
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Сахна төрінде - ақындар
14.10.2023
Қазан айының 12-сі күні аудандық мәдениет үйінде «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында аймақтық «Туған жерім – мақтанышым» атты айтыс өтті.
«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы, аудандық білім бөлімі мен «Руханият» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен айтысқа 18 бала қатысты.
Іс-шараның мақсаты - ұлттық рух пен отансүйгіштікті, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, эмоционалды интеллекті қалыптастыру, айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарынды шығармашыл жастарды анықтау болды.
Қанымызбен жаралып, рухымызбен таралған, қалыптасып келе жатқан айтыс өнерінің саңлақтарына қолдау, қошемет көрсетуге жиналған көрермен көшін аудандық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанова, Қарағанды облысы білім басқармасының бас маманы Арайлым Серікова, Қарағанды облысы білім басқармасы «Сарыарқа дарыны» қосымша білім беру орталығының директоры Нұркен Ашықбаев, Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова, айтыс өнерінің ақтаңгері, республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы Мақсат Ақанов, айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Нұрмұxаммед Байсүгіров, Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Бауыржан Ермұхамбетов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының м.а.Майра Абеуова бастап келсе, білім беру ұйымдары мен қосымша білім беру орталықтарының педагогтері мен оқушылары көшті жалғады.
Айтыс «Руханият» қосымша білім беру орталығының Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбының жетекшісі, айтыс өнерінің ақтаңгері, кеше ғана Атырау облысында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай өткізілген халықаралық айтыстан бас жүлде иеленіп, облысымыздың мәртебесін арттырып келген Дидар Қамиевтің арнауымен ашылды. Әдемі арнаудан кейін Арайлым Серікова мен Қаламқас Оспанова құттықтау лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айтыс іріктеу кезеңі мен ақтық сын бойынша 2 турдан құралды. Ақындарға берілген уақыт 15-20 минут. Осы уақыт ішінде сөз майталманы анықталды. Бәйгеге қосылған тұлпардай бір-бірінен оза шапқан ақындардың өнерін бағалап, баға беруші қазылар алқасының құрамында - Нұркен Ашықбаев, Бақытгүл Әбдікерова, Мақсат Ақанов, Бауыржан Ермұхамбетов, Нұрмұxаммед Байсүгіров болды. Ал, айтыс өнеріне енді қадам басып жатқан жас ақындарымыздың арқасын қоздырып, шабыттарын арттырып, мүдірген тұста демеу беріп, айтыстың тартысты өтуіне «Арқа өнер мектебінің» жетекшісі, айтыскер ақын, филология ғалымдарының кандидаты, Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы Айтбай Жұмағұлов өз үлесін қосты. Сөз майталмандары жарысқа түскенде Айтбай Жұмағұлов жүргізуші рөлін атқарды.
Әділқазы алқасының әділ шешімімен 1 орын «Руханият» қосымша білім беру орталығының түлегі, Дидар Қамиевтің шәкірті Мәлік Тілекке тиесілі болды. 2 орын «Мирас» өнер мектебінің оқушысы, Даулетхан Сұлтанның шәкірті Аружан Коляға табысталды. Тағы бір 2 орынды «Мирас» өнер мектебі, Айтбай Жұмағұловтың жетекшілігіндегі Дарын Даулен ұтып алды. 3 орын А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің оқушысы Аңсар Абдрахман мен Көкпекті орта мектебінен келген Асылнұр Сайлау, «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбиеленушісі Ұлан Қазылға табысталды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің оқушысы, Қалиасқар Шыныбектегінің шәкірті Ерасыл Игілік, «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбиеленушісі Аружан Берікбаева, Үштөбе тірек мектебінің оқушысы, Мұхтар Әділовтің шәкірті Әділ Абдрахман, «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбиеленушісі, Дидар Қамиевтің шәкірті Виктория Аленина номинациямен марапатталды. Барлық жеңімпаздар дипломмен марапатталды. 1 орынға 20 мың, 2 орындарға 15 мың, 3 орындарға 10 мың, номинация алған жеңімпаздарға 5 мың ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол - қайғы.
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе, ол - қайғы.
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын бір анадан туыпты, - деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, өнерге енді қадам басып жатқан жас ақындарымызды алдыңғы толқын ағаларын қолдап, қолпаштауы қуантады. Осы орайда Бұқардай сөз кемеңгері болған ұлы тұлға есімін алып отырған ауданымызда айтыс өнерінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген баба атындағы сегіз жыршы-жыраулар сыныбын айта кету дұрыс болар. Ең алғашқысы 2014 жылы ашылса, бүгінгі күні 8-і қарқынды жұмыс атқарып тұр. Өнерлі балалардың өрісін кеңейтіп, талаптарын жандандырып жүрген ұстаздарының еңбегін бағалаймыз, құрметтейміз.
Бүгінгі күні кішкене сахнада кішкентай бала болып отырған ақындарымыз кешегі Сүйінбай, Біржан, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Түбек, Құлмамбет, Сара, Бақтыбайлар сынды елдік мүдде, ерлік тақырыбы, халықтың әлеуметтік жағдайы сияқты іргелі мәселелерін көтеріп, айтыс өнерінің болашақтағы сахнасында салтанат құрарына сенеміз.
Б.Жакешова
Д.Торжановтың суреттерінде: шара көріністері.