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ғұлама ғалым, этнограф, ақын, шежіреші, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жиаушы, қазақтың дара тұлғасы Мәшһүр атамыздың өмірі мен шығармашылығын кеңінен баяндайтын, бұрын-соңды жарияланбаған материалдарымен құнды «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының тұсауын кесіп, кітапхана қорын құнды жәдігерге толықтырды. «Аталар жолы – ұрпағына мұра» екендігін ұғынып, бабасының мұрасын насихаттап, тегіне лайықты іс жасап жүрген ұрпағына дәстүрге сай аудан жұртшылығы атынан сый-тартуды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Майра Халелқызы Әбеуованы және аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушы Гүлайым Қабдуәлиқызы Жұмкенованы марапаттап, алғыс, хат тапсырып, шапан жапты.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармаларын насихаттау мақсатында кітаптарды өңдеу және жинақтау бөлімімен сәуір-маусым айлары оқырмандар арасында ұйымдастырылған «Оқуға кеңес беремін» атты конкурс-буктрейлер байқауының қорытындысын жариялау үшін сахна төріне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Төлеуов Мейрам Игілікұлы, кітаптарды өңдеу және жинақтау бөлімінің меңгерушісі Мельник Наталья Владимировна жариялады. 15 жұмыс арасында үздік деп 3 орынды Ақбел ауылының тұрғыны Айдана Дюсекова, 2 орынды Қарақұдық ауылынан Амангелді Ерболатовқа және бас жүлдені Керней ауылдық кітапханасының оқырманы «Ғашық жігіт сөзі» өлеңі бойынша буктрейлерімен Дулат Қалдыбаев иеленді. Барлық қатысушыларға кітапхана атынан алғыс хат және ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» - деген екен дана халық. Халқымыздың ең ізгі қасиеттерін ерте жастан түйсініп, Бұқар жырау атасының жырларын жадына тоқып өскен, бабасына құрмет көрсетіп, сауапты істердің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болған еліміздің азаматы – Шопанай Әмірханұлы ағамыздың 100 жылдығына арналған бөлімде көпшілік назарына ағаның өмір жолы мен атқарған істері туралы дайындалған «Ел азаматы - Шопанай Әмірханов» бейнежазбасы көрсетілді.
Мәшекеңнің ең алғаш болып Бұқар жырау қабірін анықтап, басына белгі қойғаны туралы тың деректі Майгүл Насырқызы аудандық музей ашылған 2003-2006 жылдары экскурсовод болып жұмыс істегенде Шопанай Әмірханов ағамыздың қолжазбасынан тауып, көпшілікке жеткізіп, кейін 2018 жылы аудандық газетке «Ұлыларын ұлықтаған ел азбас» деген тақырыппен мақала етіп жариялаған еді.
Сол қолжазбада 1927 жылы Мәшекеңнің Далба тауы баурайындағы зират басына түнеп, түні бойы құран шығарғаны, ертеңгісінде таудан кісі бойындай қызыл тас алғызып, қайыңнан қазық істеп сайғақ етіп қойып: «Ал Бұқар, енді тыныш жат, менің істегенім осы» деп, сол жерде пішен шауып жүрген 6-7 кісіге көрсетіп «Мен Мәшһүр Жүсіппін. Бұқар жыраудың басына дұға қылып, белгі орнатуға әдейілеп келдім. Тірі жүргендерің қабырды көрсетіп жүріңдер. Бұл Бұқар жырау іздеусіз қалмайды, күндердің күнінде ізделінеді, сол уақытта айтыңдар, мына қызыл тас куә болады, жоғалмайды» дегені, оның ішінде болған Сарымолла және Бақтияр Мақатов деген туыс адамдар кейін 1952 жылы Шопекеңе көрсеткені туралы жазылған.
Осы аманатты арқалаған азамат Шопекең - қызыл тастың елеусіз зат боп қалмауын, жоғалмауын ойлап, кесене тұрғызылғанға дейін өзі жұмыс істеген конторда сақтап келген, баба есімін жаңғыртып, халықты құлақтандыру мақсатында газет беттері мен жоғарғы жақтарға үнемі мақалалар мен хаттар жазу, мавзолей құрылысына қаражат жинауды ұйымдастыру сынды жауапкершілігі зор жұмыстарға 5 жыл уақытын сарп етіп, маңдай терін төккен халықтың ұлы. Ауданға баба есімі берілсе деген арманын өзі көрмесе де, бүгінгі ұрпақтары көріп отыр. Шараға тектінің ұрпақтары – Ерсін Шопанайұлы ағамыз бен келіні Гүлнар Сарбасқызы шақырылды. Кітапханамызға Шопанай атамыздың тұңғыш келіні Айгүл Серікқызы бас киімі, портреті, портфель, көзілдірігі сынды құнды заттарын сыйға тартқан.
