taza-kaz

Күшіміз бірлікте!



19.04.2024

Үміткер ауылының тұрғындары табиғи апат - су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысы, Құлсары, Ұлытау елдімекенінің халқына гуманитарлық көмек жіберуге өз үлестерін қосты.

Тілсіз жаудың құрсауында қалған отандастарымызға гуманитарлық көмек жіберу мақсатында Қарағанды қаласында бірнеше қабылдау пунктілері ашылды. Жанашыр еріктілеріміз, қарағандылық блогерлер, белсенді азаматтардың бастамасымен жалғасқан игі іс жайында естіген Үміткер ауылының азаматтары қысылтаяң шақта, отандастарымыздың басына ауыр күн туған уақытта қол қусырып отырып қалмай, қаржы жинауды бастап кетті. Бұл игі бастаманы Үміткер ауылының әкімі Ерсін Залелов пен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымы бір ауыздан қолдады. Тұрғындар арасынан да қолдаушылар қатары табылды. Ауыл әкімі бастаған белсенді азаматтар жиналған 600 мың теңгеден астам қаражатқа базардан ең қажетті деген азық-түлікті сатып алды. Сатып алынған азық-түлік қабылдау пунктісіндегі гуманитарлық көмекке арналған жүк көлігіне салынды.

Үміткерлік жігіттер гуманитарлық көмек тізіміне еңгізілген заттарды яғни, тез бұзылмайтын азық-түлік, гигиеналық құралдар сатып алған екен. Осы істің басында жүрген ауыл әкімі Ерсін Залелов:

- Еліміз басынан өткеріп жатқан осынау ауыр күндер әлі де артта қалады. Бұл қиындықты да бірлігімізбен, бауырмалдылығымызбен жеңіп шығамыз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып табиғи апаттан келген зардаптарды жұмыла жеңеміз. Жанашырлық танытып жатқан жерлестеріме алғыс айтқым келеді, - деді.

«Қайғысы басқаның қазаны басқа» деп жатпай, қолда барын берген Үміткер ауылының тұрғындарының бұл игі ісі көпке үлгі. Бірлігіміз болса алынбас қамалымыз болмас деген осы болар. Жанашыр болып жатқан жігіттеріміз жарады. Бірлігіміз бен берекеміз мәңгілік болсын!

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?