taza-kaz

«Kitaptime-2023» фестивалі өтті


23.09.2023

Қыркүйек айының 15-жұлдызында мәдениет үйінің үлкен залында «Kitaptime-2023» жалпы республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Онда оқырмандар мен авторлар, ақындар мен әдебиетқұмар жұрт кітап жәрмеңкесінде қауышып, емін-еркін дидарласып, мәре-сәре болысты. Осы күні елорда төрінде басталған мәдениет пен рухтың жәрмеңкесі бір мезетте барлық аймақта, еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатты.

«KitapTimе» фестивалінің мақсаты – кітап оқу мәдениетін көтеру, әдебиетті насихаттау, тұрғындарды кітапханаларға тарту және оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Мәдениет үйінің кіре беріс фойесінде «Qasym» баспа үйі мен «Кітаптарды жинақтау және өңдеу» секторы «Жаңа кітаптар әлемі» атты көрме-инсталляциялар мен кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды. Кітап жәрмеңкесі мен көрмесі өз алдына, үлкен залда «Туған өлке - тұнған тарих» атты өлкетану алаңы, одан әрі ақын, әуесқой сазгер, мәдениет саласына 40 жыл еңбек етіп келе жатқан, бүгінгі күні Доскей ауылдық кітапханасының кітапханашысы, әрі 65 жас мерейтой иегері Дариға Рақымқызы Бляловаға арналған «АвтографTime» алаңы; ұлттық тәрбиені насихаттауға арналған аудандық балалар кітапханасы ұйымдастырған «Ұлттық қазына» алаңы; аудандық кітапхана қорында кітап авторларының қолтаңбасы бар кітаптардан құралған «Қолтаңбалы кітаптар әлемі» алаңы; он саусағынан өнер тамған  шеберлердің ұйымдастырған «Келіңіз, бірге үйренейік» алаңы, поэзия сүйер қауым үшін «Ақын деген пендемін» алаңдары және тағы басқа да мәдени іс-шаралардың куәсі болдық. Аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырған рух мерекесіне жерлес ақын, білікті журналист Ержан Мәзұлы Имаш қатысты. Қадірлі қонақ аталған шараға сиясы кеппеген  «Жаралғалы қазақ боп біріншімін» туындысын ала келіпті.

Шараның шымылдығын аудандық кітапхана қызметкерлері түрлі-түсті кітаптар шеруімен ашты. Тақырыбы мен түсіне қарай олар: «Ертегі сыр шертеді», «Поэзия менімен егіз бе едің?», «Әлемдік классика жауһарлары», «Алаш арыстарына тағзым», «Бір ел – бір кітап», «Өлкетану – бай таным», «Адам болу -ұлы мақсат», «Туған тілім – бабам тілі - өз тілім», «Тарихты білу – ұрпаққа парыз» деп аталды. Қызығы сол,  арнайы қойылым арқылы қойылған бұл көріністің соңында «KitapTime» сөзінің шығуы.

Ашылу салтанатына дейін де қызып жатқан кітап жәрмеңкесі одан кейін де толастамады. Қолы жеткен авторлардан оқырмандар қолтаңба алды. Әсіресе зейінді оқушыларға қызықты дүниелер қойылды. Ақындар өлең оқыса, жиналған қауым өнегелі ойын ортаға салды. Сөйтіп, 11-де басталған фестиваль түс ауғанға дейін жалғасып, кітапқұмар елдің көзайымына айналды.

«Адамзат баласы даму жолында қарыздар қандай құндылық бар десек, әуелі кітапты атар едім» депті бір ғұлама. Осыншама өркениет пен құндылықтардың басында тұрған қаттаманың неше атасы осы фестиваль барысында көрсетілді. Балалар әдебиетінен бастап ұлт қазынасына айналған туындылар, әлемдік классикалар, түрлі салалық кітаптар, отбасылық дүниелер – бәрі осында.