Бұқар жырау Қалқаманұлының есімі мен мұрасын насихаттаған ел азаматы Шопанай Әмірхановтың 100 жылдығына орай кітапханаға отбасыларды тарту, қолөнер шеберлерін анықтау, өз өлкесіне деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында ақпан-тамыз айлары аралығында аудандық орталық үлгілі кітапханасының ұйымдастыруымен «Арнаймын саған, туған жер» отбасылық қолөнер шеберлері байқауы өткізілді. Қорытындысын қазылар алқасының төрағасы, Бұқар жырау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Набиева Орал Ынтуқызы жариялады. Барлығы 14 жұмыс тапсырылды. Ынталандыру сыйлығы мен алғыс хаттармен 6 отбасы марапатталды. Арнайы дипломды Қаражар ауылының тұрғыны Манарбек Базылов және аудандық кітапхана оқырманы Амантай Акишев иеленді. 3 орынды Үміткер ауылының тұрғындары - Орашевтар отбасы, Ботақара ауылының тұрғыны - Аслан Шайхин, 2 орынды Ақбел ауылынан келген Рахима Тлеулесова, Айнара Қуанышбаева және Центральное ауылының тұрғыны - Анжела Бреннер қанжығасына байлады. 1 орын Белағаш ауылының тұрғыны Думан Байжұмановқа бұйырды.
«Өлкетану - өзінің туған жеріңді аялауды, сүюді ғана үйретіп қоймайды, сондай-ақ ол туралы білуіңді, тарихқа, өнерге, әдебиетке деген қызығушылық танытуға, мәдениет деңгейін көтеруге үйретеді». Соған орай өлкетану бағытындағы жұмысты жандандыру, өлкетану қорын толықтыру, кітапханашылардың кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында бабаның 355 жылдығына орай ақпан-тамыз айлары аралығында кітапханаларды дамыту бөлімі мен ақпараттық-библиографиялық секторымен «Қазақтың ұлы жырауы – Бұқар баба» атты үздік ұсынымдық библиографиялық байқау ұйымдастырылған болатын. Осы байқау бағасын берген қазылар алқасы ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Бұқар жырау ауданы қоғамдық кеңесінің хатшысы - Такирова Аймангүл Төлеуханқызы, кітапханаларды дамыту бөлімінің әдіскері - Асқарова Майгүл Насырқызы, аудандық орталық кітапханасының ақпараттық-библиографиялық сектор меңгерушісі - Рахимова Ботакөз Төлеутайқызы. Алғыс хатпен байқауға қатысқан 30 кітапханашы марапатталды. «Қызықты библиографиялық ойыны үшін» - Ынтымақ ауылынан Жадыра Байдалина, «Ізденісі үшін» Новоузенка ауылынан Айым Бахриденова, «Ерекше ойы үшін» - Мұстафин кентінің балалар кітапханасы Гүлназім Оңалган, «Эстетикалық талғамы үшін» - Қушоқы кентінен Сандуғаш Нұртазина марапатталды. 3 орынды Гагарин ауылынан Ализа, аудандық балалар кітапханасынан Айгерім Искакова, 2 орынды Доскей ауылынан Айтбала Ибраева иеленді. 1 орынға «Ақтан сия танытқан» номинациясы бойынша Мұстафин кентінен Гүлнар Муталяпова ие болды. Бас жүлдені Қарақұдық ауылының кітапханашысы Гүлдаш Дүйсембек «Бұқарекең жырлайды» номинациясы бойынша иеленді.
Есімдері ел есінде жүрген, ұлы тұлғаларға арналған кешті Майгүл Асқарова Қадыр-Мырза Әлидің «Қазақ осы» әнімен аяқтады.
Индира Асқарова,
аудандық орталық үлгілі кітапханасының көпшілікке қызмет көрсету секторының аға кітапханашысы
Д.Торжановтың суреттеріңде: көрмемен танысты.