
Оқиғалар
Айдарлар
Мерейтойыңмен, газетім!
Реформа өміршең өзгерістер
Балалар жылы
Елбасы
Халық санағы
Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл
COVID
Жолдауға - қолдау
Аудандық әкімдікте
Қазақстандықтар табыс жолында
Патриоттық тәрбие
Мемлекеттік тіл – менің тілім
Мемлекеттік қызметтер
Құқықтық тәрбие
Ақпараттық топ жұмысы
Ардагерлерге - құрмет
Еңбек адамы
Деніңіз сау болсын
Тұрғындар назарына
Мектеп өмірінен
Ауыл хабарлары
АӨК және бизнес
Туган жер
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Biz birgemiz
Ресми
Кәсіпкерлікті дамыту
САЙЛАУ
Дін
Жемқорлықпен күрес
Референдум
Аудан жаңалықтары
Истории успеха
- Тағы
Өлгенді тірілту де – өнер үлесінде
11.08.2023
Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығы аясында Арқада «Бұқарекең жырлайды» атты дәстүрлі республикалық фестиваль өтті. Дүркіреп өткен фестивальге көрнекті жыршы-жыраулар қатысты.
Фестиваль ел ардақтысының мәңгілік мекеніне айналған Бұқар жырау өңірінен бастау алып, Қарағанды қаласында мәресіне жетті. Жырдан алқа тағар дүлдүлдер көші ең алдымен облыс орталығында өткен конференцияда журналистермен сұхбат құрып, баба шығармашылығы хақында ой алмасты. Арқа төрінде өткен дүлдүлдер кешіне облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Асхат Әли, мәслихат депутаты Амантай Акишев, баба ұрпағы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматшасы Мүгүлсім Шибаева қатысты.
Ал жыр десе ішкен асын жерге қояр көрермен жыршы-жырау дарабоздарын орталық саябақ алаңында тосты. Қазақ тарихында көркем ойы, кестелі тілі арқылы ойып орын алған кемеңгер ойшылдың құрметіне арналған фестивальдің болған күні себелеп жауған жаңбыр жиналған қауымның көңіл-күйіне еш өзгерісін тигізбеді. Керісінше, халық «Алланың нұры жауған күн» деп қуанып, мерекелік көңіл-күймен қонақтарды асыға күтті.
Бұқардай ұлысын ұлықтаған ұрпағымыз барда әулие бабамыздың мұрасы мәңгілік болмақ. Оған баба рухына арналып жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін дүбірлі кештерді тізгіндеп жүрген Бұқар жырау мұрасын насихаттаушы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловтың сөздері дәлел.
- «Бұқарекең жырлайды» фестивалі Қарағанды қаласында 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бес жыл бұрын Бұқар бабамыздың 350 жылдық мерейтойы аясында Ботақара кентінде халықаралық деңгейде өткен болатын. Биыл баба мұрасын насихаттау жолында республикалық деңгейде өтіп отыр, - дейді Бұқар жырау фестивалін ұйымдастырушы Айтбай Жұмағұлов.
Орталық саябақ сахнасында еліміздің әр өңірінен келген жыршы-жыраулар Бұқар жырау шығармаларын әр түрлі мақамға салып, орындау шеберлігін шарықтау шегіне жеткізді. Дүлдүлдер көшін бастап келген Алмас Алматов ағамыз өзінің төл толғауымен сахна төріне көтерілгенде жұрт ерекше қолпаштаумен болды. Қызылордалық аруымыз Ұлжан Байбосынованың баба толғауын Сыр елінің мақамына салып орындау шеберлігіне шабыттанған көрермен «беу-беу» десіп, зор қошемет көрсетті. Жас ұрпақтың бойына Бұқардай ұлының қасиетін дарытып жүрген дарабоз, шәкірттері талай додаларда топ жарып жүрген «Жыршы-жырау» сыныбының ұстазы, айтыскер ақын Дидар Қамиев ағамыздың орындауындағы толғауына тыңдарман аямай қол соқты.
Екі сағатқа созылған фестивальді тапжылмай отырып тыңдаған көрермен сахна төріне шыққан әр өнерпазға ерекше қошемет танытты. Әдемі кештің көрермені болған қарияларымыз осындай жыр дарабоздарымен өтетін шаралар жиі болса деген тілектерін айтып жатты.
Бұқардай ұлысын ұлықтаған торқалы шараның нүктесін қойған облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов:
- Бүгін керемет кеш өтті. Сіздердей өнерлі азаматтар барда баба мұрасы өлмейді. Сіздер елдің жоғын жоқтап, сөзін сөйлейтін бүгінгі күннің жырауысыздар, - деп ізгі тілегін арнап, қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
Ауданымызда фестивальдің қалай өткені туралы 6-беттен оқыныз.
Б.Жакешова