Ауқымды шара  бағдарламасының авторы, әрі жүргізушісі аудандық орталық кітапханасының  жаңа жұмыстар бойынша әдіскері Асқарова Майгүл Насырқызы.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған алаңдарда қызықты шаралар да өтіп жатты. Мысалы, балаларға арналған «Ұлттық қазына» алаңында «Балалықтан даналыққа» атты кітап көрмесінен бөлек, жерлес бүркітші, облыстық жарыстардың жүлдегері Айтбеков Асқар Шегірұлы «Қандыкөз» атты бүркітін ала келіп, сан ғасыр бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан қыран құстың киесі мен қасиеті жайында  сөз өрбітіп, көрерменнің ерекше ықыласын аудартты. Қыран құсқа қызыққан кітапсүйер қауым суретке де түсіп жатты. Одан бөлек алаңда «Әжемнің өнегесі», «Атамның өсиеті» аталатын, іші тәрбиелік  мағынаға толы жинақтар, «Кітап оқуға қызықтырудың техникалары» атты жаднамалар, биылғы жылдың мерейтой иегерлері атанған балалар жазушылары бейнеленген күнтізбелер таратылды. Сондай-ақ «Кім жылдам», «Сырлы сандық» ойындары ойнатылды.

«Қолтаңбалы кітаптар әлемі» алаңында ерекше кітап көрмеден бөлек, «Әр қазақ оқуы тиіс 10 кітап», «Кітап оқудың 7 артықшылығы», «Кітапты көп оқуға 5 кеңес» пайдалы кеңестер беріліп, «Сіздің сүйікті кітабыңыз?», «Сіз сүйіп оқитын өлең?», «Соңғы оқыған кітабыңыз?», «Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?» атты блиц-сауалнамалар да ұйымдастырылды.

«Ақын деген пендемін» алаңында, «Су бұрқақ» көрме-инсталляциясы құрылып, саябақ формасындағы атмосфера жасалды. Поэзия сүйер қауым осы алаңға келіп, өздерінің қалаған немесе көрмеде қойылған кітаптардан өлең таңдап оқыды. Оның ішінде «Жас ақын» поэзия клубының мүшесі, аудандық кітапхана шараларының белсенді қатысушысы, ақын Айтуар Бекежанов та  бар. Ол көпшілік қауымға «Оян қазақ» атты авторлық өлеңін оқыды.

 «Туған өлке – тұнған тарих» өлкетану алаңында биылғы мерейгер жерлестеріміз Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына, Шопанай Әмірханұлының 100 жылдығына, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына және  Ахметбек Байсалбайұлы мен Қылыш Бабайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы ақпараттар мен әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылып, «Тәтті кітаптар» акциясы, «Өлеңді жалғастыр» ойындары өткізілді.

«Келіңіз, бірге үйренейік» шеберлер алаңында Новоузенка, Керней, Ақжар, Андренниковка, Байқадам, Ботақара, Қарақұдық, Қушоқы, Ростовка, Центральный ауылдық кітапханаларында оқырман қызығушылықтары бойынша ұйымдастырылған клуб-үйірмелер жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Андренниковка ауылынан келген біз кесте шебері, «Saukele» сән үйінің қызметкері Умышбаева Нұргүл Мұқтарқызы, Ботақара ауылының шебері Абаханова Олеся Ивановна, Қарақұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы, «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Дүйсембек Гүлнаш Сағындыққызы, Ростовка ауылының кітапханашысы, «Өнерлінің қолы алтын» үйірмесінің жетекшісі Амангелді Ақмекен шеберлік сағаттарын өткізді. 

Атаулы шараның шырайын  «Руханият» қосымша білім беру орталығының шәкірттері би билеп кіргізсе, ұстаздары Ақзер Мұхаметқали мен Тәттігүл Сағындықова «Жаса қазағым», «Құрбылар» әндерін шырқап, мерейді үстем етті. Сондай-ақ Үштөбе ауылдық кітапханасы жанынан құрылған «Замандастар» үйірмесінің мүшелері Балхаш Әбенов пен Молдахмет Мыңбаев «Алға, қазақ жігіттері» әнімен көпшілікке рух, жігер берді.

Шара соңында келген қонақтар «Жұлдызды сәт» лотерея ойынына қатысып, 20 шақты сыйлықтың жүлдегері атанып жатты және шараға атсалысқан барлық кеш қонақтарына арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде: кітапқа құрмет көрсетілген керемет шараның тартымды сәттерінен көріністер.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?