taza-kaz

«Библиотүн-2023»: көп оқыған - көп білер!


28.07.2023

Шілде айының 14-жұлдызында аудандық балалар кітапханасы, аудандық орталық үлгілі кітапханасы және ақпараттық-библиографиялық сектор бөлімі бірлесіп, жылдағы дәстүрмен «Библиотүн-2023» кешін өткізді.

Өткен жылдары кітапхана қызметкерлері оқырмандарға ұшақ стюардессалары, кейінгі жылдары пойыз жолсеріктері кейпіне еніп, түрлі шаралар ұйымдастырса, биылғы жылы оқырмандарды адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандар күтіп тұрді.

Кітапхана алаңына жиналған қауым алғашында «осыншама дәрігер мұнда не істеп жүр» деп үрейленгендері де рас, алайда бұл кітапхана қызметкерлері енген рөл еді. Алаңға жиналған оқырмандарды қос жүргізуші шығып қарсы алып, библиотүн кешінің тарихы мен мазмұнына тоқталды және өткелі отырған шараның тәртібімен таныстырды.

Одан әрі «Вакцина» ойыны ойналды. Ондағы мақсат - кітапхана ғимаратына жолдама беру еді. Вакцина формасындағы сұрақтар жазылған парақтарды таратып, жауап бергендерге  жолдама берілді. Ғимараттың ішінде оларды дәл аурухана дәлізіндегідей тіркеу бөлімі медбикелері күтіп тұрды. Тіркеу бөлімі келушілерге бөлімдер мен палаталарды таныстырып, қалаған бөлімдеріне жолдама алды. Осылайша олар «Оң қол», «Көп оқыған көп білер», «Әншілер» палаталарына, сондай-ақ «Хирургия», «Нейрохирургия», «Психология», «Кардиология» бөлімдеріне таралды. Әр бөлімде оларды қызықты да танымды ойындар мен тапсырмалар күтіп тұрды.

Аудандық балалар кітапханасы ұйымдастырған «Нейрохирургия» бөлімінде сәбилерге арнап (1-2 жас) ойыншықтардан құралған ойын алаңы ұйымдастырылды және осы жастағы балаларға арнап шығарылатын кітаптардан көрме қойылды(тістеуге келетін арнайы жұмсақ кітаптар). Сондай-ақ баласын қарап отырған ата-аналар мен әпке-ағаларына арнап  газет-журнал беттерінен логикалық тапсырмалар қойылды.

Келесі «Психология» бөлімінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арнап логикалық сұрақтарға жауап беру, мақал-мәтелдерді жалғастыру, жұмбақтарды шешу секілді танымдық ойындар өткізіліп, дұрыс жауап берген оқырмандарға «Ой-сана», «Махаббат», «Тәрбие» элексирлерінен құйылып, қосымша сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ  бүлдіршіндер караокемен ән шырқап, қуыршақ театры арқылы қойылым құрастырды.

Ал 7-12 жас аралығындағы оқырмандарымыз «Хирургия» бөліміне барып, кітапханашы апайларына тозығы жеткен кітаптарға ем жасап, қайта қалпына келтіруге қол ұшын созды және кітапты ұқыпты ұстау тақырыбында сөзжұмбақтар мен сөйлем құрастыру ойындарын ойнады.

Соңғы бөлім «Психология». Бұл бөлім 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналды. Бөлме лирикалық атмосферада безендіріліп, поэзия жанрындағы кітаптардан  көрме қойылды. Оқырмандар арасында поэзия оқудан баттл ұйымдастырылды. Оларға өлең оқуға қажетті сағат, гүл, сымды телефон, майшам, әскери киім-кешек секілді көрнекіліктер қойылып,  тіпті қолдануға да рұқсат етілді.

Өлең оқу барысында оқырмандар көрнекіліктерді пайдаланып, белгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Ғайша жеңгей» өлеңіне қойылым қойды. Сондай-ақ кітаптардан құрылған, ерекше жарық шамдар орнатылған букеанариуым бұрышы да ұйымдастырылды. Қызық көрген оқырмандар ішіне кіріп суретке түсіп жатты.

Аудандық орталық үлгілі кітапханасы ұйымдастырған «Оң қол» палатасы 2023 жылдың «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында таңдалған белгілі жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасы желісімен ұйымдастырылды, естеріңізге сала кетейік, бұл шығармада оң қолы өзіне бағынбайтын Алма есімді қыздың тағдырымен байланысты. Кітапхана қызметкерлері осы «Оң қол» шығармасы желісіне арналған библиошар ойынын ұйымдастырды. Яғни бөлме ішінде сұрағы бар шарларды жару арқылы сұрақтарға жауап берді. Осылайша А.Ардахан, А.Сыздықова, Н.Адамбаев сұраққа дұрыс жауап беріп, сыйлықтарға ие болды.  

«Көп оқыған көп білер» палатасы биылғы жылы мерейтой иегерлері атанған ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлеріне арналды. Аудандық кітапхана жыл басында библиокросс жариялаған болатын, қатысушы оқырмандарға библиокросс бойынша сұрақтар қойылып, бейнеролик көрсетілді. Бұл алаңда М.Ибраева М.Г.Рахимова, А.Айтамбаев, А.Жетібаева оза шауып, сыйлықтарға ие болды.

Соңғы бөлім «Әншілер» палатасы болды. Оқырмандар арасында «Әуенді тап», «Жанды дауыс иегері» атты ойындар ойнатылып, ерекше дауыс иелеріне де сыйлықтар үлестірілді.

Кеш соңында барлық келген оқырмандар мен қонақтарға би алаңы ұйымдастырылды.

Жалпы, «Кітапханадағы түн» акциясы – оқуға қолдау көрсету мақсатындағы жыл сайын өтетін ауқымды фестиваль. Аталмыш түнде кітапханалар, кітап дүкендері, әдеби мұражайлар және арт-кеңістіктері өз жұмыс күндерінің уақытын, форматын ұзартады – өз алаңдарында лекциялар, ашық оқулар, театрландырылған көріністер мен концерттерді, көрмелер, заманауи авторлармен кездесулерді ұйымдастырады.

Акцияның негізгі мақсаты - кітапхана, кітап және мұражай ісін дамыту; кәсіби ынтымақтастық  құрылымдарда  қоғаммен байланыс жасау; сонымен қатар оқуды насихаттау және бос уақытты мазмұнды өткізуде жаңашылдыққа іздену.

Ең алғашқы акция 2012 жылы кітапхана қауымдастығы мен мәдениет менеджерлері ассоциациясының бастамашылдығымен өткізілді. 2 жылдан кейін акцияны 2000 алаң қолдады. Акцияға әртүрлі ұйымдар қатыса алады. Ең алдымен бұл кітапханалар, мұражайлар, галерея, баспа орындары, әдеби қоғамдастықтар, клубтар, кітап дүкендері.

Негізгі шарты - барлық алаңдарда келушілерге белгілеген уақытта мәдени бағдарламаларды өткізу.

Осы кітапханалық мерекеде әр оқырман өз қалаған кітабын, ақпараттар, кеңестер алып, барлық қатысушылар кітапханалардың қалай жұмыс жасайтынын көре алады.

А.Ерубаева

 

Д.Торжановтың суреттерінде:Ботақара кентінде «Библиотүн« осылай өтті.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?