taza-kaz

«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары»


11.08.2023

10-тамыз  - Абай күні! Атаулы күнге орай аудандық мәдениет үйі «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты аудандық байқау өткізді. Байқауда Бұқар жырау ауданына қарасты ауылдар мен округтерден келген жас талапкерлер бақ сынасты.

Абай адамзаттың Абайы. Оның терең пәлсапасы, мазмұнды һәм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мәңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық әндері күллі адамзатқа ортақ.

Өйткені, ақынның дүниетанымы, озат ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өлмейді. Керісінше зерделеніп, зерттеле береді.

Ұлы тұлғаны насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау екі номинациядан тұрды - «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...»  өлеңдерін жатқа оқу, «Абай сөзі – ақылдың көзі» қара сөздерін жатқа оқу.

Байқаудың әділ бағасын беріп, қатысушыларды сынаған қазылар алқасының құрамында Мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің жетекшісі Төлеубаева Зәуре Әубәкірқызы, «Зерде»  бейнемобилінің  жетекшісі, дәстүрлі әнші Азамат Амантайұлы, «Зерде» бейнемобилінің мәдени ұйымдастырушысы, сазгер, ақын Елжанов Жұмағали Айханұлы, «Бұқар жырау жаршысы» газетінің тілшісі Ерубаева Айгүл Советқызы болды.

Алғашқы бөлімде қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқыса, соңғы бөлімде қара сөздерін жатқа айтты. Екі бөлімде де көзге түсіп, көрермендердің көзайымына айналып, «шіркін-ай, оқи берсе екен», «дауысы қойылған екен», «актерлық шеберлігі де бар» деген ізгі тілектерге Баймырза ауылының қатысушысы Марат Алтынай бөленді.

Ендігі кезекте нәтижелер сөйлесін. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» номинациясы бойынша ІІІ-орынды (10 мың) Тоғызқұдық ауылынан Ақанқызы Фариза иеленді, ІІ-орын (15 мың тг.) Ақбел ауылынан Темірханова Дарина иеленді, І-орын (20 мың тг.) – Ботақара кентінен Шыныбек Ақжан иеленсе, бас жүлдені (25 мың тг.) Баймырзалық Марат Алтынай қанжығасына байлады.

«Абай сөзі – ақылдың көзі» номинациясы бойынша ІІІ-орынды (10 мың тг.) Байқадам ауылынан Адықанова Аяулым мен Қушоқы кентінен Казибан Ақмаржан бөлісті, ІІ-орынды (15 мың тг.)  Тоғызқұдық ауылының намысын қорғаған Сәлімгерей Қауария иеленді, І-орынды (20 мың) Ақбел ауылынан  келген Темірханова Дарина, бас жүлдені (25 мың тг.) – Баймырза ауылынан келген өнерлі қыз Марат Алтынай алды.

Барлық қатысушылар дипломдар мен алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Әділ қазы алқасы өз шешімін шығарғанға дейін  қатысушылар арасында сұрақ-жауап интеллектуалды ойыны ойналып, жауап берген қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ танымды шарада  қазақтың бас ақынының өмірдерегінен құралған қысқа метражды фильм көрсетілді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының  ұсынысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10-тамызды «Абай күні» деп белгіледі. Бұл расында көңіл қуантарлық жаңалық болды. Шын мәнісінде «Абай күні» жай ғана атаулы күн емес. «Абай күні» – руханият мерекесі. Дәл осы күні әрбір адам баласы Абайды қаншалықты тани алдым, қаншалықты зерттей алдым, қаншалықты жүрегінің түбіне терең бойлай алдым деп өз-өзіне сұрақ қойып, соған жауап беруі тиіс деп есептейміз. Анығында, «Абай күні» рухани жаңғырудың жарқын үлгісі.

    

А.Ерубаева

Д.Макишевтың суреті.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?