taza-kaz

«Бұқарекең жырлайды» республикалық фестивалі


11.08.2023

Бұқар жыраудың 355 жылдығы Арқада дүркіреп өтті. «Бұқарекең жырлайды» атты республикалық фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен жиырмадан астам жыршы-жыраулар келді.

Жыл мерекесі 3-тамызда Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде бастау алды деп газетіміздің алдыңғы санында жариялап едік.

Фестиваль қонақтары даңқты бабаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Рәсімде айтыскер ақын Дидар Қамиев арнау айтып, қадірменді қонақтар сөз сөйледі.

Қатысушылар Бұқар жыраудың кесенесіне жол тартып, баба рухына құран бағыштады. Алыс-жақыннан келген құрметті меймандарға ас берілді. Мәдениет үйінде өнер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, фойеде аудандық мұражай және аудандық архив ақпараттық-тарихи көрме ұйымдастырды.  

Республикалық жыршы-жыраулардың басын қосқан фестивальдің ұйымдастырушысы, есімі елге белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов:

- Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық құндылықты насихаттап, баба мұрасын дәріптеу. Арқадағы жыршы-жыраулар мектебін дамыту, - дейді.

Меймандар көшінің басында атақты жыршы-жырау Алмас Алматов бар. Қазақ ұлттық өнер  университетінің профессоры Бұқар баба мұрасының бүгінгі қоғамдағы өзектілігі жайында ой қозғады:

- Ай - ортақ, күн - ортақ, жер - ортақ. Елімнен шыққан ер ортақ. Бұқар жырау бүтін қазақтың, Алаштың бірлігінің  күретамыры. Шығармашылығында  елдік мәселе қозғалады.  Ұлт болып ұйысудың  маңызын өзінің жырларымен  жеткізген. Ол хан алдында да, қара алдында да тайсалмай сөйлеген. Бұқар жырау  біздің 1000 жылдық  мәдениетімізді  бойына сіңіріп, соны жырларына арқау еткен. Баба жырлары  өзектілігін әлі жоғалпады. Жиырма бірінші ғасырға жеткен мұралары ұлтқа бағыт-бағдар нұсқарына күмән жоқ, - дейді.

Ару Алматыдан Арқа жеріне ұлттық өнерімізді қобызға салып, өзгешелігімен көзге түскен, «Абадан» тобының жетекшісі Қазыбек Әдікей де келген екен:

- Арқа өз жеріміз болғаннан кейін еркелеп келіп-кетіп жүреміз әрине. Бірақ та бүгінгі сапарымыз ерекше. Бұқар бабамыздың жырларын орындау - ол бір үлкен жауапкершілік. Мен әншілікпен танылып жүрмін ғой. Бірақ осы Айтекеңнің «барлығы да домбырамен шығады ғой, қобызға да салатының бар, өзгеше сарынға салшы» деген өтінішін орындап келіп қалдық. Жыршылыққа толық бет бұрмасам да, мүмкіндік болса жібермеуге де тырысамын. Себебі, бұл нағыз ұлттық өнер. Осындай алты алашқа аты мәлім тұлғалармен бір сахнада өнер көрсетудің өзі мәртебе. Бүгінгі айтылған тілек, ниетіміз қабыл болсын, мұратымыз асыл болсын. Бабамыздан қалған ұлы мұраны жеткізетін ұрпағымыз аман болсын. Дәстүріміз өлмесін дегім келеді. Дәстүріміз ешқашан кенжелемесін. Қобызда ойнайтын адамдар елімізде санаулы ғана. Сондықтан жауапкершілік те өте үлкен. Енді бұдан әрі бізге де шәкірт тәрбиелеу керек.

Ал бүгінгі шараға келсек, халқы керемет екен. Ерекше ықыласпен қиқулап, шабыттандырып жібереді. Осы сарынды сағынып, шөлдеп келгені көрініп тұр, - дейді.

Фестивальге Маңғыстау облысынан талғамы жоғары тыңдарманға танылған жыршы Айгүл Қосанова келді. Сонымен қатар, баба тойына Жетісу, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан да халқына атағы жайылған жыршылар жетті. Фестивальге Әділбек Сарин, Амандық Көмекеев, Өсербай Сәрсенбайұлы, Ерболат Шалдыбеков, Айгүл Елшібаева, Ұлжан Байбосынова, Жәкен Омаров, Серік Жақсығұлов,  Фархат Оразовтар өнер көрсетті.

Аға буынның өкшесін басып, ұлы мұраны насихаттауды өзіне ту еткендердің ішінде Ұлдана Нұртуғанқызы да бар:

- Менің есімім Нұртуған Ұлдана Нұртуғанқызы. Мен Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Сол жерде қолыма домбыраны ұстатқан алғашқы ұстазым Сандуғаш Алашбайқызы еді. Дәл қазіргі сәтте Қазақ ұлттық өнер  университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың  шәкіртімін. Бұл фестивальдің мен үшін орны ерекше, себебі ұстазыммен бірге бір сахнада өнер көрсетуден артық нәрсе жоқ шығар. Терме, жыр ұғымы негізі киелі ғой, демек орындаушының да киесі бар.

Қарағанды өңіріне алғаш келуім. Әсерім тамаша. Халқы қонақжай. Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылған, ендігі кезекте конкурсқа қатысушы ретінде келсем бе деген ниетте жүрмін, - дейді термеші қыз.

Аудандық мәдениет үйінің киелі сахнасында осы күні Жәкен Омаровтың орындауында «Ата-ананың қадірі», көптің жұп болсын деген тілеуімен «Біздің елдің жігіттері», сондай-ақ Орал қаласынан келген Фархат Оразов «Батырың өтті Бөгенбай», Қазыбек Әдікей қобызға салып «Бұқар жырау толғауы» шығармасын орындады. Жыршы-жыраулардың көшін бастап келген Алмас Алматов өзінің төл толғауын орындап берді.  Қызылордадан келген Ұлжан Байбосынова Бұқар жыраудың толғауын Сырдың мақамына  салып айтты. Айтыскер ақын, жыршы Дидар Қамиев Арқаның мақамымен толғады. Өзге де қатысушылар атақты жыраулардың туындыларын жаңғыртты. Бағдарлама екі сағатқа созылды. Тыңдармандар қарасы қалың болды.

- «Бұқарекең жырлайды» фестивалі Қарағандыда дәстүрге айналды. Ол 2008 жылдан бері  өткізіліп келеді. Биыл 355 жылдығы республикалық ауқымда ұйымдастырылды. Баба мұрасын насихаттау жолында осындай шаралардың маңызы зор, - деп атап өтті өңір басшысы Абылай Сұлтанғали.

Фестиваль қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

А.Ерубаева

Д.Торжановтың суреттері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?